Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қаладағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы ең алдымен, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық жабдықтары мен лабораториялық кабинеттерін аралап көрді. Аталған оқу орнында елімізден өзге Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Пәкістан мемлекеттерінің жастары да білім алады.
Білім ордасы жанынан студенттерге арналған «Jastar arena» спорттық кешені ашылды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин салтанатты шараға қатысып, жаңа ғимараттың лентасын қиды.
«Елімізде биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Бұл – мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Бүгінде Ақтөбе облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 210 мыңға жуық жас бар, бұл өңір халқының 24–тен астам пайызын құрайды. Жастар жылында облыс жастарына тиісті жағдай жасалып, жұмыспен қамту, сапалы білім, тұрғын үймен қамту жұмыстарының атқарылуы одан да жоғары қарқын алады деген сөз. Сіздер біліммен қатар, салауатты өмір салтын ұстанатын мықты азамат болып қалыптасу керексіздер. Сондықтан да, игіліктеріңізге берілген жаңа ғимарттың ашылуымен құттықтаймын», деді Оңдасын Оразалин