Ұлттық спортымызды дамыту мақсатындағы «Түркістан барысы» турнирінің ашылу салтанатында Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, палуандарға сәттілік тіледі. Өңірдегі қазақ күресінің ақсақалы саналатын белгілі спортшы, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» Бақыт Жаңбырбаев боз кілемге шығатын палуандарға ақ батасын берді.
Турнирде аудандық және қалалық іріктеулерде финалға шыққан 32 балуан бақ сынады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнирде әрбір балуан облыс деңгейінде барыс атануға барын салды. Дегенмен, облыстағы кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін балуандардың арасынан бабы мен бағы келіскен түркістандық Бейбарыс Әбдіғали бас жүлдені жеңіп алып, «Түркістан барысы» атағын иемденді. Турнир жеңімпазын арнайы белбеу, кубок және дипломмен марапаттаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев шардаралық спорт жанашырларының демеушілігімен алынған темір тұлпардың кілтін салтанатты жағдайда тапсырды. Сондай-ақ, турнирде ІІ орынды иеленген Кентау қаласының палуаны Дархан Жамалханға 300000 теңгенің, ІІІ орын иеленген отырарлық Сабыржан Әбілдаұлына 100000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал іріктеу байқауында шебер қимылдарымен көзге түскен сарыағаштық Мұхтар Әбдімәлік «Көрермен көзайымы», бәйдібектік Ерназар Сіргебай «Жеңіске деген жігері үшін» номинацияларымен марапатталды. Турнирге қатысқан барлық балуандарға естелік сыйлықтар табыс етілді. «Түркістан барысы» атағын иеленген Бейбарыс Әбдіғали мен ІІ орынды еншілеген Дархан Жамалхан енді республикалық «Қазақ барысы» турнирінде облыс намысын қорғайтын болады.