Есімі – табиғи болмысының кеңдігін, һәм поэзиядағы шетсіз-шексіз көкжиегін, ал, тегі – ана тіліне деген мырзалығын айқындап тұрғандай жалқы жаратылыс кім екен? Ол – Кеңшілік Мырзабеков! Бәлкім, Ұлы Жеңістен соңғы кеңшілік заманның бастауында туғасын солай ырымдап атаса керек. 1946 жылдың 6 шілдесі! Ақындық әлемнің айдынына торсық шеке бір ұлды құлағынан ұстап шығара салыпты… Пушкин де екі ғасыр бұрын дәл осы күні дүние есігін ашыпты.
Есімі – табиғи болмысының кеңдігін, һәм поэзиядағы шетсіз-шексіз көкжиегін, ал, тегі – ана тіліне деген мырзалығын айқындап тұрғандай жалқы жаратылыс кім екен? Ол – Кеңшілік Мырзабеков! Бәлкім, Ұлы Жеңістен соңғы кеңшілік заманның бастауында туғасын солай ырымдап атаса керек. 1946 жылдың 6 шілдесі! Ақындық әлемнің айдынына торсық шеке бір ұлды құлағынан ұстап шығара салыпты… Пушкин де екі ғасыр бұрын дәл осы күні дүние есігін ашыпты. Сөз маржанының қазақы құнарына келсек, Мағжан жасаған азды-көпті қырықтан асыңқы ғұмыр Кеңшіліктің де маңдайына телініпті-ау! Ұқсастықтардың да ұңғысында алабөтен ұпайлы, өзгеше өрілген тағдыр тылсымдары тұнып жататын секілді… Салыстыруға негіз болған соң да сыпырмалықтан сытылып, сындарлы сезімге құрық салынады. Әйтпесе, дәнсіз, дәйексіз нәрседен не сығымдап аларсыз?
…Өмірдегі, өнердегі кең тынысты Кеңшіліктікі басқа жол! Поэзиядағы қасқа жол! Оның дүлдүл жыр пырағы кеңдік сипатымен, кемелдік тұрпатымен айқасқаланып, тұяқтарын өзгеше тарпып, таңдай қақтыра бастағанда… «Табаным талай шоқ басып, Қып-қызыл отқа күйді ерін. Тарпаң ем, тағдыр ноқтасын, Салғызбай басқа сүйредім»,– деп ернін шүйіре, керіле түсіп, кенет кердеңдеу күйге түсе қалатын, кеудесін асқақ ұстап, ұрынбайтын жерде «ұрына» салатын Кеңшіліктің жырларын заманның жалына жармасып жүріп оқу керек сияқты.
…Ару Алматыға барған сайын, табаным жерге тиісімен, алдымен асқақ Алатауға дауыстап сәлем беріп алам да, ыңғайы келіп жатса бірден тартып кететін, зауырқайыр қол тимей қалса шаруаның ара-арасында ентігіп жетіп, елігіп те егіліп тұратын бір ыстық жерім бар. Ол – Абылай хан мен Абай даңғылының қиылысындағы (осы даңғылдың 43 А үйі) бұрын ақиық ақын Қайнекей Жармағанбетов тұрған үй еді. Осы үйдің тау беткейіндегі орта тұсында аспанға тік шаншылып, жуандығы өлшемге оңай келмейтін дәу де зәулім қарағаш паңданып тұрар еді. Ұзындығының төрт қабат үйге жетелес буыны тықырланып, одан арғы көкке шаншылған ұшар басы кәрі кейуананың тарамыс саусақтарындай тарбиып, жүлгеленген бұтақтары салаланып кететін. Көз алмайсың – қайран қаласың, тамсанасың. Біздер оқу аңсап, Алматыға келген 1965 жылы алғаш көрген бұл алып ағаш әлі күнге сол сынынан ажырамағандай. Бір жолы Кеңшіліктің өзі әкеліп көрсеткен. «Бұл үйде Қайнекейдей әйдік ақын тұрады!» – деп, масаттанған. Сол кісінің бай кітапханасынан Мағжан деген «халық жауының» өлеңдерін (кейін бір ұлының атын Мағжан қойған – Қ.Ә.) жасырып оқитынын сау кезінде сыбырлап, қызып алғанда айғайлап айтып, ішіне бүккен әлдене сырды тырналап сыртқа шығарғысы келетін. Сол, қаншама кісі құшақтаса да қаусыра орай алмайтындай қарағашқа иығын сүйеп түскен Кеңшіліктің суреті кейін кітаптарына еніп, былайғы баспасөз беттерінде де жарияланып тұрады. Қайнекей сал ауруына ұшырап, Торғайына мәңгілік тыныстаған соң: «Бұл қарағаштың иесі енді мен болып қалдым!» – деп құлазитын. Қайран Кеңшілік те дәм-тұзы таусылғанда Кеңсайға сыймай өзінің кең Торғайына оралды… Екеуі де Торғайда туып, Алматыда қорғасындай жыр қалыптап құйып, туған өлкесінде тыншып жатыр… Ақындар ауылда туып, астанада өледі деуші еді ғой. Соның сыңайына келетін шығар. Бірақ бұлар – қос дүлдүл өз ауылының жеңіл торқа топырағын жамылыпты-ау!.. Ақтаңгер ақындарды сағынышпен еске алып тұрып, олар талай сүйеніп шабытқа кенелген алып қарағашты бірнеше мәрте суретке басып алдым… Әне, Кеңшілік қарағашқа сүйеніп тұр… «Топырағы – негізі – Бағы, соры аралас. Табиғаттың егізі, Қайран Ақын – Қарағаш…» Соңғы шумағы? Иә, былай аяқталатын: «Құзар басын мұң шалып, Жырлайды да жылайды. Күн артына күн салып, Екеуі де құлайды!..».
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезеңі еді. Қостанайдың «Турист» мейманханасында, аядай бөлмеде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Байтұрсын Ілияс, Алматыдан келген ақын Кеңшілік Мырзабеков үшеуміз отырмыз. Кеңшілік терісіне симайды. Темекісін саусақтарымен шертіп, шиырып тартады. Қимылы өзгеріпті. Классик Ғабеңдей (Мүсірепов) баяу, сылбыр, еріншектеу. Паңданып сөйлейді. Торғай жақта оқып, етене біліскен екеуі бір-біріне еркін. Әзіл-қалжыңы жарасады. Жоқ жерден дауласа кетіп, қып-қызыл боп айтысады да лезде бір ауыз сөзбен табыса қояды. Мен сырттық адамша, қоңылтақсып отырмын. Қамысты ауданында оқып, туған елден жырақтау жүргенім сезіледі. Дегенмен, Алматыдағы табысқан ыстық күндердің табы сезім үйіріп, сағынышымызды қоюлата түседі. Біраздан соң Кеңшіліктің бастапқы кеудемдеу, қытымырлау қалпы сейіліп, баяғы кеңкілдек сарыбалаға айналып жүре берді. Түсінеміз оны. Ақындардың жас перісі! Уыздай 26 жасында «Іңкәр дүние» атты тұңғыш өлеңдер кітапшасы шығып, осыдан бірер ай бұрын бізге қатынаушыдан беріп жіберген еді. Пышақтың қырындай ғана. Қолға ілігуі қиын, үлбіреп тұр. Небәрі 32 бет. Алғашында қорашсынып қалғанбыз. Оқи келе бас алмай құнықтық. Кейбір шумақтары көкейге қонып, жатталып қалды. Енді, міне, сөз ауаны тікелей осы кітапшаға ауып, сөз тамыршысындай сайрай жөнелдік.
– «Байқоңыр» өлеңің шымыр екен! – деді көпірме сөзден ада, мақтауға сараң Байтұрсын. – Кеңшілік, мына жері тым тәуір түйінделген: «Жоқ… жоқ, далам, шыдағаның жөн болған, (Дала біздің шыдамды ғой таңданбан), Дала біздің мінезі ауыр болғанмен, Талай ғасыр ұшқысы кеп қомданған». Кульминациясын қарашы: «Ұя салған зымыран құсы заманның, Жаса дала! Қойдай жуас қоңыр қыр»,– дейсің. Қазақ даласының оянғанын, техникалық прогрессіз ел дамуының мүмкін еместігін айтқың келіпті.
Кеңшілік темекісін ұртын суалта сорып, үрлеп жіберген өз түтінінен өзі шашалып:
– Пафостық өлеңнің астарына үңілші, Баеке! Орыс бұғауындағы даланың бұлқына алмасын да күйректікке телігендеймін ғой! Амалсыз бұқпантайлағаным ғой. «Талай ғасыр ұшқысы кеп қомданған», – дегеніммен, «шіркін-ай, Байқоңыр айлағын өзіміз игерсек…» деген үміт-арман тұтана алмай, тұншығып тұр-ау! Өзгенің өңмеңдеуінен әлі талай опық жерміз, түге… – деді де пәлсапасын соғып кетті. Зымыран бәсекесінде әлем үстемдігіне ұмтылған даңғайыр мемлекеттер әлі талай көз сұғын салады бізге. Аспанымыз амалсыз түтеленеді. Уланғанымызды білмей қаламыз. Бұған далиған даламызға атом энергиясын өндірмекке таптырмас база ретінде қараушылар табылатынына имандай сене беріңіз… Қазақ даласы кең! Ал кеңдікті тарылтуға құмар – қызғанымпаздар табылмай қалмайды. Кеңдік қасиетің алдымен өз қызығыңа жұмсалсын…
Баекең де өз ойынан шыққан мына түсіндірмеге разы кейіппен жеңіл жөткірініп алып:
– Дұрыс айттың, ақыным. Сенің талантың үнемі кең пішілгені дұрыс. «Теңіз бен дала тағдырын ойлап тұрдым мен, Қапшағай ГЭС-тен тараған қуат сәулеше», – деп «Қапшағай әсері» өлеңіңде тапқыр жырладың. Даланы судан қуратпай, теңізін қоңсы еткеніңнен ертеңгі гүлденген өмірдің болмысы аңғарылады. Ойлантпаса, несі өлең,– деді де Кеңшілік інісіне тоймастай боп сүйсіне қарады.
Кеңшілік бусана түсіп, желпініп қалды. Қайтадан танаурап, жүйрік аттай тарпынып, маңайына мұрнын шүйіріп, астамшыл күйге түсті. Мұнысын ерсі көрген Байтұрсын осыған мақтау өтіп кетпесін дегендей, ширатып, кейде атойлап кететін әулекілеу мінезінен сақтандырып қою мақсатымен кітапшаны парақтап, бір жеріне тесілді де оқи бастады: «Айналдық күлкілерден, Бақыт пен бал төгілген. Айналдық күлкілерден, Атқандай таң төріңнен». Осы шумақтың жеңіл ұйқастарына тұшынбайтынын, мазмұны да қарадүрсіндеу екендігін айта бастап еді, Кеңшілік шоқ басқандай ыршып түсті де:
– Баекесі, тоқтаңыз! Сәби күлкісінің құдіретін бергім келген!– деп орнынан тұрып кетті. – Маған сын айту үшін мықты ақын боп туу керек! Мұқағалилардың өзі екпінімнен ығыса бастағанда!..
– Ей, Кеңшілік! Сынды тыңдай білуге үйрен! Бірі жағып, бірі жақпаса да ұшқарылықпен дыз ете қалмашы! Сабаңа түсіп, саралай біл! Сабырлылықты жарты бағыңдай есепте, әйтпесе… – Байекең інісінің әдейі мысын баса тұқыртты. Жаны ашығаннан жалпақшешейлікті ысырып қойды. Сылап-сипай салуға болар еді. Ауыздығымен алысқан талант тұлпарына қажетті жерінде тартына білуді меңзегені ғой.
Ретсіз тарпынғанның тамыры тереңге кетпейтінін түсінетін Кеңшілікке ағасының бұл талаптары таңсық емес еді. Өзгелердің де талай құқайын байқап жүрген. Көбіне ретсізі басымдау келеді. Ал мына ескертпені лезде ой сүзгісінен өткізіп жібергенде, расында да шумақтарының шалағайлау шеті түріліп қалғандай болды. Соны түсінген ол аңқылдақтығына басып:
– Кешір, аға! Түсіндім, аға! – деді де інілік ізетпен кішірейе түсіп, ағасын құшақтап алды.
– Ал мына өлеңің ғажап құбылыс! – деп ағасы жаттап алғанын төкпелетіп жіберді: «Бар ма екен сенің есіңде, Балқаймақ күндер шайқаусыз. Бұлтиып бір зат төсіңде, Булығып өсті байқаусыз». Алысқа шабасың, бауырым! Мәстекше тыпырлама, сәйгүлікше құйғыт!
Кеңшілік әлдене ойға шым батып кетіпті… Не ойлады? Ал мына Баекесі дәл осы отырыстан 17 жылдан соң, қимас інісі өмірден өте салысымен «Лениншіл жасқа» «Кеңшілік жатыр» деп егіле қайғырып: «Уа, Кеңшілік, текті тентегім, Торғай жаққа барып қайтайықшы деуші едің. Асығушы едің көргенше ел шегін…» – деп көз жасын көлдей ғып, тыя алмаған-тын.
Ұлы Жеңістен соң туған Кеңшілік соғыс құбыжығын көрмесе де жүрегін сол сойқанның тырнағына осқылатып қойып, өкпесі қанталап, қабынып жүргені… Ес біле соғыстан қайтқан солдаттардың арасында өсті. Зіңгіттей азаматтар екен, мүгедек боп оралғандары қанша ма? От пен оққа түсіп, шыңдалған жүрек жұтқандар шетінен. Еңселерін түсірмейді. Қыбырлап, тырбанып еңбекке араласады. Бейбіт өмірді көргендеріне шүкіршілік етеді. Отан үшін шәйіт болғандардың ерлігін айтқанда, тұла бойы қалш-қалш етіп, қара терге малшынады. Сәби көңіл безбені ел басына түскен осынау тақсіреттің тауқыметін тарамдап тауыса алмайды. Періш боп қатқан түйткілден жүрегі шоршып, шошынғаны қаншама жылдар өткен соң өлеңнің шеріне байланды. Күштеп емес, күңіренте құйылды. Естігені – егілтті. Елемейін десе де еркінен тысқары еліктірді. Жүрекке әмір жоқ екен. Өлеңді де бұйрықпен бұйыртады-мыс. Ұйқас па? Оған бас қатырғысы жоқ. Осылайша «Бір шаңырақ туралы балладаның» түйіні былайша құйыла салды: «Біз мынау, Ұлы Жеңістің Жөргегінде өскен балғындар. Қау етіп қаптап жер үстін, Өртеңге өскен шалғындар, Бас иеміз саған, соғыстың Тауқыметін тартқан тағдырлар!». Дене түршігеді, жүрек лоқсиды. Бәрін Кеңшілік көрген. Міне, ол қабір басында құлазып тұр. «Шығырын салған шалменен, Диірменін тартқан кемпірдің. Қабіріне келіп таңменен, Топырақ салып мен тұрмын». Топырақ қай кезде салынады?! Ол рәсімді ақын білмейді емес, біледі. Қайтыс болған адамның қырқына немесе жылына келіп топырақ салынбайды. Өлшеулі ғұмырдың соңғы мезеттік, жалған өмірдің жылыстаған қас-қағым сәтіндегі тірілердің ақырғы парызы – бір уыс топырақ салу! Бұл жерде дәстүрден сәл ауытқуға шұқшию еске де келмейтіндей (бірақ дара ақын түйсігінде ештеңе бұрмаланбауы тиіс-ау – Қ.Ә.) ғой. Сезім сергелдеңі қыр басына еріксіз жетелеп, томпиған моланың жанына жеткізген екен. Салтпен санасар санада сабыр сарқылыпты, түге… Ақын бір шаңырақтың тып-типыл болғанына налиды. Бір ауылдың бір дәнегі желге ұшты, тұқымсыз қалды. Жалғызын соғыс жалмап тынған сорлылардың бір шаңырағы күйреп түсіп еді. «Қайғының дерті қатты ұрған, Шайқалған бұл бір шаңырақ. Қазаны қаспақ, қақ тұрған, Қалды ғой, қалды-ау қаңырап».
– Сенің осы өлеңің (баллада екені оған бәрібір) кез келген қазақ ауылының соғыс өшіріп, иесіз қалған ошақтарына орнатылған ескерткіштей боп елестейді көзіме, – деп еді бір егде кісі Жеңіс мейрамында, қауға сақалына жылыстап сіңген мөлдір тамшыны сілкіп тастап. – Балам-ау, соғысты көргеннен бетер суреттейсің, былайғы өлеңдеріңде де. Майдан даласының өлігі, оқ-дәрі күйігі көңірсиді… Сөздеріңнің киесі бары аңғарылады. Абай бол, ақыным, аузыңдағы ардағыңа!
Бұл кісі қостанайлық майдангер әрі тыңгер еді. Атағы жер жарады. Еңбек Ері – Аманкелді Исақов өзінің «қос майданда» (бірінде – КСРО үшін қан төксе, екіншісінде – кіндігі байланған жусанды даласының жотасын әмірмен жыртқылап шер төккен – Қ.Ә.) көрсеткен қимыл-әрекетін барша тыңгерлердің бойынан тамыршыдай дөп басып танып, Кеңшілік өлеңдеріне және сүйсініп жүретін. Сол себеті де іңкәрлігін кездескен жерде бүгіп қалмайтын. «Қарағым-ау, сенің «Боз биеңді» оқыған сайын қылмыс жасап қойғандай, қара беттенемін. Сезесің бе, жаным, өзіңе ғана жалынып айтам. Тіс жара көрме! Келесі өлеңіңе кірістірсең, өзің біл,– деп бір жолы жан күйзелісін жасырмаған. – Сондағы: «Есті мал қырға егіске барып түскен жоқ, Қыр жақты кетті көкпеңбек барқын түс меңдеп. Көз қырын қырға қадаған сайын биеде, Көдеге талғақ келе жатты бір күш меңдеп…» дегенің, біздердің, тыңгерлердің, туған ел алдында әдейі жасаған күнәсіндей боп, қабырғамызды аяздай қариды!»
Оқырманын қинаған өлең Кеңшілікті қайтіп оңдырсын! Жаны үнемі табада шыжғырылып жүретін… Соғыс, тың тақырыбы дейсің бе, әр шығармасында – баллада, поэма, т.б. жанрларда шегеленіп қалған бір ақиқат бар. Ол – Шынайылық! Шындық! «Шындық – сұмдық қаталсың да қаттысың, Шындық – сұмдық ащысың да тәттісің», – деп әділдік тінін суыртпақтап тарқатты ақын. Енді бір ширығысты сәтінде: «Шындық іздеу, шындық табу – мәңгі арман, Адамзатқа мәңгі мұрат сол болған»,– дейді де ұлы аңсауды ұлықтай түсіп, одан әрмен былайша шебер түйін жасайды: «Шындық күшін шама-күш жоқ өлшеуге, Оны жүрек соғуымен мөлшерле! Шындық – сәуле көре алмауың да мүмкін, Шындық үшін құрбан болып өлсең де!».
Иә ол қысқа ғұмырында шындық іздеп өткен ақын. Тапты ма? Таппады ма? Уақыт төреші. Бүгінгі заманның тамыр бүлкілінде де бір ғажабы, ақын шындығының табы жатқандай. Мәселенки, жоғарыдағыдай соғыс, тың ардагерлері, жас өркеннің кейбір сөз қадірін түсінетін отансүйгіш бүгінгі оғландары Кеңшілік жырларын неге өксіп, өкініп оқиды екен?! Бір гәп бары анық-ау!
Күнді – күнге, түнді – түнге ұратын Кеңшілікте тыным болсашы. Жанын шарпи аласұрғызып, осындай аракідік ұйытқи тиетін соқпалы да сұрапыл дауыл сөлін сығып, тамырын қаңсытып тастағандай дел-сал күй кештіретін. Өзіне ғана аян… Сәл-пәл шыдаса, әбден жүрек өтінде, қалам ұшында күйгелектенген көңіл біртіндеп сабасына түсер. Не істеп қойғанын аңғармаған аңғал батырдай есін шындап жиып, маңайына алақ-жұлақ етіп, арсың-күрсің күпініп, тау қопарғандай қопаңдап кетті. Иә, дәтке – қуат! Оңды бір өлең туған-ау, нәті! Кеңшілік шаранасы әлі кеуіп үлгермеген сәбиін қолына алғандай алабұртып, балбырап барады…
«Қашан тумай жатыр менен оңды өлең! Туып жатыр, туа береді. Арнау өлеңдерін көбейтті деп міңгірлейді кейбіреулер. Ауызға қақпақ болмадым. Көки берсін. Арнауға тұрар адам болса, неге жазбаймын, ә? Айтшы, көнталақ, менің геройларымның кендесі, кемі бар ма? Сәтбаев пен Мүсіреповке, Есенберлин мен Хакімжановаға, Тілендиев пен Қайырбековке, Мақатаев пен сыншы Әшімбаевқа, т.б. жыр арнадым. Ішінде кесек-кесек балладаларым да бар. Оларсыз ұлтты көзге елестетуге бола ма? Керісінше де сондай мазмұнға ие. Кімге арнағанымды өлеңімнен біле қояды. Құлақ түр, қане. «Ғажаптан-ғажап сыйлайтын селеуін қырдың, Ғажаптан-ғажап келетін себебін білгім. Кейитін кейде «кебіннің керегі жоқ» деп, «Ақ селеуімді оранып өлемін бір күн». Бұл кім? Ақ шашты әзіз Ілияс Есенберлин! Тарихын өзі оятқан даласында ақ селеуге оранып қылжия қалғысы бар. Ал мына шумақтан Қаныш бейнесі белең алса керек: «Бұл балға барлаушымен арып-ашып, Қарсақпай, Қаражалға жолы ұласып. Жезқазған, Жезді, Саяқ тастарының, Тап басып үлгерген кез бағын ашып». Келесісін зерделеші. «Меніңше, бұл адам, «Дың» еткен дыбыстан жаралған, «Дың» еткен дыбыстан – Туатын «үп» еткен самалдан. Тырс еткен тамшыдан – Тырс еткен жасыңнан жанардан. Сарт та сұрт найзағай жасылдан». Мұны – Тілендиев демей көрші, сен. Оған былай деп, ескерткішті мен ғана соғармын, бәлкім: «Ақынды құс демесе жала сөз ғой, Қорығы – Қарасаздар… Қарасаз ғой. Өлеңмен бірге туған біздің қазақ, Өлеңді түсінбейтін баласы аз ғой». Мұқағали! Дөп баспау мүмкін емес! Жә, енді бір арнауымнан үзінді, сосын жетеді: «Қазақта төкпе ақынның бірі – Ғафу, Түйіліп жыр жазарда түрі қату. Секілді сөзмергеннің – қолмергені, Білмейтін бұқпантайлап, бұғып ату». Осылар – жадағай мақтау ма? Қолтығына кіру ме? Жалпақшешейлік пе? Жырдың құнын түсіру ме? Даралар, даналар образы арқылы Ел бейнесін жасадым емес пе? Ел мен Ерлердің сом тұлғасын құйдым ғой! Тілім кесілгенше, кесек те көркем бітім жасаудан жаңылмаспын, сірә. Тіл демекші, менің кестелі тіліме Мұқағалилар тәнтілігін жасырмаған. Сырбай, Ғафу ағаларым «сары тайлағым» деп еркелететін. Мықтылар ғана мықтының жалынан сипалай алады. Өйту – күшеншектерге күнә іспетті. Ал мен кейбір мимырт жүрісті мәстек ақындарды тарпып тастап, маңайыма жуытпаймын. Өйткені, мен дарынды, таланатты жаратылыспын. Күлмеңдер, күндемеңдер! Бәріңнің іштерің сезіп отыр емес пе? Шындықты ашық мойындау керек! Құдіретті ақын Кеңшілік Мырзабеков құдай берген ойға кең, құйыла салатын сөзге мырза! Айтшы, қане, осыным өтірік деп! Ауызыңды қисайтып жіберейін!.. Ескертемін, «Ақын» деген қасиетті атауды былғай көрмейікші! Киесі ұрады, әйтпесе! «Неге дөңбекшіп, тулап шығамыз, Соның себебін айтсақ мына біз. Ақ пен Қараның, Шаттық, Қайғының – Тамырында бүлкілдеп, соғып тұрамыз!»– дегенмін мен ақын туралы. Ақындар, ойланыңдар!..».
…Кеңшіліктің біз түзген бұл монологынан түңілмеу керек, терең үңілу керек сияқты, асқақ та ақиқатшыл ойларының астарына!
Лениннің 100 жылдығын әспеттеген мәре-сәре әдеби кеш өтіп жатыр. Ағыл-тегіл марапат жырлар тау суынша сарқырайды. Мінбер босар емес.
– Мен! Мен! – деп Кеңшілік кеуделеп алға озды да, босай берген мінберге атқырынып шықты. Манадан делебесі қызып, танаурап отырған. «Мыналардыкі не? Түкке тұрғысыз жасық өлеңдер. Ленин мәңгі жасай ма? Ол да «Өлдің Мамай қор болдыңның» кебін кимей қайда барады. Айтқанына, жазғанына қарап, бажайлауға болмай ма, түге. Дана? Данышпан? Күн көсем? Ендеше неге Қазақстан бейшара күй кешіп отыр, ә?! Алаш салған ұлттық ұраның қайда?! Әукесін қамыт қиған өгізден не артықтығың бар, әумесер Қазағым!» – деп Кеңшілік ойға кеміріліп, әрең шыдап отырған еді. Е, міне, сәті түсті-ау!..
Төралқада отырған Ғафу ақын «Қап, мынаның осқырынған түрі жаман, бүлдірмес пе екен?» деп, ернін тістелеп қойды.
Мінбердің қос жақтауын жұлып алардай, құшағын кере мытып ұстаған Кеңшілік, ырғалып, ыңыранып, гуілдеп сәл тұрды да гүрілдете жөнелді. Дауыл тұрып кеткендей шошынды залдағы тыңдармандар. Ақын арындап, арқырап тұр: «Нан турап жеп ап, ақырған ащы айранға, «Шаршадым» деді сабанға құлап Қайролла. «Нан бар ғой, тоба, нан бар ғой мынау» деп жатып, Қашпай қалған қашар жайлы ойлауда»… Ішкі астары, ым-жымы жыпқыл-жыпқыл-ау! Тәубашылдық! Тұйыққа тіреле бастаған өскелең өмір өксігі. Көсемшілеген алдамшыл көңіл?! Меңзеліп-ақ тұр бәрі-бәрі: ұлттық ұйпаланған ұстының да, ащы запыранды құсығың да, адымыңды аштырмаған шынжырлы тұсауың да, жетесіз жетілмейтіндіктен көкірек аздырған құсаң да… құдай-ау, өлермен күйдегі өгіздей кейпіңді көзіңе күйдіргідей қарытады. Алдың тұман! Жүз жылдық мерейтой ғасыр кәдесіне жарай алар ма, тәубашыл қазағым-ау? Бір күнгі нанына тобашыл тобырым-ай! Кеңшілікше қатты кетпегенде қайтпекпіз, енді… «Өк, өк!..» десе өгіз де өрге тырбанар… Тәуелсіздікке Кеңшілік сияқты болжампаз ақын керек! Жылауық емес, жасампаз!
Әбділда ақын абдыраңқы, бірақ құлақ құрышы қанғандай, аса сақ отыр. Ғафу күмбір-күмбір кісінеген тұлпарша, ауыздығын қарш-қарш шайнағандай боп, күреңітіп кеткен. Өтежан өлеңнен өртеніп, өзін-өзі сөндіре алмай әлек. Кешті жүргізіп отырған Сұлтанғали Садырбаев: «Әй-әй, тентек сары»,– деп кекештене күмілжиді. Бәрінің жүзі сұстылау көрінгенімен, іштері жылынып, әлдене үміттен қылп-қылп етеді…
Кеңшілік өлеңдерінің кемелдікке бет бұрған кезеңін болжаммен ғана айта аламыз. Мүмкін, оның сапалық сырларын балауса жырларынан-ақ санамалауға болар. Талант тәңірі сыйы десек, бастапқы қадам мен бастыққан тұсындағы інжу-маржан үзіктерінен өршелене өсу үдерісін аңғарамыз. Қай өлеңін алмаңыз, заман, қоғам, адам астарларының тіні ажырамастай түзілген. Демек, уақытпен қанаттасқан ұлт ақыны елдік мұраттарды еншілей білуімен дараланады. Тіпті, кітаптарының атауларынан-ақ тақырып кеңдігі, кемелдік көкжиегі айқындалған. Айталық: «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Көктем көкжиегі», «Сәруар», «Революция перзенттері», «Замандас сыры», «Ауыл мен астана», «Қасиетті қас-қағым», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір – дастан», т.б. кітаптарының осындай атаулы ұстын-ұлағаттарының ұлттық мінезбен, халықтық аңсар-үмітпен өрнектелуі кездейсоқтық емес қой. Кемел ойының пернелері әуелгіде түрілмей, таңсығын ішіне бүгіп, бүр жарған өрік ағашының алқызыл гүліндей түр-түсімен де, жұпар иісімен де есті алып, ынтықтыра тартады. Миға салмақ түсіру керек: әуездік пен әуендік үндестігін тап басу; шындық пен ақиқатқа жүгіну; уақыт билігін бағамдау; ұлттық тілдің сиқырына тояттану; бояу қанықтығымен бедерленген тілдің тереңіне үңілу; образды ойлау жүйесінің көркемдікпен әдіптелгенін саралау; лирикалы сергектіктен серпінденген эпиктік даралығына ұмсыну; бәрін айт та бірін айт, ақындық құбылыстың өзіндік мінезбен суарылған тектілігін мойындау, т.б. талант қырларын түсіне де түйсіне білу шарт. Сонда ғана ақынның кеңдігі мен кемелдігінің көкжиегі сағымнан гөрі, сағындырған сабатты көгалдай ынтықтыра тартары анық.
Иә, тағы не айтпақпыз? Поэзиясын былай қойғанда, прозасының өзі мық шегедей бекем, көркем дүниедей ғұмырлы, кейіпкерлері кесек-кесек бітімді боп келетіні, тағы рас. Мейлі ол суреттеме ме, көсемсөз бе, очерк пе, қара мақала ма, бәрібір тұшына түсесіз. Құдіреті не? Ойлау, толғау, айту, жазу секілді табиғат берген тылсымдықтың таланға бұйыртқаны да.
Оның осындай ерекшеліктерін шөкімдей ғып біз айтқанша, кәнігі сыншылар неге кесек турап, көсілмейді десеңші. Дүркіреп шығып, дүрілдеп көрініп, найзағайдай тілгіленіп, жасындай ғұмырында жалт қаратқан дүрия-дәурені ағып түскен… Содан бергі ширек ғасыр ішінде Кеңшілік бірде еленіп, бірде көмескі тартып, кітаптары қайталанып шыға қалғанда ғана шоқтай қызарып, жарқырай жана түсіп, әттеген-ай, бәрібір әдебиеттану ғылымының нысанына берік айнала алмай, күйзеліске ұшырағандай еді.
Көзі тірісінде он бір өлең кітабы оқырман қолына тиді. Өзі кеткен соң үш таңдамалысы жарық көрді. Жуырда төртіншісі шықты. Бұған бір аударма кітабын қосыңыз. Былайша айтқанда, есімі еленіп, шығармашылығы жаңғырығып жатқандай. Ал сыншылар неге самарқау?! Түйінді ойлар қайда? Төбені қимаса да төрге лайық емес пе, Кеңшілік! Лайықты баға – енді Кеңшілік үшін емес, қазақ әдебиеті үшін әбден керек! Барымызды, жоғымызды түгендеп алу үшін қажет. Бағдарымызды айқындауға немқұрайды қарамағанымыз абзал-ау! Сонда бүгінгі поэзияның бағасы да байқалар еді.
Ендігі қайырылмағымыз не? Ұлы Аманкелдінің әкесі туралы терең мәнді жазбаларын жұртшылық сүзіп оқып жүр. Жарияланбаған өлеңдерін жары Зинура аялап, мәпелеп кітаптарына ендіруден жалықпайды. Серік пен Серікбай, Жұмат Әнесұлы ауық-ауық еске алуларын жазып қояды. Тағы біршама дос-замандастары да Кеңшілікті «тірілтіп» алып жатады. Бұған да шүкір! Анасы Мәркүл ұлын еске алу мерейтойларына қатысып, жаулығының ұшын тістелеп, көзінің жасын сарқып отырғаны бар…
…Кеңсайға сыймаған Кеңшілік далиған даладағы Торғайында мәңгі тыныстап жатыр. Ей, жолаушы! Қарт Торғайға Арқалық жақтан кіре бергеніңде сол қапталыңда көрінетін өлілер мекеніне көз салшы! Мүмкін болса көлігіңнен түсіп дұға қылшы! Сол зиратты Кеңшілік мекендеп жатыр. Қабірінің маңдайшасындағы өз шумақтарының бір үзігі мынадай:
Туған жер, саған қаталап,
Кім қалай сүйсе, өз еркі.
Мендегі сендік махаббат –
Жанардың нұры – көз өрті,
Жүректің нұры – сөз өрті!
…Осы шумақ әр пенденің көкейіндегі сөзіндей ғой! Алып-қосарымыз жоқ, ақын дос! Кең екенсің, кемелдігің көрінеді! Әнге мәтін жазбаған сабазым-ай! Әйтпесе, бұл жүрек сөзі әуенге сұранып тұр ғой, құйқылжыр еді әуелеп!
…«Еркіндігіңде жақсы өмір,
Тағат та керек, тоқтам да!
Ырзамын тағдыр бәріне,
Жүрек пен махаббат барда!» – Кеңшілік үні көңілдерде күмбірлей береді!..
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.