• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2019

Қостанай облысында мектеп оқушыларының дәстүрлі айтысы өтті

958 рет
көрсетілді

Облыста 1992 жылдан бері үзілмей келе жатқан «Жас тұлпар» мектеп оқушылары айтысы биыл Ұзынкөл ауданында өтті, белгілі ақын Ф.Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына арналды. Оған жыл сайын Облыстық білім, мәдениет басқармалары мен басқармасы, аймақтық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы қолдау көрсетеді. Биылғы айтыс «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Айтыс алдымен өңірдің аудандары мен қалаларында өтіп, облыстық деңгейдегі сөз сайысына іріктелген 20 жас ақын қатысты. Жыр бәйгесінің жыл сайын жаңалығы да болып отырады. Сондай жаңа есімдер жұлдыздай жарқырап, биыл да көрінді.

Сөз өнерінің мәйегіне сусаған Ұзынкөл жұртшылығының айызын қандырған айтыста қазылар алқасы үшінші жүлдені Сарыкөл ауданының үкілеген үміті Құндыз Адырбаева мен тарандық Еркебұлан Әсетке, Қостанай ауданынан Досбол Мысырға бөлді. Екінші орынға Ұзынкөл ауданынан Ақжүніс Жүрсін мен Таран ауданынан келген Бекзат Рәтбек лайық деп шешті. Көрерменнің назарын әп дегенде өзіне аударған меңдіғаралық Ғанимат Нағашыбай бірінші орынды алды. Ал бас жүлдеге қазылар алқасының да, көрерменнің де қалауы Жанкелдин ауданының тас түлегі Бекзат Бауыржанға түсті.

 «Оқушылар айтысы облыста 27 жылдан бері үзілмей өтіп келеді. Бүгінгі жас ұрпақ қазақтың киелі сөз өнерін тұщынуы, қазақтың бай тілінің қазынасынан сусындауы үшін мұндай шара керек. Тұлпарды тай кезінен жетелемесе, баптамаса ол бәйгенің алдын, мәрені кеспес еді. Айтыс та солай. Жыл сайын балалардың аузынан жарқ еткен жақсы шумақтар, оралымды ойлар естіп, қуанып отырамыз» дейді оқушылар айтысының  қазылар алқасын 27 жыл бойы басқарып келе жатқан жазушы Ғұмар Ахметчин.

Оқушылар айтысына бала кезінде қатысқан, бүгінде белгілі айтыс ақыны, журналист, жыршы болып қалыптасқан Салтанат Өтелбаева мен Қыдырбек Қиысқан өздері осы шараны өткізуге, оның үзілмей жалғасуына атсалысып жүр. Осы жолы олар айтыстың қазылар алқасының мүшесі болды.

Қостанай