• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Мамыр, 2019

Таразда татулық туы асқақтаған күн

1114 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 80-нен астам өзге ұлт өкілдері тұрады. Қашанда бірлігі жарасқан әулиеаталықтар бір топырақта талай жылдан бері тату өмір сүріп келеді.

Бүгін де Тараз қаласында Әулиеата жұртшылығы Қазақстан халқы бірлігі күнін дәстүрге сай атап өтті. Мерекелік шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктердің мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері, сонымен қатар, жергілікті ардагерлер мен аналар кеңесінің мүшелері, қолөнер шеберлері, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтарда этносаралық келісімді қамтамасыз етуді жүзеге асыру жолында Қазақстан халқының рухани-мәдени бірігуі, қазақ еліндегі отбасылық құндылықтар мен дәстүрлері дамытуды насихаттау, жас ұрпақты әр этностың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге баулу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында жекелеген сахналарда қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, дүнген, түрік, корей ұлттарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы қойылымдар және концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.  

  Сонымен қатар, бүгін «Достық дастарханы» тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік халық дастарханға қойылған 20 түрлі ұлттық тағамдардан дәм татты.  Сондай-ақ, көрермен қауым арасында қазақ күресі, қол күресі, ордабасы, асық ату, мас-рестлинг, тоғызқұмалақ, ләңгі ойыны сияқты 7 ұлттық спорттық ойындар түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Ал, тараздықтар жуырда ғана ашылған «BILIM ALANY» орталығында жастар мен жасөспірімдердің «Ынтымағы жарасқан, туған өлке – Қазақстан» атты мерекелік қойылымын тамашалап, «JASTAR» алаңында ұйымдастырылған   «Саялы бәйтерек» театрландырылған көрінісіне куә болды.

  Сонымен қатар, мереке күні Тараз қаласының «JASTAR» аллеясында әр этнос тілдерінде радиодан әндер орындалып, аллеяның басты алаңында өңірлік этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздар жетекшілері мен шығармашылық топтарының және Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өкілдерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін насихаттап, өз өнерлерін ортаға салды. Бірлік күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шарада Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жамбылдықтарды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, өңірдегі бірқатар этномәдени бірлестіктерді Құрмет Грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, «Полонез» поляк тіл орталығы мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Аракси Плетнева және «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Риналь Рахматуллиндер де құттықтау сөз сөйледі. Бұдан кейін мерекелік шараға қатысушылар өңірдегі қолөнер шеберлерінің еңбектерімен танысып, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

 

Жамбыл облысы