Жұма, 15 ақпан 2013 7:25
Бастау
Өзен басын бұлақтан алады. Ойын баласы ойнап жүріп те өзін танытады. Қазақ баласының ақыл-ойын дамытатын, денесін шынықтыратын дәстүрлі ойыны асық қой. Жабайхан асық ойнап жүргенде арамдыққа жол бермей, әділдікті жақтап, асықтың алшы түскенін қадағалап, әділ ойнап ұтатын. Осы мінезімен мектепте де көзге түсті. Есеп шығарғанда, шығарма жазғанда балалар, әсіресе, ер балалар, бірінен-бірі көшіріп әлек-шәлек болып жатқанда, Жабайхан өзі шығарып, өзі ойланып отырып жазатын.
Жұма, 15 ақпан 2013 7:25
Бастау
Өзен басын бұлақтан алады. Ойын баласы ойнап жүріп те өзін танытады. Қазақ баласының ақыл-ойын дамытатын, денесін шынықтыратын дәстүрлі ойыны асық қой. Жабайхан асық ойнап жүргенде арамдыққа жол бермей, әділдікті жақтап, асықтың алшы түскенін қадағалап, әділ ойнап ұтатын. Осы мінезімен мектепте де көзге түсті. Есеп шығарғанда, шығарма жазғанда балалар, әсіресе, ер балалар, бірінен-бірі көшіріп әлек-шәлек болып жатқанда, Жабайхан өзі шығарып, өзі ойланып отырып жазатын. Ел жағдайы қиын, соғыстан кейінгі жылдары жас айырмашылығы 4-5 жасқа дейін ұласатын балалар бір сыныпта оқығаны қалыпты жағдай болды. Солардың ішіндегі ең жасы Жабайхан шамасы келгенше талаптанатын озат оқушылардың бірі болды да, сыныптас достарына көмектесіп жүрді. Оған қарап, жастары үлкен, ересек болып қалған балалардың өзі одан үлгі алатын. Жақсы оқуымен, зеректігімен ол жастайынан көзге түсе бастады, мектептің оқушылар комитетінің төрағасы болды. «Болатын бала бес жасында баспын дейді…» деген халық мақалы Жабайхан туралы айтылып тұрғандай.
Жас Жабайханның рухани қазынасы естігенін жадына сақтап, оны реті келгенде орынды айтуды дағдылануымен өрістеді. Отбасындағы ата-әжесі, әке-шешесі, нағашылары әңгімешіл, сөзді бағалайтын, мән беретін, ел аузында жақсы атағы шыққан адамдар болды. Ертіс өңіріндегі қарттардың мақал-мәтелдеп, мәнерлеп айтатын әңгімелері баланы шешендікке баулыды. Оның атасы Әбділда бәсентиін руында атағы шыққан Аралбай бидің ұрпағы, мыңғырған малы болмаса да, бес үйір жылқысы бар әлді кісі болған екен. Өзінің әкесі Мүбәрәк сөзге шешен, әңгімешіл, маңындағы жұртты әңгімесімен өзіне үйіріп отыратын еді. Мүкең соғыстан аман-есен қайтып келгеннен кейін мал дәрігері болып, елге еңбегін сіңірді. Балаларын малға үйір қылып, сәйгүліктердің қасиеттері, күтімі, бәйге аттарын баптау туралы, малға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейтін әңгімелерді көп айтатын, ұлдарын атқа ерте отырғызып, бәйгеге қатыстыратын.
«Әкемнің шешесі – Сары апа атанып кеткен Зылиқа – байдың қызы, арабша оқыған, қисса-дастандарды жатқа білетін, мәнерлеп айтатын еді», деп Жабайхан жиі есіне алады. Жәкеңнің шешесі Бағытай Қапашқызы қолы ашық, қонақжанды әйел болды. Ол кісінің дауысы өте әдемі-тін: өлең айтқанда біз еріксіз ұйып тыңдап, өзімізді әннің кейіпкеріндей сезінетін едік. Жабайхан мен оның інілерінің де дауыстары жақсы, өлеңді керемет айтатындары да сол шешесінен алған қасиет болса керек.
Мектеп – білім бұлағы, білім – ердің шырағы. Жабайханның білімінің толық болуы, ой-өрісі деңгейінің биіктеуі мектеп мұғалімдерінің тәлім-тәрбиесінен болды. 1940-1960 жылдары мектеп мұғалімдерінің абыройы жоғары еді. Оқушылар мұғалімнің айтқанын бұлтартпай орындауға тырысып, соларға еліктеп, бастауыш сыныптан бастап-ақ мұғалім боламын дейтін. Жабайхан оқып жүрген Қызыл еңбек мектебінің директоры қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Шапағат Шүленбаев оқушыларын ана тіліне, қазақ халқының аңыз-әңгімелеріне, салт-дәстүріне қызықтыра білді. «Оқу ісінің үздік қызметкері» тарих сабағының мұғалімі Ғабдураш Сәрсенбаев дүниежүзілік тарихты халқымыздың тарихымен байланыстыра отырып, балаларды өзіне қаратқан шебер ұстаз болды. Жабайхан мектепті бітірерде қай мамандықты таңдасам екен деп осы тарих мұғалімімен ақылдасады. Еліміздің астанасы – Алматыға барып, университетке түспекші болған шәкірт ұстазына: «Газеттегі жарнамада Қазақ мемлекеттік университеті биология, химия, физика, математика, философия, т.б. мамандар дайындайды екен, қайсысы дұрыс?» – дегенде мұғалім: «Өзің қайсысын қалайсың?» деп сұрапты. Сонда философия ғылымы туралы онша көп біле қоймаса да Жабайхан: «Мен философияны ұнатамын, бірақ оны әлі жетік білмеймін», депті. Тарихшы: «Философия – бар ғылымның басы, ендеше, барлық ғылымның атасы, ал Аристотель, Платон, Сократ, Абай – ұлы философ болған ғұламалар», деп түсіндіріпті.
Абай да философ болған екен ғой деп түйіндеген оқушы, мектепті үздік бітіріп, университеттің сол факультетіне түсу үшін Алматыға аттанды. Ол кезде мектепті жаңа бітірген талапкерлерді қазіргідей әке-шешесі қолынан жетелеп әкелмейтін, балалар еліміздің түкпір-түкпірінен апталап жол жүріп, Алматыға өздері келіп жететін. Ал Алматының темір жол стансасынан оқуға келген жастар сол кездегі «такси» – есек жеккен арбаға мініп университетке, институттарға баратын еді. Солардың бірі – мектепті үздік бітірген Жабайхан да конкурстан мүдірмей, бестік бағалармен еліміздегі жалғыз ғана университет – ҚазМУ-дің философия факультетінің студенті болып шыға келді.
Университетте лекцияның бәрі орыс тілінде оқылатын, қазақ профессорлары, оқытушылары аз. Қазақ тілінде бірде-бір оқулық жоқ. Мектепті қазақша бітірген балалар орыс тілін жетік білмегендіктен өте қиналатын. Ұзақ уақыт кітапханадан шықпай, тырысып оқитын. Студент Жабайхан да кешкі сағат 6-дан 11-ге дейін кітапханада болып, оқулықтарға қоса Кант, Гегель сынды философтардың еңбектерін оқып, білімін тереңдетті. Күндіз қолы босап кетсе, басқа факультеттерге барып, сол кездегі есімдері ел аузында жүрген Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды ғұлама даналардың лекциясын тыңдайтын. Біз жоғары курста жүргенде жарнамаларды қарап жүріп, басқа факультеттердің студенттік ғылыми конференцияларына қатысатынбыз. Менің есімде қалғаны – сондай бір күні университеттегі филология факультетінің конференциясында ақын А.Т.Твардовскийдің еңбектері талқыланып жатыр екен. Жабайхан әуелі баяндамашыға сұрақтар қойып, сосын жарыссөзге шығып, ақынның шығармаларының философиялық маңызы бар екенін айтты. Отырған жұрттың есі шығып кетіп, бөтен факультеттен келген студенттің білгірлігіне таңғалып, факультет мұғалімдері риза болып, отырғандардың бәрі қол шапалақтап құптады.
Студенттік өмірімізден тағы бір есімде қалғаны. 1952 жылы И.В.Сталиннің «Марксизм және тіл мәселелері» деген еңбегі шығып, сол кезде барлық мекемелерде арнайы конференциялар өткізілді. Университеттің үлкен мәжіліс залында сол еңбекке байланысты студент Жабайхан Әбділдин «Тіл мен ойдың байланысы» деген тақырыпта баяндама жасады. Мәжілісті университет ректоры Төлеген Тәжібаев басқарды. Баяндамашыға өте көп сұрақтар қойылып жатқанда мен досым қалай жауап берер екен деп жаным ашып, қысылып отырдым. Сұрақтары тұрсын, аттарынан бүкіл студенттер қауымы қорқатын философ-доценттер Н.П.Дардыкин, М.Н.Чечин қитұрқы сұрақтар қойып, біраз қарсы пікірлер де айтты. Ал Жабайхан барлық сұраққа нақтылы, толық жауап берді. Конференцияға қатысушылар аң-таң, кім дұрыс, кім қисық айтып тұрғанын біле алмай, тып-тыныш үнсіз дағдарыста болды. Жарыссөзге сол кездерде алдыңғы қатарлы философ саналып жүрген профессор В.И.Тимоско шығып, баяндамашыға ризалығын білдіріп, Жабайханның тұжырымдарын қолдады. Қорытынды сөзінде студент Жабайхан саспай, қымсынбай, қарсы пікірлерді тойтарып отырды. Осы жерде Жабайханның отбасында дамыған Құдай берген дарыны, шешендігі университеттен алған біліміне қосылып, тамаша көрінді. Сонда мәжіліс төрағасы, университет ректоры, тыңдаушылардың ойларын сезе қоятын дарынды психолог Т.Тәжібаев баяндамашыны жақтап, оған алғысын айта бастағаннан-ақ залдағылар ду қол шапалақтап, мәжіліс көңілді аяқталды.
Өрлеу
Университетті бітіргеннен кейін мен Ленинградтағы И.П.Павлов атындағы физиология институтының, ал Жабайхан Ғылым академиясының аспирантурасына түстік. Бірақ кейіннен Жабайхан Кеңес Одағындағы жоғары оқу орындарының ішіндегі шоқтығы биік МГУ-ге ауысты. Аспирантураны мезгілінде диссертация қорғаумен ойдағыдай аяқтап, Алматыға қайтып келіп, қызмет істеп жүрген кезіміз. ҚазМУ-дің мәжіліс залында Чарльз Дарвиннің «Түрлердің шығуы» деген еңбегінің кітап болып шыққанына 100 жыл толуына байланысты үлкен конференция ашылды. Баяндамашы – есімі елге әйгілі биолог академик Б.А.Домбровский сөйлеп болған соң сұрақтар қойылып жатыр. Жабайхан да бірнеше сұрақ қойды. Жарыссөзде Жабайхан мінберге шығып: «Мен биолог болмасам да Ч.Дарвиннің қағидасын жақсы білемін. Бұл қағидаға философиялық тұрғыдан қарау керек. Қағида қатып қалған өзгермейтін тұжырым емес, табиғат өзгереді, оған көзқарас та өзгереді, абсолюттік мән беру дұрыс емес», – деді.
Тағы да бір естелік: Ж.М.Әбділдиннің шешендігі, тыңдаушыларын өзіне қаратып, баурап алуы Абайдың 150 жылдық конференциясы мен Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына арналған Қазақ Ғылым академиясының үлкен мәжіліс залында сөйлеген сөздерінде анық көрінді. Сол жылы Абайдың 150 жылдығына байланысты вице-президент Е.М.Асанбаев басқарған үлкен делегация Москвада және Санкт-Петербургте болды. Қазақстанның атынан негізгі баяндаманы Санкт-Петербургте Жабайхан жасаған. Абайдың философиясын, этикалық ойларын, адам туралы пікірлерін жан-жақты, кемел көрсеткенде, бүкіл халық орнынан ұшып тұра келіп ду қол шапалақтады.
Жәкеңнің тіршілік екпіні, мінез-құлқының көрінісі әрдайым жағдайға лайықты. Қызметте жинақы, қатаң мінезді көрінсе, үйінде, дос-жарандарының, жақындарының, жақын-жуық туыстарының арасында қарапайым, жайдарлы әңгіменің ұйытқысы болып отырады. Зайыбы Майданмен сөз жарыстырмай, бірін-бірі жақсы түсінісе біледі. Екеуінің отасқанына жарты ғасырға жуық уақыт болып қалса да, Майданның жүрегі Жабайхан деп, оның абырой мен талабына кір келтірмеуді ойлап соғатыны сырттан келген адамға бірден көрінеді.
Жабайхан өз отбасында қадірлі жұбай, ардақты әке, немерелеріне асқар таудай ата. Сыртта жүргенде кездескен адамдарға тоқтай қалып, амандасып, үлкенге де кішіге де бірдей ілтипат білдіріп, жөн сұрасып жылы лебізін аямайды.
Мен білетін Жабайхан өмір бойы ізденіс үстінде, талаптанып, ілгері ұмтылыста. Өзінің өжеттігімен және тапқырлығымен қиыншылықтардан шыға білді. Университеттің философия факультетін қызыл дипломмен үздік бітіріп, Ғылым академиясының аспирантурасына түсті. Профессор В.И.Тимоско өзі ғылыми жетекші боламын деп ықыласын білдірді, бірақ алты айдан соң қайтыс болып, Жабайхан жетекшісіз қалды. Ол кезде мен Ленинградта аспирантурадамын. Жабайхан Ленинградта жетекші боларлық философ бар ма екен деп маған хат жазды. Кеңес Одағындағы философияның күшті мектебі Мәскеуде, МГУ-де көрінеді, деп жауап бердім.
Жәкең МГУ-ге барса, сіз академиялық жүйедегі аспирантсыз, сондықтан сізді қабылдай алмаймыз депті. Не істеу керек? Осыны ішкі сезімі аңғарса керек, елден шығарда Қазақстан жоғары білім министрлігінен алған жолдамасымен Одақтың Мәскеудегі жоғары білім министрлігіне барыпты. Министрдің көмекшісі аспирантураға қабылдау мерзімі аяқталды, бұл мәселемен министр қабылдамайды, – дейді. Бұндай суық сөздерді естіген сәтте сасып қалғанымен, Жабайхан сын сәтте бойын тез жинап алатын қасиетімен сөз тауып, Алматыда философиядан профессор В.И.Тимоско ғана еді, жуырда ауырып, қайтыс болып кетті дегенде, алдында тұрған жігіттің философияға шынымен ынтасы бар екенін шенеунік түсіне қояды. Жабайхан да ашылып сөйлеп, Платон, Аристотель Кант, Гегель, Эйнштейннен жатқа үзінділер келтіріп, әңгімелесе кетеді де министрдің көмекшісіне ұнап қалады. Ол беті бері қарап: «Жарайды, мен көмектесемін», деп министрге кіргізіп жібереді. «Министр менің ұсынған құжаттарымды оқып болған соң, МГУ-дің ректорымен телефонмен сөйлесіп: «Барлық талаптарға сай құжаттары бар екен, егер жарамды болса, аспирантураға қабылдаймыз», деп айтты да өтінішімнің жоғары жағына бұрыштама қол қойып берді», деп Жабайхан есіне алады. Министрдің келісімін алған соң, қуанышы қойнына сыймай, Жабайхан МГУ-дің ректорына тура тартты. Ректор философия факультетіне аспирантураға қабылдауға ұсынды. Факультет әңгімелесу түріндегі сынақтан өткізіп қабылдады. Бұл жерде айтайын дегенім – Жабайхан адамдармен сөйлескенде әу дегеннен-ақ тыңдаушысын өзіне қаратып алады. Осы дарыны оның бойында сақталып келе жатыр.
Жабайханның ғылыми жетекшісі болып профессор Е.П.Ситковский тағайындалды. Диссертациясына «Нақты ұғымның танымдық рөлі» деген тақырып алды. Бұнда да Жабайхан өзінің білімін білдіріп, көптеген аспиранттар іспетті жетекшісінің ұсынысына басын шұлғып отырмай, тақырыпты ашуға белсенділік көрсетті. Сөйтіп, біздің Жәкең инемен құдық қазғандай болған ғылым жолындағы өрлеуін осылай бастады.
Жабайхан диссертация жұмысын уақытында жазып бітіріп, сәтті қорғап, философия ғылымдарының кандидаты атағын алды. Алматыға оралып, Философия және құқық институтына ғылыми қызметкер болып орналасты.
Институт директоры С.З.Зиманов жатақханаға жолдама алып бермекші екен. Жабайхан: «Сізге рахмет, менің Қабдырахман деген досым бар, соның үйіне орналасармын. Ол да жуырда Ленинградтан келіп, бір бөлмелі пәтерде тұрады», деп жатақханаға бармай, маған келді. Мен де сол кезде Ленинградтағы аспирантурамды үздік аяқтап, академияға келіп Физиология институтына ғылыми қызметкер болып орналасқанмын. Абай мен Фурманов көшесінің жоғарғы жағында тұтқынға түскен жапондардың тастан қалап салған барақ үйіндегі бір бөлмеге жолдаманы жаңа алған кезім еді. Сол жерде бірнеше барақтар болды, жас ғалымдардың бәрі дерлік сол барақтардан бір-бір бөлме алып, бала-шағасымен, әке-шешелерімен бірге тұрып жатты. Кейіннен олардың көбі академик, профессор болды. Сол барақтарды қалжыңдап «Дом ученых» («Ғалымдар үйі») деп атайтын. Заманның қиын кезі, ыдыс-аяқ, төсек-орынды тауып алу оңай емес. Сол күні Керекуден Мақтай деген досымыз келіп, үшеуміз жинала қалдық. Үшеуміз өткен-кеткенді, студенттік өмірімізді еске алып, әйтеуір түнеп шықтық. Ертеңінде ҚазПИ-дің жатақханасынан уақытша пайдалануға екі төсек алдық та енді төсекте рақаттанып жататын болдық деп қуандық. Кейіннен сол барақтан Жабайхан да көшіп жатқан бір орыс кемпірінің бөлмесін алды. Сол екі бөлмеде біздер бір-екі жылдай өмір сүрдік, қонақтар жиі келетін, әңгімелесіп, баяғы замандағы дүниежүзілік философтардың, ғұлама шешендердің, қазіргі ғалымдардың ғылыми жаңалықтарының төңірегінде әңгімелесіп, өлең айтып, мәз болып тарқайтын едік. Біздің айналамыздағы достарымыз ішімдікке әуес болмады, театр, мәдениет, ғылым, жаңа романдар, жазушылар, көркемсурет шеберлері, қыздар біздің басты әуестігіміз болды.
Жылдар, күндер зымырап қызықты өтіп жатты. Орталықтан алған білімдеріміздің арқасында көзге түсе бастадық. Екеуміз үйлендік. Мен – Зайрамен, Жабайхан – Майданмен отбасын құрдық. Екеуміз де екі институтта аға ғылыми қызметкер болдық. Бала-шағалы болғаннан кейін де тату-тәтті араласып тұрдық. 1962-1963 жылдары екеуміз де Тимирязев көшесінің бойында жаңадан салынған төрт қабатты үйлерден екі бөлмелі пәтер алдық. Зайра мен Майдан біздің ғылыми жұмыстарымызды жалғастыруымызға жақсы жағдай тудырып, балалардың ауырмай-сырқамай өсуін, жақсы тәрбиеленуін қамдап, үй шаруасының ауыртпалықтарын өздері көтерді де біз алаңдамай қызметімізді атқарып, ізденісте болдық. Үй іші тіршілігінің дұрыстығынан біз ұсақ-түйекке алаңдамай, табысты қызмет еттік, еңбек нәтижелерімізбен одақтас республикалардағы үлкен жиналыстарға барып, танымал бола бастадық. Ғалым үшін бұдан артық не керек?
Еңбек
Іссапарға жиі баратынбыз. Бірде Жабайхан МГУ-ге бір іссапармен барғанда, өзінің жуырда ғана басылып шыққан «Проблема начала в теоретическом познании» деп аталған монографиясын орталыққа ала барыпты. Мәскеудің ғалымдары, әсіресе Ғылым академиясының профессорлары, МГУ-дің философтары, профессор М.М.Розенталь кітапты оқып, жоғары бағалап, осы кітап бойынша, диссертация жазбай-ақ, докторлық диссертация қорғауға болатынын айтып, ұсыныс жасайды. Көктен іздегені жерден табылды дегендей, қуанышы қойнына сыймай, Жабайхан қорғауға кірісті. Кітаптың 30 данасын поштамен тезірек жіберуін сұрап, Майданмен телефон арқылы хабарласты. Келген кітаптардың бәрін және авторефератты диссертациялық кеңес мүшелеріне, ресми оппоненттерге таратып берді. Қорғайтын күні тағайындалып, газетке хабарландыру жазылды (ол кезде 10 күн бұрын қорғалатын күні мен сағаты, орыны жарияланатын). Сөйтіп 2 ай ішінде Жәкең Мәскеуден докторлық диссертацияны қорғады. Философия ғылымдарының докторы атағын алды. Жәкеңнің жазған жұмысы ғалымдарға күшті әсер еткені сонша, Жоғары аттестациялау комиссиясы МГУ-дің диссертациялық кеңесінің шешімін бірден бекітіп, бір ай шамасында философия ғылымдарының докторы атағын берді. Ол заманда докторлық қорғау ұзаққа созылатын, Мәскеудегі аттестациялау комиссиясы ашылған жаңалық болмаса, бекітпейтін.
Осыдан кейін Ж.М.Әбділдин Алматыдағы Философия және құқық институтының диалектикалық материализм бөлімінің меңгерушісі болды, содан жоғарылап директоры болып тағайындалды. Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесіне ұсынылды. Жәкең өзінің адал еңбегімен академияның вице-президентіне дейін көтерілді. Австрия, Германия, АҚШ, Англия, Францияда өткен халықаралық философиялық конгрестерде ғылыми баяндама жасап, Қазақстан ғылымын дүние жүзіне паш етті.
Жабайхан Мүбәрәкұлының ғылымдағы жолы алаңсыз болды деп айта алмаймын. Оның да етегінен тартқандар, қызғаныш білдіргендер болды. Бірақ «аққа Құдай жақ» демекші, ол өзінің жүрегінің тазалығымен, ісіне беріліп, көп еңбек сіңіруімен алуан түрлі қиыншылықтардан мойымай өтті. Соның мынадай біреуі есімде қалыпты. Кеңес Одағында шет елге одақтас республиканың адамдарының жиналыстарға баруын Мәскеу шешетін еді. Сондай бір делегацияның құрамына Ж.М.Әбділдин ұсынылыпты. Мемлекеттік делегацияның құрамын КОКП Орталық комитеті бекітетін. Соны естіп Мәскеуде іссапармен жүрген бір басшы қазақ (марқұмның атын атамай-ақ қояйық) Жабайханды делегация құрамынан алдырып, басқа кісіні жібермекші болып, Орталық комитетке дейін барыпты. Орталық комитет оған: «Бұл делегация Қазақстанның атынан жіберілмейді, Одақтың атынан жіберілмекші, сондықтан Ж.М.Әбділдин осы делегацияның құрамында болып, Германияға барады», – деп кесіп жауап беріпті. Әрине, бұл соншалықты мән беретін оқиға емес, бірақ біздің арамыздан аяқтан шалатын жағдайлар кездесіп жатады. Менің бір өзбек досым: «Ағаш неғұрлым биіктеп, жоғары өсіп, жапырақтары көбейсе, соғұрлым адам саялайтын мол болады. Сол сияқты адамның мәртебесі өскен сайын оның маңайындағыларға тигізетін жақсылықтары да молынан болады, сондықтан біз бір-бірімізді қолдап, қолпаштап жүруіміз керек», дейтін еді. Бұдан шығары – заман әлі де болса қиын, біз бір-бірімізді аяқтан шалмай, өсейін деп тұрғандарға мүмкіндік беріп, талапты дарынды жастарға жол ашқанымыз халқымыз үшін дұрыс болар еді.
Ұйытқы
Ғылымның қарқынды дамуына ұйытқы болатын бір адам немесе бір топ ғалым болуы керек. Кейде ғылымның жақын салаларының арасынан бір ғылымның жүйесі озық шығып, басқалары соның соңына ереді. Жабайхан өзі қызмет істеп жүрген институтында сол жылдары философтардың арасынан озық шығып, соңына бір топ жас ғалымдарды ертті. Институттың Жабайхан басқарған философия бөлімі көзге түсе бастады да, институттың, Мәскеудегі орталықтың назарын аударып, қолдау тапты. Көреген әрі дана ғалым, институт директоры С.З.Зиманов талапты жас философтарға алаңсыз жұмыс істеп өсуіне мүмкіндік берді. Жабайханның төңірегіне философияның қызығына түскен жастар жиналып, топтала бастады. ҚазМУ-дің философия факультетінде оқып жүрген студенттерде таңдап алған мамандығына қызығушылық, еліктеу пайда болды. Жәкең өзі таңдап алған тақырыпты анықтай түсті де дамыта берді. Оның соңына ерген шәкірттер болды. Нәтижесінде 15 ғылым докторы, 40 ғылым кандидатына жетекшілік етіп, академиялық ғылыми мектебін күшейтті. Өзі ғылым қызметкері болып жұмысын бастаған институттың директоры сайланды. Ол басқарған диалектикалық логика жүйесі сол кезде басқа философиялық жүйелерден бір көш алда болды. Жұлқынып алға басқан осы ғылым саласы басқа ғылым салаларының нәтижелі жұмысына жағымды ықпал етті.
Жабайхан бастаған топ еліміздегі философия ғылымының диалектика, диалектикалық логика саласының іргесін қалады. Адамзат білімі жүйесінде ғылыми теорияға ерекше орын берілетінін және ойдың жүйелі дамуының нағыз талдау түрін, нақты танымның шарттарын көрсетті. Жәкеңнің басшылығымен бір топ ғалымдар адам қызметінің мән-мағынасын ғылыми түрде түсіндіру, теория мен тәжірибенің, бейнелеу мен творчествоның, субъектілік пен объектіліктік диалектикасын тереңдетіп, дамытты. Жабайхан басқарған топтың аса күрделі нәтижесі – төрт томдық «Диалектикалық логика» еңбегі. Бұл еңбек диалектика теориясын жүйелі түрде жасаудағы әлемдік деңгейдегі үлкен ғылыми жетістік. Диалектика теориясы, оның негізгі қағидалары мен категориялары туралы күрделі зерттеулердің нәтижесі мемлекет деңгейінде қабылданып, осы зерттеу жұмысын орындаған ғалымдар тобына Қазақстан Республикасының ғылым мен техника бойынша Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сөйтіп Ж.М.Әбділдиннің диалектикалық логика атты философиялық мектебі Бүкілодақтық мәртебеге ие болды, шетелдерде қолдау тапты. Философияның осы ғылыми жүйесі оның басқа жүйелеріне жетекшілік етіп, тұтастық шеңберінде алға басатын жол ашты, методологиялық бағдар болды. Жалпы, ғылыми тұрғыдан қарасақ, мұның маңызы зор, өйткені жаратылыстану саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар логика заңдылығына көбірек көңіл бөле бастады. Қоғамның тұтастылық заңдылығы табиғаттың тұтастығына ұласатынына күмән жоқ. Демек, барлық ғылым салалары бірімен-бірі байланысқан күрделі тұтас дүние.
Сөйтіп, Ж.М.Әбділдиннің ғылымдағы еңбегінің нәтижелері оны биік шыңға шығарды, ел аузына іліктірді, мемлекет және қоғам қайраткері етті.
Қайраткер
Ғасырлар бойы мемлекеттің боданы болып жүрген еліміз егемендік алған соң сыртқы саясат та, ішкі саясат та өзгерді, еліміз дамудың жаңаша бағытына аяқ басты. Қазақ мемлекетінің билік орындарына, парламентіне ұсыну, сайлау басталды. Қазақстанның шетелдермен достық қоғамы Жабайханды халық депутаттығына кандидат етіп ұсынды, ол көп дауыс алып депутат болып сайланды. Әрине, бұл орынға да таласушылар болды. Жәкең «Достық» ғимаратының үлкен мәжіліс залында болған жиналыста мінберге шыға сала, дайындап алған қағазына қарамай, жаңа заманның ерекшелігін, еліміз егемендік алған соң қандай бағытта болатынын, әсіресе, әлеуметтік дағдарыстан шығу жолдарын, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту сияқты көкейкесті мәселелерін шешендікпен, екпінді ораторлық дарынмен жайып салды. Залда отырғандар ду қол шапалақтап, қолдады. Саясаттағы жолын осылай бастаған Жәкең халық депутаты, Жоғарғы Кеңестің депутаты, 1995 жылдан 2009 жылға дейін Парламент Сенатының депутаты болды.
Академик Ж.М.Әбділдин Парламент Сенатының Халықаралық істер, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы міндетін атқарды. Адам құқы сияқты өзекті әлеуметтік мәселелермен айналысып, белсенді жұмыс істеді. Журналистер онымен жиі сұхбаттасып, сөйлеген сөздерін газеттерге қолма-қол бастырып шығаратын. Оның атқарып жүрген жұмыстары халық алдында ашық жарияланып жүрді. Сонымен қатар, депутат Ж.М.Әбділдин сайлаушылардың тілектерінің орындалуына атсалысып, талай адамдарға жәрдем берді.
Осындай халыққа, елімізге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани татулық сыйлығының лауреаты, Ш.Уәлиханов атындағы бірінші сыйлықтың жүлдегері атанып, бірнеше ордендермен, медальдармен марапатталды.
Мемлекет, қоғам қайраткері Ж.М.Әбділдин өзінің соңғы жылдары ғылыми, ұстаздық еңбектерін жинақтап, баспадан 5 томдық кітаптарын шығарды, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастарға философиядан лекция оқып, жастардың ой-өрісін шыңдап, тәрбиелеуге атсалысуға, магистранттар мен аспиранттардың, докторлық диссертациялардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік қызметін жалғастырып келеді. Қазіргі заманғы адамгершілік-философиялық танымды түсіндіріп, жастарды сол құндылықтарға баули ала білудің өзі үлкен еңбек емес пе?!
Ғұлама ғалым, халық мақтанышы болған ел ағасы, ұстаз, қадірлі әке, жан жолдас туралы өте көп жазуға да болады. Бірақ менің айтайтын дегенім – осындай азаматтың өмір жолы қазіргі жастарға өнеге, үлгі болса екен. Ғылым жолынан күдер үзбей, оның қай саласы болса да дамытып, елімізге, өз халқымызға еңбегін сіңірген адам ертелі-кеш шыңға шыға алады дегім келеді. Біздің халқымызда еліктейтін, үлгі болатын адамдар жоқ емес, баршылық. Тек қана соны көре білу керек. Сондай адамдарды халқымыз құрметке бөлейді, аға тұтады. Осыған орай, «Егемен Қазақстан» газетінде (2003, 31 қаңтар) Ж.М.Әбділдин туралы пікірін жазған философия ғылымдарының докторы, профессор А.Тайжанов мақаласын: «Ж.Әбділдин еңбектері біздің болашақ ұрпақ үшін де, олардың рухани тарихымыздың ақ-қарасын ажыратуы үшін де қажетті, құнды дүниелер», деп тұжырымдағаны жарасып тұр.
Қабдырахман ДҮЙСЕМБИН,
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
профессор.
АЛМАТЫ.
_________________________
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.