Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:25
Зеренді-Көкше өңірінің қыдырындай абыз тұлғасы Баян Жанғаловтың бақи сапарына аттанғанына да, міне, қырық күн болып қалды. Бойына халқымыздың қормал қасиеттерін түгел түгендеп тұтқан, бар қазаққа ортақ дерлік асылдың өзі, көненің көзі болатын. Алланың рахметіне бөленген армансыз адам болса, осы ардақты Баян ағамыз деп білдік. Жамбылдың жасын жасады. Үкілі Ыбырайдың көзін көріп, әнін тыңдады. Отызыншы жылдардың зобалаң қиыншылықтарын бастан кешірді.
Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:25
Зеренді-Көкше өңірінің қыдырындай абыз тұлғасы Баян Жанғаловтың бақи сапарына аттанғанына да, міне, қырық күн болып қалды. Бойына халқымыздың қормал қасиеттерін түгел түгендеп тұтқан, бар қазаққа ортақ дерлік асылдың өзі, көненің көзі болатын. Алланың рахметіне бөленген армансыз адам болса, осы ардақты Баян ағамыз деп білдік. Жамбылдың жасын жасады. Үкілі Ыбырайдың көзін көріп, әнін тыңдады. Отызыншы жылдардың зобалаң қиыншылықтарын бастан кешірді. Ұлы Отан соғысында от кешіп келді. Одан соң және Қазақстанда тың игерілген кездерден бастап қырық жыл бойы ат үстінде болып, өңірдің бірнеше ірі аудандарын басқарды. Кейінгі ұрпаққа көрнекті ісін, өрнекті ізін қалдырды. Ұлтымыз әсіресе, солтүстік өңірде азшылыққа айналған сол бір алмағайып шақтарда қазақтың атпал азаматтарының иығына түскен ауыр міндет-миссияны, тың игеру тауқыметтерін қара нарша көтеріп ала білді. Бүкіл Көкшетау облысында бірді-екілі ғана қазақ аудан біріншісі болған зымиян заманда ұлт намысын қолдан бермеді. Елдің елдігін ұстаған ер болды. Ешқашан сөз атасын өлтірмеді, халқына кір келтірмеді. Өзге ұлт өкілдері қазақтың қандай қайсар да дана халық екенін осы Баян Жанғаловтай жайсаңдарға қарап ұғынды.
Айта берсе, Баян ағаның ақылмандығын, сұңғылалығын, кең толғамды қарымын, санадағы сабырын, жүректегі жалынын паш етерлік әңгімелер де жетерлік. Қазір солар аңызға айналып барады. Алпысыншы жылдардың басында Алматыға үлкен бір жиынға келе жатқан жол үстінде алғаш кездескен жас Нұрсұлтан Назарбаевқа ақ бата беруі де тегін емес-ау. Қыдыр қасиеті, абыз көрегендігі дегеніміз осы шығар. Абыз қарияны Елбасы да ілтипатынан қалдырған емес. Тіпті, жергілікті әкім-қаралар көзге ілмей, ұмыт қалдыра жаздаған тұста Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы ат басын бұрып, Баян ағаны мерейлі тоқсан жасымен құттықтағаны есімізде. Ал өткен жылы ғана Астанадағы алқалы жиында баяғының дана билеріндей ақ сақалы желбіреген аққу қасиетті абыз елімізге тілек тілеп, ел бастаған Ерімізге тағы беріп еді батасын. Елдігімізге, егемендігімізге қуанышын жалпақ жұртқа жария етіп еді. Бұл өмірде арманы жоғын айтып еді.Жақсыдан әрдайым шарапат. Біз білген Баян ағаның өрі мен ылдиы бірдей болатын. Әбдіжәміл Нүрпейісов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Еркеш Ибраһим, Сәкен Жүнісов, т.б. қаламгерлердің шығармаларымен сырласатын, өздерімен сыйласатын. Ақан сері, Біржан салдардың әндерін де реті келгенде: «Үйірі қысырақтың мақпал қара» деп шырқап салатын. Ақылды сөздің де, қазақы қалжыңның да қайнар кені-тін. Абылайды хан көтерушілердің бірі Қанай би бабаның 300 жылдық асын өткізуге тоқсанға жедеғабыл жасында мұрындық болды.Мен жасымнан Баян ағамыздың мейір-қамқорлығын көбірек көрдім. Ол кезде Зеренді аудандық газетінің тілшісімін. Аупарткомның бірінші хатшысы өлеңдеріме, мақалаларыма назар аударыпты: «Бұл бала кім? Жазғандары тәуір екен» деп ұнамды пікір айтыпты редактор Баймұрат Азнабайұлына. Мұны естігенде төбеміз көкке жеткен. Сөйткен Баян аға облыстық газетке ауысып жатқанымда әдейілеп жолығып: «Сен туралы өзіміздің де бір жоспарымыз бар еді. Ал енді бет алып қойған екенсің, жолыңнан тоқтатпайық. Тек жүрген жеріңде көптің бірі болма, алды бол, абыройлы бол!» деп батасын беріп еді.Біраз жылдар өткенде Алматыдан «Зеренді қарағайлары» атты жыр кітабыммен барғанда аудандық Мәдениет үйіндегі жиында Баян аға бастап сөйлеп, «Мына «Зеренді қарағайларының» ішін асықпай, рахаттана араладым» дей келе, өнеге-ғибратқа толы ақ тілегін бабымен баяндап ақтарғаны есімнен әсте шықпайды. Тағы бір жолы Зерендіге жолым түскенде сәлем бере кірсем, жақында шыққан «Үш кезең» атты кітабына маған арнап, ертеден қамдап қолтаңба жазып қойыпты. Ол қолтаңба мынадай: «Қасиетті халқымның қадірлі азаматы Қанай шешен тегі Қорғанбек пен Рахиланың қасиетті қара шаңырағына арнадым. Ағалық ақ ниетпен» деп қолын қойып, айы-жылын (12.01.2006) көрсетіпті. Сол жолы Зерендінің шын мәніндегі дарағай қарағайларына, ел мен жердің қатпарлы тарихына зер салуым керектігі жөнінде айтқан тағылымын да ұмытпақ емеспін. Аға ақылы мені «Қанай-Абылай» дастанын жазуға қамшылап, ол туындым «Егеменнің» бетінде жарық көріп еді.Төмендегі өлең Баян ағаға, өз заманының заңғар Жанғаловына деген менің адами, азаматтық һәм інілік сағыныш хатым еді:
Қасиетті зәузаты Қанай шалдың,Қанайы деп бүгіннің сені айтармын.Тоқпақ жалды тұлпарды, уа, дүния,Тоқсан бестің торына қамай салдың!
Сендей асыл қамалмас торға бірақ,Сыр алдырмас сом тұяқ жолда жырақ.Ерте жетіп көмбеге елден ерек,Отырғандай көріндің сәл дамылдап.
Зерендінің таңбалы жартасындай,Қорытылған құнардың тортасындай,Байыбысың өмірдің, Баян аға,Баяндының баяғы балқашындай.
Сен десем де, сыйлығым, сіз десем де,Шиырлаған жолыңнан із кесем бе.Тасты жарған Зеренді қарағайынТабармын ба шам алып іздесем де.
Қатпарланған шежіре қордасындай,Қазыналы ойлардың ордасындай,Қасиетін халқының құйып алғанҚормалым-ай салмағы қорғасындай.
Батырасың пайымды шым тереңге,Барған сайын жолығам шын кемелге.Дәуіріңде дәуренің жүрген аға,Үн терем бе ізіңнен, сыр терем бе?
Бала кезден өзімді аялаған,Бағаласын жырымды Баян ағам.Бақытымды байқамай қалай жүргем,Бата берген Алашқа аян ағам?
Қаракөктің болатын бабы сенде,Қанай құтпан қалыпты қаны сенде.Қалыбынан айнымас қара сабам,Қасиеттің қазығы әлі сенде!..
Бүгін де айтарым осы сөз, ақтарарым осы сағыныш. Алланың рахметіне бөленіп, пейіште нұрың шалқысын, Баян абыз, әз аға!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».АЛМАТЫ.