• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Сәуір, 2019

Қазақстандық фильм Мәскеу кинофестивестивалінде топ жарды

1083 рет
көрсетілді

Режиссёр Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» көркем фильмі 41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивестивалінде Гран-при жеңіп алды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Бұл - еліміздің беделі жоғары МХКФ конкурсының тарихында алған тұңғыш марапаты! Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен «Қазақфильм» студиясында түсірілген. Фильм сценариі Данияр Сүгіралиновтың «Кирпичи 2.0» шығармасының негізінде жазылған. «Үздік фильм» номинациясындағы «Алтын Әулие Георгийді» Шәріповке қазылар алқасының төрағасы, атақты режиссёр Ким Ки Дук тапсырды», деп жазды министр.

 Арыстанбек Мұхамедиұлы өз жазбасында Фархат Шәріповты құттықтады. Әлеуметтік драма қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін бастан кешіп жүрген банк қызметкері Қанаттың өмірбаянын баяндайды. Оның еш арманы да, өмірден күтері де жоқ. Алайда бір күні Қанат тұлғалық қалыптасу, көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне тап болады.

 «Фильмнің жарыққа шығуына ықпал еткен барша адамға алғыс айтамын. Алдымен отбасыма мың алғыс. Сол себепті бұл жеңісімді әкеме арнаймын. Ал фестиваль ұйымдастырушылары мен көрермендеріне көп рахмет», - деді МХКФ лауреаты Фархат Шәріпов өз ойымен бөлісті.

«Тренинг личностного роста» фильмінің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінде өткен. Өткен жылы фильм 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесі мен Нетпак жүлдесін иеленген болатын.

Халықаралық Мәскеу кинофестивалі - әлемдегі ең тарихи фестивальдердің бірі. Оның негізі 1935 жылы қаланып, сол жылы Сергей Эйзенштейн қазылар алқасын басқарған. Соңғы 20 жыл ішінде фестивальдің қазылар алқасын әлемнің ең белді киногерлері басқарды, олардың қатарында: Ричард Гир, Тео Ангелопулос, Алан Паркер, Глеб Панфилов, Жан-Жак Анно, Люк Бессон, Мохсен Махмальбаф бар. МХКФ-нің бағдарлама директоры - мәдениеттанушы Кирилл Разлогов, іріктеу комиссиясын ресейлік киносыншы Андрей Плахов басқарады. МХКФ президенті қызметін біраз жылдан бері ресейлік режиссер, актер, Ресей Федерациясының Халық әртісі Никита Михалков атқарып келеді. Биыл фестивальдің қазылар алқасына танымал оңтүстік Корея режиссері Ким Ки Дук төрағалық етті.