• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Мамыр, 2019

Экономикалық өсім сақталып отыр

1131 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2019 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

Ішкі жалпы өнім 4 пайызға өсті

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қаңтар-сәуір айларында ІЖӨ өсімі 4 пайызға же­тіп, қаңтар-наурыздағы (3,8 па­йыз) көрсеткішке қарағанда өсе түсуі­не өңдеу өнеркәсібіндегі, қыз­­меттер саласындағы жеделдеу, сондай-ақ құрылыс пен ауыл шаруа­­­­шылығындағы тұрақты қар­қын­­ның нәтижесінде қол жет­ке­нін айтып өтті. Инвес­тиция­лар көлемі 6,7 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығында, құры­лыста және өнеркәсіпте инвести­циялар келуі жақсара түскен.

– Өңдеу өнеркәсібінде өсуге бағытталған тренд сақталып отыр. 4 айда шығарылым 3,5 пайызға дейін ұлғайды. І тоқсанда өсу 1,6 па­йызды құраған болатын. Өң­деу қарқынының артуына мұнай­ды қайта өңдеудегі, машина жасау­дағы, сусындар өндірудегі өсудің үдеуі әсер етті, – деді Р.Дәленов.

Оның айтуынша, құрылыс саласындағы серпін сақталып, жұмыс көлемі 8,4 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын ұстап тұр. Өндіріс көлемі 3,6 пайызға артқан. Бұл мал шаруашылығының 3,7 пайызға ұл­ғаюы есебінен қамтамасыз етіл­ді. Ал өсімдік шаруашылығы өт­кен жылғы деңгейде сақталды. Соны­мен қатар өсудің жеделдеуі қызмет көрсету саласында байқалады.

 – Әсіресе сауда саласы өсудің алдыңғы қатарында (7,3 пайыз). Бұл негізінен автокөлік құралдарын, автобөлшектерді, мұнай өнімдерін және жанар-жағармай сатудың артуымен байланысты, – деді Ұлттық экономика министрі.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляция белгіленген мақ­сатты дәліз 4-6 пайыз шегінде сақ­талғанын айтты. Жыл басынан бері көрсеткіш 1,8 пайызды құрады. Сәуірде айлық инфляция 0,5 пайыз болған еді. Теңге жыл басынан бері 1 пайызға нығайды.

Салалық бағыттар бойынша көрсеткіштердің төмендеу себеп­тері және оң қарқынға қол жет­кізу үшін жасалып жатқан жұмыс­тарды қарау барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облы­сының әкімі Ералы Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаев, Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Болат Сұлтанов баяндама жасады. Р.Скляр мәлімдегендей, жылдың соңына дейін көмір өн­діру, қара металлургия, темір кенін өндіру көлемі бо­йынша жағдай ретке келтіріледі. Энергетика бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов биылғы төрт айда мұнай өндіру көлемі 29,5 млн тоннаны құрағанын, бұл жоспарға сәйкес екенін айтты.

Бюджет түсімдері артығымен орындалды

2019 жылғы 4 айдағы республи­ка­лық бюджеттің орындалуы туралы баяндаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке түсімдер 3 трлн 993 млрд теңгені құрады. Шығыстар – 4 трлн 128 млрд теңге. 1 мамырдағы жағдай бойынша 316 млрд теңге көлемін­де бюджеттік қаражат қалдықтары қалыптасты.

Республикалық бюджетке 2 127 млрд теңге түсті. Бұл жоспардан 19 млрд теңгеге, ал былтырғы төрт ай­дың көрсеткішінен 345 млрд тең­геге артық. Өсу қарқыны 119,4 пайызды құрады.

– Жергілікті бюджеттердің кірістері 91 млрд теңгеге артығымен орын­далып, 761 млрд теңгені құра­ды. Асыра орындалған жалпы соманың 74 млрд теңгесі жергілікті салықтарға тиесілі. Мемлекеттік бюджет шығыстары – 97,8 пайызға, республикалық бюджет шығыстары – 98,3 пайызға және жергілікті бюджеттер 98 пайызға атқарылды, – деді Ә.Смайылов.

Қаржы министрі атап өткендей, ағымдағы жылы өңірлерге бөлінетін мақсатты трансферттер көлемі 1 638 млрд теңгені құрайды. Бюджетті нақ­ты­лау кезінде мақсатты тран­сферт­тердің сомасы 873 млрд тең­ге­ге ұлғайтылды. Олар азамат­тық қыз­метшілердің, оның ішін­де мұ­ғалімдердің, медицина, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын өсіруге, көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек шараларын күшейтуге, оларға тұрғын үй салуға, «Ауыл – ел бесігі», «Жас маман» жобаларын іске асыруға бағытталды.

Ә.Смайылов сонымен қатар Жеке­шелендірудің кешенді жос­пары­ның орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 125 нысан сатылуы тиіс. Есепті кезеңде 83 нысан сатылуға қойылды. Оның ішінде 31 млрд теңгеге 25 нысан сатылды, 58 нысан сатылу барысында.

Үкімет басшысы А.Мамин Ұлттық банк төрағасының, Ұлттық экономика, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің, облыс әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, экономика өсімінің оң қарқыны сақталғанын атап өтті.

 – Осы қарқынды сақтап қана қоймай, экономиканы одан әрі дамытуға қажетті шараларды да қабылдау керек, – деп тапсырды Премьер-Министр.

Негізгі базалық көрсеткіштер бойынша экономика өсіміне Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Атырау облыстарында қол жеткізілген. Өз кезегінде Маң­ғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­ларының әкімдіктеріне Үкімет басшысы құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемдерін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

– Төмендеуге жол берілген өңір­лердің әкімдіктері жоспарлы көрсеткіштерге шығуы қажет, ал көш бастап тұрған өңірлер қолда бар қарқынды төмендетпеуі керек, – деді А.Мамин.

Осы жылдың төрт айының қоры­тын­дысы бойынша республи­ка­лық бюджетке 2,1 трлн теңге кіріс кіріп, өсім қарқыны 119,4 па­­­­йызды құрады. Есепті кезеңде рес­­пуб­­ликалық бюджетті игеру – 98,3 пайыз. А.Мамин бірқатар бағдарлама әкімшілерінде бюд­жеттің толық орындалмауына байла­нысты жұмысты күшейтіп, бюджет қаражатын уақтылы игеруді қам­тамасыз етуді тапсырды.

 – Қолда бар қорларды тиімді пайдалану қажет. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму және басқа да салалық мемлекеттік бағдар­ла­малардың сапалы әрі толық іске асырылуын қамтамасыз ету қажет, бұл экономиканы дамытуға елеулі серпін береді, – деді А.Мамин.

Электронды сауда дамып келеді

Үкімет отырысында электронды сауданы дамыту мәселелері де қаралды.

Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов электронды сауданың әлемдік нарығын дамыту, болжамдар, сондай-ақ Қазақстанда электронды сауданы дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 2018 жылдың қорытындылары бойынша елімізде онлайн-сауда нарығының көлемі 1,5 есеге өсіп, 269 млрд теңгені құрапты. Электронды сауданың үлесі 2,9 пайызға тең. Электронды саудадағы белсенді сатып алушылардың саны 2 есеге артып, 2,3 млн адамға жеткен. Нарықта 1700-ден астам дербес интернет-дүкен жұмыс істейді, 1 млн-нан астам ШОБ нысанында өз тауарларын сатуға мүмкіндік беретін 20-ға жуық электронды сау­да алаңдары (маркетплейс) жұмыс істейді.

Қазақстандағы электронды коммерция нарығы құрылымының 68 пайызын тауарлар саудасы құраса, 32 пайызын көрсетілетін қызметтер құрайды. Тауарлардың ішінде құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім және аяқ киім үлкен сұранысқа ие. Көрсетілетін қызметтердің ішін­де – әуе және теміржол билет­терін сату, мәдени іс-шаралар мен ком­мунал­дық қызметтер үшін ақы төлеу электронды негізде дамып келеді.

Е-коммерция үшін инфра­құрылым мен сервистерді дамыту туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Цифрлық даму, қорға­ныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады. Оның айтуынша, бөлшек сауданың жалпы көлемінде электронды сауда үлесінің жоспарлы көрсеткіші 2,9 пайызға өскен. 2025 жылы электронды сауда бөлшек сауданың 24 пайызын құрайды. Онлайн-сатып алушылардың саны 2025 жылы 15 млн-ға жетуге тиіс. 2018 жылы электронды коммерцияда 43 мың жұмыс орны құрылыпты.

Өткен жылы электронды сауда саласында заңнаманы жетілдіру шаралары қабылданды. Нәтижесінде жаңа Салық кодексінде бизнеске ыңғайлы нормалар енгізілді, ұғым­дық аппарат кеңейтілді, тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау қағидаты бекітілді.

Электронды сауда құрылымы туралы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің баянда­масында айтылғандай, пошта ин­фрақұрылымын дамыту «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ трансформация­лау бағдарламасы аясында жүр­гізі­лу­де. Бүгінде Қазақстанда пош­та саласының барлық заманауи инф­рақұрылымы енгізілген. Алматы қаласында тәулігіне 120 мың сәлем­демені өңдеуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған сұрып­тау машинасы орнатылды.

Мәселені қорытындылаған Үкі­мет басшысы электронды сауданы экономиканың өсуінің қозға­ушы күштерінің бірі ретінде қарас­тыру қажеттігін атап өтті. Дамыған ин­ф­ра­құрылымды ескеру, электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкін­дік береді. Бүгінде аталған және іргелес салаларда 33 мың адам жұ­мыс­пен қамтылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 314 мың адам­­ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Болжамдарға сүйенсек, 2025 жылға қарай қазақстандық интернет алаңдардағы сатып алу көлемі 153 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өсіп, бөлшек сауданың 25 пайызын құрайтын болады. Электронды коммерция аясында логистикалық компаниялардың транзиттен күтіле­тін кірісі 2025 жылға қарай 1270 млрд теңгеге дейін өседі.

Премьер-Министр электронды сауда арқылы отандық ауыл шаруа­шылығы өндірісінің және басқа да өңдеу өнеркәсібі өнім­дерін шетелдерге, оның ішінде Қытай нарығына өткізу әлеуетін атап өтті. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерін элек­трон­ды сауда арқылы өткізу жыл сайын 20 пайызға өсетін болады. Осыған байланысты, Үкімет басшысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық ірі қалаларында көлік-логис­тикалық орталықтарды іске қосу бойынша жұмыстарды жалғас­тыруды тапсырды. А.Мамин атап өткендей бұл жұмысқа отандық және шетелдік инвесторларды, соның ішінде мемлекет-жекешелік әріп­тес­тігі тетіктерін қолдану арқы­лы тарту керек. Сондай-ақ Қорғас­та қазір жұмыс істеп тұрған инфра­құрылымды пайдалану мүмкіндігін де қарастырған жөн.

Премьер-Министр тиісті сала басшыларына 2025 жылға дейінгі электронды коммерцияны дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.