Гүл қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Қалыбек Қобландин, жазушы, Моңғолияның белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейұлы, Моңғолияның Бас мүфтиі Батырбек Хадыс, Ұлан-Батырдағы «Жерлестер» қазақ ұйымының төрағасы Тілеухан Нәжікейұлы, «МИАТ» әуекомпаниясының ұшқышы, экипаж командирі Әуез Тәштуанұлы және басқа да қоғам белсенділері қатысты.
Мүдәріс Зайсанов - Моңғолия қарулы күштерінде қызмет атқарған қазақ азаматы, генерал-майор. 1910 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан өңірінде дүниеге келген. 1925 жылы Зайсан жақтан Моңғол еліне қоныс аударды.
Содан 1932 жылы Монғол елі атынан Кеңес елінің Орынбордағы ұшқыштар даярлайтын училищені тәмамдайды. Халхин-Гол шайқасы кезіндегі ерліктері үшін Моңғолияның және Кеңес Одағының ең жоғарғы наградаларының бірі - «Қызыл ту» орденімен марапатталады. 1937-1939 жылдары өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қалып қояды. 1944 жылдың сәуір айында Ұлы Құрылтайдың № 22 жарлығымен оған генерал-мойор шені берілді. Биыл даңқты қолбасшының туғанына 109 жыл толады.