• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2019

Соғыс сарбазының 105-ші көктемі

1077 рет
көрсетілді

Орал қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, 105 жастағы Семен Данилинді №5517 әскери бөлімнің жауынгерлері Жеңіс күнімен ерекше құттықтады.

Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы және 5517 әскери бөлімінің ұлттық ұлан жауынгерлері 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесін қарсы алып отырған ең қарт жауынгер Семен Акимович Данилинге тосынсый жасады. Қария тұратын көпқабатты үйдің алдына Ұлттық ұлан офицерлерінің балалары және әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрі келіп, «Продедушка» әнін шырқай жөнелді. Бұдан кейін соғыс жылдарының әйгілі «Катюша», «Марш, Славянки!» және «День Победы!» әндерін жиналған көпшілік қосыла айтты. Қарт жауынгердің өзі де бұл кезде өңіріне орден-медаль толы сарбаз формасын киіп, аулаға шыққан еді. Халық та жиналып, балалар аулаға толып кеткен. Сап түзеп, жорық жырын шырқаған жауынгерлерге кішкентай балалар шаттана қосылып, аяқтарын тақ-тұқ басады. Айналасы әп-сәтте түрлі сыйлыққа, құшағы гүлге толған Семен Данилин мұндай тосынсыйды күтпегенін айтып, көзіне жас алды.

«Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары подполковник Бақыт Алазов қарт жауынгерді ұлы мерекемен шын жүректен құттықтап, әрқашан саптан шықпай, сау-саламат болуын тіледі.

- Біздің еліміздің әрбір азаматы жарты әлемді шарпыған соғыс жылдарының қайғы-қасіретін жақсы біледі. Сол бір Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсетіп, майдан мен тылда қаны мен терін төккен аға ұрпақтың табандылығы мен жанқиярлығын біз ешқашан ұмытпаймыз. Сіздер тағдырдың ауыр сынынан сүрінбей өтіп, келешек ұрпақтың бостандығы үшін күрестіңіздер! Әлемді фашизмнен қорғап қалдыңыздар! – деп атап өтті өз сөзінде Бақыт Мағауұлы.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің атынан сөз алған запастағы подполковник Бақытжан Бердиев те ардагерге сый-сияпат ұсынды.

Бүгінде еліміздегі көзі тірі ең қарт майдангердің бірі Семен Данилин Курс облысында дүниеге келген екен. Брянск әскери-саяси училищесінде оқыған ол 1942 жылы ұрысқа кіріп, Сталинград, Курс доғасы, Днепр шайқастарына қатысқан. Украина мен Польшаны азат еткен жауынгер жеңісті Кенигсбергте қарсы алыпты. Соғыстан кейін Ішкі әскер қатарында Алматы, Қарағанды қалаларында қызмет етіп, полковник шенінде құрметті демалысқа шыққан. «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ұрыстағы ерлігі үшін», «Сталинград қоршауы үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған ардагер бейбіт күнде де түрлі марапатқа ие болған.

Батыс Қазақстан