• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Мамыр, 2019

Қостанайда соғыс тақырыбына арналған реквием қойылды

1069 рет
көрсетілді

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры биылғы Жеңіс мерекесіне жаңа туынды дайындады. Тобыл-Торғай өңірінің екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тарихын баяндайтын шығарманың авторы ақын Абылай Маудан оны «Жорықты жылдардың жігерлі жылдары» деп атапты.

Бұл туынды – қан майданда шейіт болған боздақтардың рухына, тылдағы халықтың ерен еңбегіне жасалған тағзым.  

Қойылымда тылдағы халықтың соғыс жылдарындағы  шеккен бейнеті, жауды жеңуге қосқан үлесі баяндайды. Майдандағы жауынгерлердің басынан өткен оқиғалар да суреттеледі. Реквиемнің соғыс тақырыбына арналған шығармалардан басты ерекшелігі, мұнда  қостанайлық майдангерлердің аты-жөні, олар туралы шынайы деректер пайдаланылған.  Бұл  бүгінде театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абылай Мауданның   күрделі жанрда қойылып отырған алғашқы туындысы. Режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан.

Қойылым барысында қаһарлы жылдары туған, халыққа рух беріп, үміт сыйлаған, көңілін демдеген әндер жанды дауыспен шырқалды. Әртістердің әншілік қабілеті, олардың дауыс үйлесімі де көрермендерді ерекше тәнті етті.  

"Реквием көрерменге түрлі ой салды. Тарихи мәліметтерді молынан қамтыған. Жанды дауыста шырқалған әндер жүрек тебірентті. Сондықтан, Жеңіс күніне арналған бұл қойылымды театр әртістерінен құрылған камералық хордың ресми ашылуы деп есептеймін. Әрине, әу демейтін қазақ жоқ, бірақ, өздеріңіз байқаған шығарсыздар, біздің труппамыз шетінен әнші…" деді Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов. 

«Театр жанынан хор ашуға   Мәдениет басқармасының қолдауымен өткен жылдың соңына таман талаптанған едік. Әлия Баймахан қойған «Әнім сен едің» спектаклі сол ниетімізге деген алғашқы қадам болды.  Музыка маманы Салтанат Жақаеваның әзірлеуімен хор репертуары үнемі толығумен келеді. Бұл бағыттағы ізденісті жұмыстарымыз әлі де жалғасын таба береді» дейді Абылай Маудан.