• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Мамыр, 2019

Қаратөбеде өткен айтыстың бас жүлдесін маңғыстаулық ақын жеңіп алды

1415 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, айтыс ардагері Шолпан Қыдырниязованың 70 жас мерейтойына орай Қаратөбеде «Айтыстың Шолпан жұлдызы» атты аймақтық-республикалық ақындар айтысы өтті. Оған Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан суырыпсалма ақындар қатысты.

Сал Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев сынды дүлдүлдер туған өңір ақын қызы Шолпан Қыдырниязованың 70 жылдық мерейтойын кешенді шаралармен атап өтті. Аудан орталығында ақын түлеп ұшқан Мұхит атындағы орта мектепте Шолпан Батырқызы атында қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Айсұлу Қадырбаева мен Дариға Мұштанова, мерейтой иесінің айтыстағы серіктері Үзілдік Елеубаева, Күләш Сәлімгерейқызы, Сағынтай Бейсенғалиев, Хатимолла Бердіғалиевтер арнайы келді. Қаратөбе аудандық М.Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Өнердің жолы – өлмес жол» атты көрме «Туған жердің тұғырында түледім» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Ал «Айтыстың Шолпан жұлдызы» атты аймақтық-республикалық ақындар айтысына Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан және Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарынан 14 ақын қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бауыржан Халиолла, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубаева, Ертай Бимұқанов сынды белгілі айтыс ақындары төрелік еткен аймақтық-республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі – 500 мың теңгені маңғыстаулық Арғынбек Қалбаев жеңіп алды. І орынды оралдық Талғат Мықи иеленсе, қос екінші жүлде ақтөбелік Жәнібек Бейбітов пен ақжайықтық Мейірман Шакеновке бұйырды. Жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл, қазталовтық Естеміс Мұхамбетов, атыраулық Алшынбек Мұханғалиевтер ІІІ орынды місе тұтты. Ал осы айтыстың ең жас талапкерлері – қаратөбелік Райымбек Өтепов пен оралдық Әділ Ахметовке Дариға Мұштанова мен Үзілдік Елеубаева атындағы арнайы сыйлық берілді.

Суретті түсірген Раушан МЕРГЕНОВА

Батыс Қазақстан