• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Сәуір, 2019

Қазақстан мен Хорватия саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

1212 рет
көрсетілді

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Қазақстан астанасына Хорватия Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Бурич ресми сапармен келді. Аталған сапар Хорватияның Қазақстандағы Елшілігінің ресми ашылуымен ерекшеленді.

Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов хорват әріптесімен келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын және халықаралық мәселелерді талқылады.

Келіссөздер барысында М. Пейчинович-Бурич Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекеттілігін құрудағы, ауқымды реформаларды сәтті жүзеге асырудағы және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуда рөлін ерекше атап өтті. Қазақстанда жоғарғы билікті беру процесінде тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Тараптар Қазақстанда алдағы президенттік сайлау халықаралық демократиялық стандарттарға сәйкес өтетініне өзара сенім білдірді.

Келісім-құқықтық базаны нығайту, ведомствоаралық ынтымақтастықты арттыру, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бойынша бірлескен белсенді жұмыстарға ерекше назар аударылды. ҚР СІМ-нің инвестицияларды тарту және экспортты жылжыту саласындағы үйлестіруші рөлі атап өтілді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс, инновация, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және туризм салалары перспективті бағыттар ретінде атанды.

2016 жылдан бастап Хорватиямен екіжақты сауда 8 есеге өсіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 350 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда құрылыс, ақпараттық технологиялар, азық-түлік өнеркәсібі және сауда салаларында 20-дан астам хорват компаниясы жұмыс істейді. Ірі жобалардың қатарында - Нұр-Сұлтандағы «Загреб» тұрғын үй кешенінің құрылысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хорват «Ericsson Nikola Tesla» компаниясымен бірлесіп, денсаулық сақтаудың интеграциялық платформасын және электрондық денсаулық паспорттарын енгізу, «Сұлтан» ЖШС пен «Инструментария» хорват компаниясының протездік-ортопедиялық өнімдердің бірлескен өндірісі.

2019 жылы қаңтарда Қазақстан Хорватиямен жасасқан қосарланған салық салуды болдырмау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады. Наурызда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Хорватия үкіметаралық комиссиясын құрудың құқықтық негізін қамтамасыз ететін Қазақстан мен Хорватия Үкіметтері арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісім күшіне енді. Келіссөздер барысында Үкіметаралық комиссияны құру және бірінші кездесуді 2019 жылдың соңына дейін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы бірқатар ведомствоаралық келісімдерге қол қоюға қызығушылық танытты.

Б. Атамқұлов 2020 жылдың бірінші жартысында алғаш рет Еуропалық Одақтағы төрағалықтың жоғары миссиясын жүзеге асыратын Хорватияның сыртқы саяси жетістіктеріне жоғары баға берді. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында өзара іс-қимылды дамыту дайындығы аталды.

М. Пейчинович-Бурич өз кезегінде Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін, ҚР-ның халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесін, соның ішінде Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана процесін, сондай-ақ еліміздің ядролық қарусыз әлем идеясын жүзеге асыруды және халықаралық мәдениеттер мен діндер диалогын дамытуды жоғары бағалады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Хорватияның Ғылым және білім министрлігі арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан мен Хорватия СІМ басшылары Қазақстандағы шет мемлекеттің 70-ші өкілдігі болған Нұр-Сұлтан қаласындағы Хорватия Республикасы Елшілігінің ашылу рәсіміне қатысты. Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз сөзінде елордамыздағы Хорватия елшілігінің ашылуына Хорватия Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы және еуропалық істер министрінің қатысуы Хорватияның Қазақстанға деген жоғары құрметінің және біздің елімізбен ерекше қатынастар мен достықтың белгісі болып табылатындығын атап өтті (Қазақстанның Хорватиядағы елшілігі 2007 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді).

Сапар барысында М. Пейчинович-Бурич Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаевамен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездесіп, Қазақстан-Хорватия ынтымақтастығы мен парламентаралық қатынастар мәселелерін талқылады.