• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 25 Сәуір, 2019

Сайлауға қатысу - бірлігіміздің белгісі

1541 рет
көрсетілді

Достық үйінде өткен этномәдени бірлестіктерінің форумында Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына түсетін кандидатты қолдау мәселесі талқыланды.

Алқалы бас қосуды жүргізген модератор, «Urpag» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева жиналғандардың назарын еліміздегі ең ықпалды саяси ұйымның таяуда өткен кезектен тыс ХІХ  сьезі қабылдаған өте маңызды саяси шешіміне аударып, өңірден қатысқан делегаттардың партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын бірауыздан қолдағанын жеткізді. Елбасы таңдап алған саяси және экономикалық бағдар сабақтастығының өзгермейтініне,  одан әрі жалғасатынына кепілдік берді. Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер ретінде тапсырылған мемлекеттік жоғары қызметтерді абыроймен атқарғанын атап көрсетті. «Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері  екенін жақсы білесіздер» деп азаматтық тұлғасына жоғары баға берді. Сонымен қатар сайлауды талапқа сай өткізу жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді. Солтүстікқазақстардықтар да ел тұтастығын айқындайтын, ауызбірлігімізді айғақтайтын сайлау учаскелеріне бір кісідей барып, ұйымшылдықпен қатысары анық, деді  Гүлбақша Нұрмұқанқызы.

  Облыстық халықтар ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Дуслык» татар-башқұрт қоғамының мүшесі Фанис  Литфуллин кезектен тыс сьезд шешімдеріне қатысты ой сабақтады. Тәуелсіздіктің елең-шағындағы өткел, асу бермес тәрізді көрінетін экономикалық қиындықтар әлі күнге дейін көз алдымызда, аға ұрпақ оны ешқашан ұмытпайды.  Осындай «тар жол, тайғаз кешу» кезеңінде ел тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты кемел тұлғаға, саясаткерге сеніп тапсырдық. Қазақстан халқы таңдаудан қателеспегеніне бүгінгі өмір шындығы дәлел. Отанымызды өркендету, өркениетті мемлекеттер қатарына қосу жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтатып,  егемендік алғаннан бері қасында жүрген, бірге қызмет еткен сыралғы командаласы, үлкен қайраткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруы бірден-бір әділ шешім дер едім. Оның қазақстандықтарды сара жолдан адастырмай, биіктерге бастай беретініне бек сенімдімін, деген ол Елбасы ұсынған үміткерді бірауыздан қолдауға үндеді.

   Жиында «Сомонион» тәжік этномәдеи ұйымының жетекшісі Анваршох Амиршаев, «Ащы белдеу» республикалық бірлестігінің жергілікті филиалының төрағасы Олег Кузнецов, «Радзіма» белорус мәдени ұйымының төрайымы, «Жаңғыру жолы» қозғалысының мүшесі Мария Татаренко сөз алып,  алдымызда үлкен саяси науқан тұрғанын, оған тыңғылықты әзірліктер жасау басты талап екенін, сайлауды ашық, әділ өткізудің барлық алғы шарттары қалыптасқанын жеткізді.

 Форумға қатысушылардың ой-пікірлері  ұлтаралық, конфессияаралық жарасымдылықтың негізі өзара түсіністік, сабақтастық деген арнада тоғысты.