Ал көп балалы аналар Галина Олжабаева мен Әсел Мирманова әрқайсысы әкесіз 4 бала асырап отыр. Әсел Мирманованың бір баласы ауырады, оның әкесінен алимент те ала алмайды. Галина баспананы жалдап тұрады, балаларының киіміне, тамағына қаржы жетпейтінін айта келген. III топтағы мүгедек Нұрахмет Арыстанов 10 жылдан бері тұратын баспанасын жекешелендіруге көмек сұрайды.
Қоғамдық қабылдауға қатысқан партияның Қостанай қалалық филиалы төрағасының орынбасары Манарбек Сұлтанғазин, қалалық мәслихаттың депутаты Ольга Игимбаева, Қостанай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова олардың барлығын да мұқият тыңдап, өтініштерін жаздырып алды. Үш отбасына азық-түлік берілді. Тұрмыс тауқыметін тартқан отбасыларының жағдайы «Халыққа көмек» жобасы аясында талданып, екшеліп, оларға заң аясында тиісті көмек көрсетілетін болады.
Бүгінде Қостанай қаласында 730 көп балалы және әлеуметтік тұрмысы әлжуаз отбасы бар. Олардың арасында 270 отбасы баспана кезегінде тұр. Қостанай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатованың айтуынша, табысы аз отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
– Оның сыртында кәсіпкерлер қолдауымен қыс айларында 28 отбасына 64 тонна көмір түсірілді, 168 отбасына азық-түлік жағынан көмек берілді. 34 отбасынан 90 бала мектептерде тегін тамақтандырылады. Бір баланы Нұр-Сұлтан қаласына емдеуге апару үшін 90 мың теңге көмек жасалды, 1 студенттің оқу ақысы төленді. 8 бала асырап отырған көп балалы отбасына кәсіпкер 3 бөлмелі пәтер алып берді, – дейді Ақбөпе Рахымжанқызы.
Жалпы, Nur Otan партиясының Қостанай қалалық филиалында жыл басынан бері 15 қоғамдық қабылдау өткізіліп, оған 54 адам жағдайын айтып, қажетті көмегін алған. ҚОСТАНАЙ