Жартылай финалда Қазақстанның үш бірдей өрені Үндістанның өкілдерімен күш сынасады. Иә, кезінде біз оларды «қалпақпен ұрып алатындай» дәрежеде едік. Тіптен, ең қарулы деген боксшылардың өзін көзге де ілмейтінбіз. Бірақ қазір бәрі өзгерген. Үнділер тек біздер ғана емес, жеңіспен өрілген мол дәстүрі бар өзге де елдер үшін де аса қауіпті қарсыласқа айналып отыр. Алысқа бармай-ақ, осы жарыста 57 кило салмақтағы үндістандық Кавиндер Сингх Бишттің әлем чемпионы деген дардай атағы бар қазақтың ұлы Қайрат Ерәлиевті сан соқтырып кеткенін айтсақ та жеткілікті. Ол аз десеңіз, Амит жайында әңгімелейік. Есімі көпшілікке беймәлім бұл боксшы Өзбекстанның мақтанышы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы әрі Вэл Баркер кубогының иегері, әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері, екі дүркін құрлық чемпионы Хасанбой Дусматовтың өзін жолынан ығыстырды. Осы деректерден-ақ, бүгінгі таңда Үндістан боксы қандай деңгейде екенін анық аңғаруға болады.
Сонымен, 49 кило салмақтағы Теміртас Жүсіпов Дипакпен қолғап түйістіреді. 60 кило салмақтағы Зәкір Сафиуллин Шива Тхапамен күш сынасады. Бірден айта кетейік, ол осал боксшы емес. Азия чемпионаттарында Тхапа бірнеше мәрте атой салған (2013 жылы – алтын, 2015 жылы – күміс, 2017 жылы – күміс). +91 кило салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев 2015 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері Сатиш Кұмармен айқасады.
64 кило салмақтағы Санатәлі Төлтаев тәжікстандық Баходир Усмоновпен кездессе, 75 кило салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет түрікменстандық Нұрсахат Паззыевпен шеберлік байқасады. 85 кило салмақтағы Бек Нұрмағанбеттің қарсыласы – қырғыз елінің өкілі Еркін Әділбекұлы. Ал 91 кило салмақтағы Василий Левит Оңтүстік Кореяның оғланы Ким Хьен Кюмен жұдырықтасады.
Бұл күндері Таиландтың астанасында Қазақстанның ерлер құрамасы тәуір өнер көрсетіп жатса, әйелдер командасының қарқыны көңіл көншітерлік емес. Ерекше сенім артқан былғары қолғап шеберлеріміздің біразы бастапқы бәсекелерде сүрінді. Қазір жарыс жолында бұрымдылардың төртеуі ғана қалды. Жартылай финалда олар мына боксшылармен кездеседі: 64 кило: Милана Сафронова – Дан Ду (Қытай), 69 кило: Дариға Шәкімова – Ниен Чин Чен (Қытай), 81кило: Фариза Шолтай – Пуджа Рани (Үндістан) және 91 кило: Ләззат Күнгейбаева – Сяоли Янг (Қытай).