• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 25 Сәуір, 2019

Тарихи тамырластықтан – стратегиялық серіктестікке

1026 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесті. Екі ел басшылары күн тәртібіндегі екіжақты ынтымақтастық, халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде келіссөздер жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-ма­жар стратегиялық серіктестігінің өза­ра сенімге негізделгенін атап өтті. Сондай-ақ өзі Қазақ­стан Президенті ретінде қабылдап отыр­ған ал­ғашқы еуропалық басшы – Мажар­стан Премьер-министрі екенін айт­ты.

– Қазақстан мен Мажарстанды ор­тақ құндылықтар мен тарихи тамыр бірік­тіретінін білесіз. Мен Сыртқы істер ми­нистрі лауазымын атқарған кезден бастап екіжақты қатынастарымыздың қалыптасуына куә болдым. Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанның елшілігі ашылған тұңғыш ел болғаны үшін Мажарстанға ерекше ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның сырт­қы саясатында Тұңғыш Прези­дент – Елбасының стратегиялық бағдар­ын жалғастыра беретінін, еліміз­дің Мажарстанмен жан-жақты ынтымақ­тас­тықты нығайтуға ниетті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Ор­банды Мажарстанның Еуропалық одаққа мүшелігіне 15 жыл және Солтүстік Ат­лант Шарты ұйымына кіргеніне 20 жыл толуына орай құттықтады. Қазақстан Президенті Будапешттің халықаралық аренадағы беделінің артуы және мажар экономикасының тұрақты өсуі қазіргі үкімет саясатының тиімділігін көрсететінін айтты.

Бірлескен брифинг барысында екі тарап өзара іс-қимылдардың саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы басым бағыттарын айқындады. Қазақстан Президенті бұл кездесудің екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 5 жылдығы қарсаңында өткізілуінің мәніне тоқталды.

– Мажарстан Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанмен Стра­тегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойған тұңғыш ел. Бұл – өзара терең түсіністіктің, сондай-ақ екі тараптың да Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысының дәлелі. Біз Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы, сондай-ақ Еуропалық Одақ аясындағы негізгі әріптесіміз деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдері­мізді сая­си және экономикалық мүдделері­міз­бен қатар, ортақ тарихи тамыр бірік­ті­ретінін еске салды.

– Ұлы дала көшпенділерінің 100 мыңнан астам ұрпағын біріктіріп отырған «Мажар қыпшақтарының одағына» Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев құрметті көш­басшы болып тағайындалды. Бұл – Ел­басының екіжақты қарым-қатынас­тарды дамытуға қосқан үлесінің мойындалуын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті журналис­терге келіссөздер барысында саяси,  сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдардың негізгі басымдықтары белгіленгенін мәлімдеді. Стратегиялық кеңес пен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысына ерекше назар аударылды.

– 29-30 сәуірде Нұр-Сұлтан қала­сын­да өтетін Стратегиялық кеңестің 3-оты­рысының жұмысына қатысу үшін Ма­жарстан Премьер-министрінің орын­басары – Қаржы министрі Михай Варга бастаған бизнес өкілдерінің сапары жоспарланған. Бұл кездесу сауда-эконо­микалық және инвестициялық серік­тестігімізді одан әрі кеңейтуге септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мажарлық іскер топ өкілдерін Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге шақырды.

 – Біз инвестициялық жобаларды көбейтуге мүдделіміз. Бұл үшін бізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әлемдік деңгейде қызмет көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеуде. Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығына және ауқымды Қытай нарығына тікелей шығуға мүмкіндік бар. Қазақ-мажар тікелей инвестиция қорының жұмысы жемісті ынтымақтастықтың жарқын үлгісі саналады. Осы қордың қолдауымен Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласында болашағы зор жоба жүзеге асырылуда, – деді Қазақстан Президенті.

Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

− Қазақстанда осыдан 4,5 жыл бұрын болған едім. Сол уақыттан бері елдеріңіз қарқынды дамып, ілгерілей түскен. Қазір технологиялық өзгерістерді байқап отырмын және алдағы уақытта мұнан да қарқынды дамуға куә болатынымызға сенімім мол, – деді Мажарстан Үкіметінің басшысы. Оның айтуынша, Қазақстан мен Мажарстанның арасы географиялық тұрғыда тым шалғай жатыр. Дәл осы жайт экономикалық байланыстарды күшейтуде қиындық тудырып отыр. Дегенмен, оны да еңсерудің жолдары бар.

− Біз соңғы уақытта қазақ-мажар бірлескен кәсіпорындарын құру үшін барынша қарқынды жұмыс жүргіздік. Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық қаржы орталығының құрылуына жан-жақты қолдау көрсетіп, қазақ-мажар инвестициялық қорын құрдық. Бұл қазіргі уақытта өзінің алғаш­қы жемісін беріп те отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында өзіміздің ең алғашқы ірі инвестициялық жобамызды жүзеге асырдық. Екінші жобаны қолға алдық. Оның аясында сүт зауытын салатын боламыз, – деді Виктор Орбан.

Мажарстан Үкімет басшысы өз сөзінде келесі аптада мажарлық 100-ге жуық кәсіпкердің қатысуымен келіссөздер жүретінін, кездесу нәтижесінде инвес­ти­ция­лық жобалар қарқыны артатынына сенім білдірді. Сонымен қатар өзі­нің бұл жолғы сапары екі тарап үшін де тиім­ді бастамаларға негіз болғанын жет­кізді.

2018 жылдың қорытындысы бо­йынша екі ел арасындағы тауар ай­на­лымы 139,2 млн долларды құрады. Мажар еліне Қазақстан тарапы­нан минералды отын, химиялық тыңайтқыштар, көлік құрал-жабдықтары мен меха­низм­дері экспортталса, импортталатын тауарлардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдері, органикалық тыңайтқыштар, медициналық өнімдер, өнеркәсіптік және кеңселік құрылғылар бар. Екі ел арасындағы саяси-эконо­мика­лық байланыспен қатар, мәдени-гума­ни­тарлық қарым-қатынас та берік орнаған. Мажарстанның «Сечени» ұлттық кі­тап­ханасында Қазақ әдебиеті мен мәде­ниеті орталығы ашылса, Сегед ғылыми университетінде қазақ тілі оқытылады.

Тараптар сындарлы диалог пен өзара жемісті іс-қимылдар екі ел халық­тарының игілігі үшін ұзақ мерзімді не­гіз­де жалғаса беретініне сенім білдірді.