• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Мамыр, 2019

Өзара ынтымақтастық дами береді

788 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссонмен кездесті.

Алдымен М.Әшімбаев Қазақ­стан мен Еуропалық одақ арасын­дағы қарым-қатынасқа назар аудар­ды. Ол соңғы жылдарда екі елдің ынтымақтастығын арттыру мақсатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа елдері­нің басшылары тарапынан ай­тарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

– Біздің тараптар 2015 жы­лы қол қойылған Әріптестік жә­не ынты­мақ­тастық туралы келі­сімнің негізінде өзара байланыс­ты одан әрі күшейтті. Бүгінде екі­жақты экономикалық байланы­сымыз жүйелі түрде дамып келеді. Көптеген еуропалық компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан эконо­микасындағы сыртқы сауда ай­налымының 50 пайызы Еуропалық одақ елдеріне тиесілі. Сол себепті Еуропалық одақты еліміздің ең басты сауда-экономикалық серіктесі деп атауға толық негіз бар, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде Қазақ­стан экономикасындағы шетел инвестициясының жартысынан астамы Еуропалық одақ елдерінің үлесінде екені айтылды. Nur Otan партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары сауда және инвестициялық қарым-қаты­нас­тағы бұл деңгейлер шектік көрсет­кіш емес екеніне назар аударып, ал­дағы уақытта бұдан да жоғары нәти­же­лер болатынына сенетінін жеткізді. Сон­дай-ақ ол тараптардың саяси жә­не пар­тияаралық байланысына да тоқ­талды.

Шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің Қазақстан Пре­зиденті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімі және оның 30 жылға жуық ел басқарып, тәуелсіз, заманауи, нарықтық, демократиялық, құқықтық Қазақстанды қалып­тастырғаны сөз болды.

Одан бөлек, партия Төра­ға­сының бі­рінші орынбасары қазіргі таңда Қа­зақ­стан халқының тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына және алда үлкен саяси науқан тұрғанына назар аударды.

– Партиямыздың 23 сәуірдегі XIX съезінде Елбасы Қазақстан Пре­зи­денттігіне кандидат ретін­де Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Оны барша съезд делегат­тары бірауыздан қол­дады. Соған байланысты қазіргі таң­да канди­датымыздың үгіт-насихат жұ­мыс­тарына қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Республикалық және аймақтық деңгейдегі қоғамдық штабтар құрылды. Барлық қажетті шаралар қолға алынды, – деді М.Әшімбаев.

Кездесуде сайлаудың ашық әрі әділ өту мәселесі де әңгімеге арқау болды. Осы мәселеге тоқталған Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары партияның тек заң шеңберінде ғана әрекет ететінін айрықша атап өтті.

Сонымен бірге партия Төр­ағасының бірінші орынбасары кандидат Қасым-Жомарт То­қаевтың сайлаудағы бас­ты қағи­дасы Елбасы саясатының са­бақ­тастығын сақтау екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл экономикада, әлеуметтік саясатта, саяси жүйеде еш нәрсе өзгермейді дегенді білдірмейді.

– Сабақтастық Елбасы саяса­тының негізгі басымдықтарын сақ­тап қалумен ерекшеленеді. Олар көпвекторлы сыртқы сая­сат пен бейбітсүйгіштік қағи­да­лары. Экономикадағы сабақ­тас­тық нарықтық экономика, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қолдау көрсету және шетелдік инвестицияларды жұ­мылдыру қағидаларына табан тірейді. Ал саясатта бұрынғыдай тұрақтылық пен демократиялық даму қағидасына басымдық бе­ріледі. Ал жұмыс барысында жаңа, тың бастамалардың қолға алынатыны сөзсіз, – деді Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ М.Әшімбаев өз сөзінде үгіт-насихат жұмыстары негізінен үш бағыт бойынша жүр­гізілетінін де тілге тиек етті.

–  Ең алдымен дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына басымдық беріледі. Екіншіден, еліміздің барлық өңіріндегі халықпен тікелей кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсін­діреміз. Сондай-ақ науқан кезін­де әлеуметтік желілерді де кеңі­нен пайдаланамыз. Бұл жұмыс­тардың барлығы заң шеңберінде жүргізіледі, – деген М.Әшімбаев сайлаудан кейін де Қазақстан мен Еуропалық одақ елдерінің байланысы одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Свен-Олов Карлс­сон Қазақстандағы қазіргі саяси оқиғалар халықаралық нормалар мен елдің Конституциясына сәйкес өрбіп жатқанын айтты. Ол екі тараптың қарым-қатынасын одан әрі дамыту, инвестиция тарту саласын жетілдіру және 2015 жылғы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімде көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру жайына да тоқталды.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қазан айындағы Брюссельге жасаған сапарын, сол кездегі АСЕМ саммитіндегі сөй­леген сөзін біз жоғары бағалаймыз. Таяуда ғана Бейжіңде өткен «Бір жол, бір белдеу» форумында да Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық диалогты дамыту мәселесін көтерді. Бұл Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта үлкен абыройға ие екенін көрсетеді, – деді ол.