• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Мамыр, 2019

«Ақжол» Ақ Жайық өңірінде жастармен кездесу өткізді

868 рет
көрсетілді

Орал қаласында «Ақ жол» партиясынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның Батыс Қазақстан аймақтық штабы мүшелері Батыс Қазақстан облысы орталығындағы оқытушы және студенттер қауымымен кездесті.

«Зенит» мәдениет үйінде өткен жиынға 500-ден астам жастар қатысты. Батыс Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар қызметі университеті мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстаздар құрамы, белсенді студент жастар еліміздегі аса маңызды сайлау додасына қатысып жатқан партия үміткерінің бағдарламасын ден қоя тыңдады. Кездесуде таратылған үгіт-насихаттық материалдар, сахна төріндегі алып монитордан көрсетілген бейнероликтер қазақ және орыс тілдерінде саяси партия атынан сынға түскен үміткердің сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі хабардар етті.

- Мен соңғы күндері еліміздің әр өңіріне сапар шегіп, сайлау науқанына орай түрлі ұжымдармен кездесіп жүрмін. Осындай кездесулерде халық біздің үміткеріміз Дания Еспаеваның қарапайым адами тұлғасына, жеке өміріне қатысты сауалдарды жиі қояды. Шынында да адамның жеке өмірін жақын білгенде, оны жаңа қырынан тани түсетініміз рас. Дания Мәдиқызы көпбалалы отбасында дүниеге келген, бір жасында анасынан, 12 жасында әкеден айырылып, тағдырдың қиындығына шыңдалып өскен қайраткер тұлға. Мектеп пен ЖОО-да тек үздік оқып, қаржы саласында қызмет етіп, адал еңбегімен мансап биігіне шыққан қайсар қыз. Өндірістің әр саласын, кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік білетін Дания Еспаева өзінің қызмет баспалдағында тек қана кәсібилікті, адалдық пен шыншылдықты мұрат еткен. Ол Парламент қабырғасында жүргенде де елге пайдалы талай іс атқарды. Нақты бір мысал келтіре кетейін: Анау бір жылдары педиатр мамандығы медициналық оқу орындарынан алынып, емханаларда балалар үлкендермен бірге қарала бастаған кезде алдымен дабыл қағып, бұл келеңсіздікті жоюға атсалысқан да – Дания Мәдиқызы болатын. Біздің үміткердің қоғамды жайлаған сыбайлас жомқорлыққа қарсы көзқарасы да ерекше. Жалпы, менің ойымша шаңырақта үйлесімділік орнату, қоғамды қоқыстан тазарту ісіне ер адамнан гөрі әйел адам бейім келеді. Дания Еспаева бүгінгі Қазақстан қоғамын жаңаша өзгертудің айқын жоспарын ұсынып отыр. Сондықтан, 9 маусым күні еліміздің сайлаушылары лайықты таңдау жасайды деп ойлаймын, - деді Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген мейман, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев.  

Белгілі алаштанушы ғалым, Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының төрағасы Дәметкен Сүлейменова да өз сөзінде бүгінгі «Ақжол» партиясы мен тарихи «Алаш» қозғалысының арасындағы байланыс, сабақтастық туралы нақты мысалдармен келтіріп өтті. Аймақтық штаб жетекшісі, партияның облыстық филиалы төрағасы Серік Мерғалиев «Ақ жол» партиясының қоғамның прогрессивті өкілдеріне, әсіресе жастарға арқа сүйейтінін баса айтты.

- Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Батыс Қазақстан өңірінде өте белсенді жүруде. Біз түрлі ұжымда, ЖОО, ірі компания, өндіріс орындарында халықпен жиі кездесіп, ой-пікірін біліп, өзіміздің үміткердің бағдарламасымен таныстырып жүрміз. Бүгінгі кездесуіміз де жоспарымызға сай өтіп жатыр, - дейді партия филиалы төрағасының орынбасары Рада Хайрушева.

Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты.

Батыс Қазақстан