• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2013

Құрмет

616 рет
көрсетілді

Құрмет

Сенбі, 2 ақпан 2013 7:17

Қазақта «тегіне тартып туған» деген сөз бар. Бекерге айтылмаған. Өз жұрты не нағашы жұртында діліне мығым, дініне берік бекзат адам болса, бұл қасиет оның тұқым-жұрағатын айналып өтпеген. Ұрпағы үлгі тұтқан, еңбекқорлығымен ел есінде қалған ұлағатты ұстаз Есенгелді Қасымов та сондай тегі асыл адам.

 

Сенбі, 2 ақпан 2013 7:17

Қазақта «тегіне тартып туған» деген сөз бар. Бекерге айтылмаған. Өз жұрты не нағашы жұртында діліне мығым, дініне берік бекзат адам болса, бұл қасиет оның тұқым-жұрағатын айналып өтпеген. Ұрпағы үлгі тұтқан, еңбекқорлығымен ел есінде қалған ұлағатты ұстаз Есенгелді Қасымов та сондай тегі асыл адам.

Есенгелдінің атасы Жалмағамбет қажы ел-жұртына аса сыйлы, Сарыарқаның сар даласында 30 мың бас мал ұстаған ауқатты адам болатын. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әлхамдулла, 6 миллион қазақ болдық», дейтін сол 1913 жылдың өзінде қазақ даласында 60 млн. бас қой өрісте жүрсе, кешегі Кеңес өкіметі кезінде 33 миллионға әрең жеткен.

…Қазақтың қаймағы қалқып алынып, құрдымға жіберілген астан-кестен шақта Жалмағамбет қажының балалары Шахман, Қасым мен Айтқожа да қу тірліктің қамытын киіп, жұмыс іздеп, жан-жаққа сабылды.

Қызылжардағы балалар үйінде тәрбиеленген Есенгелді осындағы жетіжылдық қазақ мектебін тәмамдағаннан кейін 1931 жылы қазақ педагогикалық техникумына түсіп, бітіреді.

1935-1937 жылдары Қызылжар қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ мектебінде орта сынып­тардың мұғалімі боп қызмет етіп жүрген Есенгелді Қасымов осындағы мұғалімдер институтын бітірді. Кейін Қарағанды облысы, Ағадыр бекетіндегі №46 мектептің директоры бола жүріп, Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында оқиды. Институт дип­ломын алған жылы Қарағанды облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындыққа қарамастан ол өзіне қарасты өңір оқушыларының патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді.

Соғыстан кейін Е.Қасымов Ақмола облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болды. Алматы облысы, Жамбыл ауданына қызмет ауыстырып, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің бастығы болады.

Қай жұмысты да ұтқыр ұйымдастырушыны абырой мен бедел өзі іздеп табады. Есенгелді Қасымов осыған лайықты адам еді. Ол қай жерде де кеудемсоқтықпен не өзін көрсету үшін емес, іскерлікпен жұмыс істейтін. Кісі зерделі болған са­йын кеудемсоқтық кері шегінеді. Парасатты да дегдар адам бәрінен де биік тұрады. Есенгелді аға өзін жұртпен тең санады, артық құрметті қажет етпейтін.

Әке-шешесі ұлағатты ұстаз болғандықтан, Есенгелдінің балалары да елгезек боп өсті. Зиялы отбасында тәрбиеленген ұлдар – Мағзамның мінезі сындарлы болса, Ғаниы табанды. Біріншісі – көп жылдан бері мемлекеттік қызметте келеді, екіншісі қоғамдық өмірге белсене араласып, ел-жұрты үшін жаны ауырып жүрген азамат. Бір қарағанда, жоспары түрліше болғанымен, екеуі де сөздің емес, істің адамы. Айтты, істейді.

Кезінде Ес-ағаңмен Үкіметте бірге қызмет еткен Екатерина Пұсырманова былай дейді:

– Есенгелді Қасымұлы бізден ересек әрі тәжірибелі болатын. Өзіне тиесілі саланы жан-жақты білетін. Қамқоры, қайырымды кісі еді. Ешқашан бетіңді қайтармайтын. Сауатты болатын.

Есенгелді Қасымовтың жан жары Манар Ахмет­қызы қазақ тілі мен әдебиеті, оған қоса орыс тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы еді. Қос тілді қатар меңгерген, әдебиетті де терең білетін.

Осыдан он жыл бұрын, Е.Қасымовтың туғанына 90 жыл толған шақта Ақмола облысының Атбасар қа­ласы маңындағы ол өмірге келген өңірдегі мектепке, ауыл мен ауылдық аумаққа Есенгелдінің есі­мі берілді. Бұл ұстазға деген ел-жұрттың құрметі болатын.

«Шәкірттеріне тәлім-тәрбие бергені сияқты, балаларының да түсінік ұғымының мол азамат боп өсуіне әкелік ақыл кеңесін аямады. Бұл ретте ол бізді де сын тезіне салып алатын. Өзімізге жауапкершілікпен қарауымызға айрықша мән берді. Ал шәкірттерінің біразы министр, мемлекеттік қызметте жүр, арасында генералдар да бар. Қайда барсақ та, алдымыздан әкейден тәлім көрген, сабақ алған шәкірттері ұшырасады. Әкеміз 1992 жылы өмірден озды», – дейді Ғани Есенгелдіұлы.

Бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрған шағында Есенгелді Қасымовты республикалық дәрежедегі зейнетке шығарып салып тұрып, інілік ілтипат танытқанын үлгі етіп айтып, «Жақсының шарапаты солай болады» деп отырады екен.

Есенгелді Қасымовпен бірге қызмет еткен замандасы Римма Ақмұрзина:

– Мен Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыз­дандыру министрлігінен үкіметке қызметке ауысқанда оқу министрі Ш.Шаяхметов Есенгелді Қасымовты «біздің ардагеріміз» деп таныстырды. Жеке бөлме берген. Жолыққан сәтте ақыл-кеңесін аямайтын. Ұстаздық біліктілігіне қоса, кәсіби білім беру ісінде мол тәжірибеге ие еді. Мұны министрліктегілер жақсы біледі. Оның қарапайымдылығына, қамқорлығына, еңбекқорлығына сүйсінетін. Үш балам, алты немерем бар. Оларға «Мұғалімді сыйлаңдар!» деп айтып отырамын дейтін, – дейді өткен күндерін еске түсіріп.

Хакім Абайдың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген өлең жолы да тап осы Есенгелді Қасымұлы тәрізді қиындықтан қаймықпай, жас ұрпақты оқу-білімге ұмтылдырған арда азаматқа қаратыла айтылғандай.

«Ұстазы мықтының – ұстыны мықты» деген халқымызда қанатты қағида бар. Сол рас. Бүгінде ел басқарып, сан-салада беделді, басшылық, жетекшілік қызмет атқарып жүрген азаматтардың көбі, жоғарыда Ғани Есенгелдіұлы айтқандай, Есенгелдідей азамат ұстаздың шәкірті, сол кісінің тәлім-тәрбиесін көргендер.

Ұлағатты ұстаздың 100 жылдығына орай, Қасымов­тар әулетіне ел аумағынан, білім мекемелерінен ағылған тілек-хаттардың толассыз келіп жатқанына куә болдық. Бұл – жас ұрпақтың білім алуы жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен асыл азаматқа деген шексіз ризашылықтың белгісі. «Ұстазсыз шәкірт – тұл» деген осы болар.

Айнабай МӘДИ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

АЛМАТЫ.