• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 25 Сәуір, 2019

Сайлау барысы халықаралық назарда

1879 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 9 маусымына Қазақстан Республикасының Президентін сайлау бекітілді. Осыған орай қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясында өзіне тән тиісті жұмыстар жан-жақты жүргізіліп жатыр. Ал кез келген мұндай сайлауды бақылайтын халықаралық байқау институттары сайлау науқаны мөлдірлігі негізгінің бірі болып табылады. Соған сай бұл сайлауға тек біздің еліміз ғана емес, әлем назарын тігіп отыр. Ендеше осы сайлаудың қазіргі барысы туралы білу үшін біз Орталық сайлау комиссиясының мүшесі З. Баймолдинаға жолыққан едік.

- Зәуреш Хамитқызы, кез келген сайлаудың ашық та,  еркін, демократиялық әрі мөлдір өтуі оны бақылайтын шет елдік байқаушылардың сапасы мен санына байланысты екені белгілі. Әңгімемізді осы байқаушылардан бастасақ.

- Ия өзіңіз айтқандай, елімізде Қазақстан Республикасының Президентін сайлауы бекітілген соң, қазір оған көптеген шет мемлекеттері де айрықша назар аударып отыр. Осыған байланысты бірқатар шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың байқаушылары бұл сайлауға қатысуға ниет білдірді. Қазіргі кезеңде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Мәжитұлы Имашевтың атынан 25 шет мемлекеттердің орталық сайлау органдарына шақырту жіберілді. Мәселен, олардың ішінде Әзербайжан, Армения, Грузия, Үндістан, Корея, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Малазия бар. Сонымен қатар, Еуропа елдерінің ішінде Румыния, Болгария, Латвия, Литва, Молдова және біздің қарым-қатынасымыз өте жақын ел Түркия, оған қоса Филиппин, Индонезия және т.б. мемлекеттер бар. Қазіргі уақытта екі мемлекеттен хат келіп түсті. Оның бірі – Украина. Олардың Оталық сайлау комиссиясынан жіберілген өкілдері сайлауға қатысатын болады. Сол сияқты қатысуға мүмкіндіктері жоқ елдер де бірден хабардар етеді. Мәселен, Иордания елі қаражатқа байланысты қатыса алмайтынын білдірді. 

- Халықаралық ұйымдарға шақыртуларды кім жібереді?

- Ал енді халықаралық ұйымдарға келетін болсақ, оларға шақыртулар еліміздің Сыртқы істер министрлігінің атынан жіберіледі. Қазіргі уақытта осы Сыртқы істер министрлігі арқылы он ұйымға шақырту жіберілді. Оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы (ЕҚЫҰ/ДИҚБ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА), Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті (ТМД АК), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің парламентаралық ассамблеясы (ТМД ПА),  Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК) және Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы бар.

- Бұл дайындықтарға байланысты қазіргі күні нақты атқарылып жатқан істер бар ма?

- Әрине, атқарылып жатқан нақты істер көп. Соның ішінде атап айтар болсам, біз 16 сәуір күні Орталық сайлау комиссиясында ЕҚЫҰ/ДИҚБ бағалаған қажеттіліктер бойынша кездесу өткіздік. Соған байланысты олардың алдын ала есебін де алдық. Ол есепте біздің сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған, заңды қарастырылған дайындықтарымыз қалай, қандай деңгейде өтіп жатқаны туралы жазылған. Олардың байқауы бойынша, Орталық сайлау комиссиясының қызметі арқылы қазіргі күні қандай қажетті мәселелер көтеріліп, соған сай нендей маңызды сұрақтардың жауабы тиісті шешімін тауып, қандай заңдылықтар орнығып, өзге де заңды іс-әрекеттердің атқарылып жатқаны айтылған. Сөйтіп осы атқарылып жатқан жұмыстарды бағалап, бұл сайлауға ЕҚЫҰ/ДИҚБ миссиясы қатысуға тиіс деген шешімге келді. Оның үстіне олар алдағы мамыр айының басында 24 ұзақ мерзімді байқаушыларын жіберуге шешім қабылдады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенттігінің сайлауы өтетін күніне таяу 300 байқаушыны жіберуді де көздеп отыр. Ал енді салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2015 жылы 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасының Президенттігіне сайлауда ұзақ мерзімге келген 291 байқаушы қатысқан екен.

ТМД байқаушылар миссиясы бұл жолы 400 байқаушы жібереміз деп жоспарлап отыр. Ал бұрынғы сайлауда ТМД-дан келген байқаушылар саны 372 болып еді. Жалпы 2015 жылы Президент сайлауына барлығы 1024 байқаушы келген.  Әзірге басқа миссиялардан қанша байқаушы келетіндігі жөнінде олардың нақты жауаптарын күтіп отырмыз. Осы жағдайлардың бәрін талдай келгенде біз болжап отырғандай, бұл сайлауға бір мыңнан астам байқаушы келіп, қатысуы бек мүмкін. Сонда 2015 жылы өткен Президент сайлауына қатысқан бақылаушылар санына жетеді деп отырмыз. Бірақ мұндай нәтиже орасан жұмыстарды талап ететіні анық.

- Аккредиттеу мәселесі туралы айтып берсеңіз.

- Ия, сайлауға әр халықаралық ұйымдардан немесе шет мемлекеттерден келетін байқаушыларды аккредиттеп, тиісті құжаттарын дайындау керек. Бұл көп уақыт пен орасан жұмысты талап етеді. Соған қарамастан оның барлығы қазір дайын. Бірақ олар туралы тиісті ұсыныстар бізге келіп түскен кезде ғана ол ұсыныстар Орталық сайлау комиссиясының алқасында қаралып, қажетті қаулы қабылданады. ТМД атқару комитетінің штабы мамыр айының 16-18 күндері ашылады деп күтілуде. Өйткені Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының миссиясы сайлауға қатысарда, атқару комитетінің штабы алдын-ала ашылады. Олардың миссиясы үлкен, яғни 400 бақылаушы келетін болғандықтан, штаб алдын-ала қажетті дайындықтар жүргізеді. Және олар қай аймаққа баратындығын өздері таңдайды.

Шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу 3 маусым күні 18 сағат 00 минутта аяқталады. Заң бойынша сайлауға бес күн қалғанда аяқталуға тиіс. Бұл ұзақ мерзімді байқаушылар барлық заң талаптарының орындалуын қатаң қадағалап, байқап шығады. Кандидаттардың сайлау алды үгіттерін қалай өткізіп жатқандығын, сайлаушыларға қандай жағдай жасалғандығын, бір сөзбен айтқанда сайлау заңдылығының қалай орындалып жатқандығын қарайды. Бұл орайда БАҚ жұмысы да олардың қырағы көзінен тыс қалмайды. Сол сияқты билік қысымы немесе әкімшілік әлеует пайдаланылып жатқан жоқ па дегендей, барлық құқық бұзушылықтар байқауға алынады. Ал қысқа мерзімді байқаушылар міндетіне сайлау күнгі нақты сайлау барысы ғана кіреді. Олар сол сайлау күні сайлаудың қаншалықты ашық, әділ әрі заңды өтіп жатқанын бақылайды.

Сонымен қатар бұл сайлауға шет елдердің бұқаралық ақпарат құралдарының да өкілдері көптеп келеді дедік. Олар да аккредиттеуден өтеді. Бірақ оларды аккредиттеуден Сыртқы істер министрлігі өткізеді. Халықаралық бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің әрқайсысы аудармашы пайдалануға құқылы. Олар сайлау учаскесіне келгенде аудармашы ілесіп жүреді. Бұл олардың құқы. Қазіргі күні Сыртқы істер министрлігі шетелдердің көптеген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеуден өткізіп те үлгерді.

- Байқаушылардың бәрінің міндеті бірдей. Бірақ қысқа мерзімді байқаушыларға құқықтық артықшылық берілгені туралы жиі айтылады. Бұған не дейсіз?

- Қысқа мерзімді байқаушыларға бірқатар құқық берілген. Олар осы дауыс беру күнін байқай алады. Сайлау комиссияларынан қажетті ақпаратты ала алады. Және ең маңыздысы олар дауыс беру кезінде де және дауысты есептеу сәтіне де қатысуға құқылы. Бірақ олардың міндетіне қандай жағдайда да сайлауға кедергі келтірмеу кіреді. Сол сияқты сайлау комиссияларына ықпал жасауға құқы жоқ. Демек, сайлау комиссияларының қызметіне араласуға мүлде болмайды. Олар учаскелік сайлау комиссиясы төрағасы бекіткен ережеге бағынуы тиіс. Оған қоса сол елдің заң талаптарын сақтауы қажет. Егер мұны шет елдік бақылаушы бұзатын болса, онда Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алуға құкылы.

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Бұл туралы не айтар едіңіз?

- Ия 2018 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңашылдықтар жергілікті өкілетті органдардың депутаттарын сайлауға пропорционалды сайлау жүйесін енгізуге, сайлау процестерін цифрландыруға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа ережелер сайлау процесінің озық халықаралық-құқықтық практикасына сәйкес келетін прогрессивті сайлау жүйесін құруға, негізгі сайлау қағидаттарын, азаматтардың сайлауға және сайлануға деген конституциялық құқықтарын және олардың ерік білдіруге деген еркіндігін қамтамасыз ету жолымен барынша ашық және демократиялық сайлау процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Еркін демократиялық сайлау заманауи Қазақстанның қоғамдық өмірінің нормасы болып табылады, ал сайлау заңнамасы және елдің сайлау жүйесі демократиялық дамудың негіздеріне толықтай сәйкес келеді. Демек біздің алдағы 9 маусымға бекітілген Қазақстан Республикасының Президентін сайлау барлық заң талаптарына сай сайлаушылар мен кандидаттардың тең құқын сақтай отырып, жоғары деңгейде өтетіндігіне кепіл зор. Соған сәйкес өзінің жарқын келешегі мен жастардың бақытты болашағын ойлаған халқымыз бұл сайлауға бір кісідей жұмыла қатысып, сындарлы сәтте дұрыс таңдау жасайтынына кәміл сенеміз.

- Әңгімеңізге  рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»