Бүгінде Ассамблея этномәдени бірлестіктер, Ғылыми-сарапшылық кеңес, ҚХА кафедралары, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, Ассамблеяның журналистер мен сарапшылар клубы, Медиаторлар кеңестері, кәсіпкерлер қауымдастығы, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және көптеген қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің басын біріктіруші алып құрылымға айналды. Іс жүзінде әлемде баламасы жоқ қоғамдық институтқа қазір өзге елдердің тәнті болып отырғаны рас.
Осы арада Ассамблеяның қызметі мен міндетіне көз жүгірткен адам құрылымның астары тереңде жатқандығын сезеді. Мәселен, бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен қазақ елінде этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасаудың, ел бірлігін нығайтудың маңыздылығын айтқызбай-ақ түсінері хақ.
Оған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсете отырып, этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз ету, этно- мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын басшылыққа алып келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бір шаңырақ астында топтасқан 130-дан аса ұлт пен ұлыстың өкілдерін тек татулық пен бірлікке ұйытып, ертеңге сенім мен тұрақтылықты қалыптастырмаса, береке мен бірлік те бізден ауылын аулақ салар еді.
Халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп бекер айтпаса керек. Саяси тұрақтылық, экономикалық өсім, әлеуметтік саланың бірізділігі де өз бастауын бейбітшілік пен татулықтан алары анық.
Тағдырдың талайымен, тарихтың толқыны қазақ жеріне қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін өзекке тебу біздің болмысымызға жат дүние. Олар – туған жерінен, елінен ықтиярсыз, еріксіз көшірілген жұрттың ұрпағы болса, біздер – сол босқан халықтың өкілдерін дініне, тіліне, тіпті түсіне қарап бөлместен, бір жапырақ нанын бөліскен ұлы халықтың перзентіміз.
Қазақ жеріне алғашқы көш сонау Столыпин заманында бастау алып, жиырмасыншы ғасырда жаппай қоныстандыру Кеңес Одағы ыдырағанша жүргені тарихтан мәлім. Осы уақыттары солақай саясаттың құрығынан қашқан біздің де қандастарымыз төрткүл дүниеге босып, Асан қайғыдай жерұйық іздеп сабылды. Егер бірер ресми статистикаға көз жүгіртер болсақ, тек 1928-1936 жылдар аралығында ғана Қазақстанға Ресей, Украина және Беларусь елінен шамамен 360 мыңдай адам жер аударылған. Оның бер жағында күшпен қоныстандырылған поляк, чешен-ингуш, қарашайларды және басқаларын қоса есептейтін болсақ, Қазақстанға депортацияланған халықтар географиясы өте кең. Бүгінде қазақ елінен пана, сая тапқан сол ұлттардың өкілдері Қазақстанды негізгі Отаным деп есептейді. Айдауда жүріп темір тордың ішінде ауыр жұмысқа жегілген әйел, бала-шағаға құрт лақтырып, өзегі талмауына септескен қазақ балаларының әрекеті көркем фильмдерге де арқау болып, көрген жанның көз жасын мөлдіретті. Бұл көріністің артында халқымыздың мейірбан мінезі, достық пейілі, бауырмалдығы анық көрінеді.
Рас, сол нәубет жылдары халқымыздың да шекесі шылқып, байлығы асып-тасып тұрмаған еді. Қырық құрау үйлері күн мен желден ғана пана болса, сол уақыттары тойып тамақ ішу кім-кімге болса да арман болатын. Бірақ қанымызға сіңген жоғары адамгершілік қасиет өз жұртынан үдере көшірілген халықтың өкілдеріне нағыз дарқан даламызға тән кеңшілікті көрсетті. Қазақ жерінде 1 млн 200 мыңнан астам адамға орын табылды.
Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің бірқатар қалаларында «Қазақ еліне мың алғыс» атты ескерткіштер бой көтерді. Елордаға мұндай монументті қарағандылықтар сыйға тартты. Осы айшықты белгінің ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл монумент біздің елге күштеп көшірілген халықтардың қасіретті өмірінен сыр шертіп, қазақтардың дарқандығы мен адамгершілігін, көпұлтты қоғамымыздың достығы мен бірлігін бейнелейді» деген болатын. Бұл – нағыз тарихи баға. Бүгінде қазақ елін өзінің Отаны санайтын сол ұлыстардың өкілдері кең-байтақ жерімізде ана тілін, төл мәдениетін, дінін ұшпаққа шығара отырып, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне де жан-жақты үлес қосып келеді. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі» сіңген ұрпақ біздің халықпен біте қайнасып, қандай да бір бастамалардан, бірлікке үндейтін шаралардан қалыс қалған емес.
«Ырыс алды – ынтымақ», дейді дана халқымыз. Тұрақтылық пен татулық елдегі барлық саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың өзегіне айналды. ТМД кеңістігінде дербес ел атанған жаңа мемлекеттердің бірқатары осы тарихи факторларды есепке алмағандықтан, оқ атылып, берекесі қашқандығы белгілі. Ал қазақ елінің көк аспаны ашық әрі қайғы-қасіреттің бұлтынан таза болып қала бермек. Қазір сол нәубет жылдарындағы босқыншылыққа ұшыраған буынның бет-жүзі бізден өзге ұрпақтары қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ән айтқан уақытта мемлекеттік саясаттың сәтімен болғандығына көз жеткізесіз. Тіпті қазақ отбасыларының тәрбиесінде болып, қазақ тілінен нәр алған ұрпақтың бірқатары Кеңес Одағы ыдыраған жылдары тарихи отандарына оралғанымен, көпшілігі қазақы болмысты, мінезді, қонақжайлылықты аңсап қайта оралғаны жайлы деректер өте көп. Осының нәтижесінде бір шаңырақ астында, бір үйдің балаларындай боп кеткен көп ұлыстың балалары ертеңін Қазақстанмен байланыстырып, болашаққа зор үмітпен қарайтын дәрежеге жетті.
Сайып келгенде, осы деректерге қарап-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ең алдымен осы жердің, осы елдің иесі – қазақ халқына қажет екендігін ұғынуға болады.
Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары ретінде өткен бір жыл мен үшін де өте қарбалас әрі жемісті кезең болды деп айта аламын. Осындай мүмкіндік беріп, сенім артқандығы үшін ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шын жүрегіммен ризашылығымды білдіргім келеді.ҚХА Төрағасының орынбасары ретінде мен жастармен жұмыс істеу бағытын таңдадым. Оның аясында, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» шеңберіндегі 11 арнайы жобаның көпшілігіне қатыстым. Олардың бірқатарын тарқатып айтар болсам, Алматыда өткен «Жаңа толқын «100+» республикалық жастар форумы, маркетинг стратегиялары бойынша тренингтер мен оқыту бағдарламалары кешені, «100 жаңа есім: Табысты болудың кілті» жазғы мектебі, «Менің жетістіктерімнің тарихы – елімнің жетістіктер тарихы» атты шығармашылық кездесулері өте жоғары деңгейде өтті.
Сондай-ақ «Алтын Қыран» қоры бірқатар жастар стартаптарына, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында тірек-қимыл қозғалысы бұзылған жандарға автомектеп ашуға арналған «Равная дорога» жобасына қолдау білдіріп оларға қолмен басқарылатын автокөлік сыйлады. ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің Елбасының бейбітшілік пен келісім идеяларын насихаттауға арналған және этно-журналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауларына демеушілік көрсетіп, Ассамблея атынан арнаулы жүлделер тағайындадық.
Бұл қалың оқырманның көз алдында өткен іс-шаралардың бір парасы ғана. Бір жыл ішінде 20-дан аса ауқымды жобалардың басы-қасында болдық. Өйткені еліміздегі әрбір кәсіпкердің, кәсіптің өркендеп ілгері жылжуына Елбасының саясатына сай қалыптасқан елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың тікелей әсері болды.Мен өз басым ҚХА Төрағасының орынбасары ретінде өткен жылдағы жұмысымның осынау бірегей институттың тіршілігіне арналғандығын, ҚХА қызметі жөнінде кеңірек білгендігімді, көптеген іс-шараларға қатысқандығымды, оның ішінде «Жаңғыру жолы» қозғалысының аясында жастармен өткен кездесулерді өте жоғары бағалаймын. Айтпақшы, «Жаңғыру жолы» қозғалысының құрылуы Қазақстанның стратегиялық бағытына жастардың шынайы қолдау білдіруінің дәлелі болып табылады.
Исламбек САЛЖАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары