Елбасы мақаласы талқыланды
ЮНЕСКО Бас директорының қамқоршылығымен және ЮНЕСКО жанындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Тұрақты өкілдіктерінің белсенді қолдауымен өткен форумға әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар жиналды. Форум Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатымен ашылды.
Хатты Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі және ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Жан Ғалиев оқып берді.
«ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық дәстүрінде өтіп жатқан бүгінгі халықаралық форумның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын!Көптеген елдердің ғалымдары, тарихшылары мен тіл мамандары қатысып отырған мұндай алқалы жиынның Еуропа төрінде, Париж қаласында өтуінің маңызы ерекше. Форум барша адамзат тарихымен ұштасатын тарихи-мәдени мұраларымыздың ғылыми айналымдағы өрісін кеңейтеді деп үміттенемін.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қырының» басымдықтары ұлан-ғайыр даламыздан тамыр тартқан халықтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен тәжірибесінен тағылым алу, болашақ жас ұрпақты мәдениетаралық үйлесім рухында тәрбиелеу ісіне тың серпін беруде.
Менің бастамаммен құрылған Халықаралық Түркі академиясы аталған бағытты ғылыми интеграция тұрғысынан дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Соның бір айғағындай осы жиын бай тарихымыз бен адамзат ақыл-ойы қазыналарының терең тамырларын өзгеше қырынан пайымдап, жаңа мәдениетаралық қатынастар көкжиегіне жол ашады деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» делінген Елбасының құттықтау хатында.
Содан кейін сөз алған Әзербайжанның Франциядағы елшісі Рахман Мұстафаев жиынның Түркі халықтары үшін маңызды екенін атай отырып, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің форум қатысушыларына арналған құттықтау хатымен таныстырды. Әзербайжан басшысының үндеуінде: «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» тақырыбына арналған форумның ЮНЕСКО-да өтуі Түркі халықтарының ежелгі тарихының, әлем өркениетіндегі рөлінің үлкен маңызға ие екенін көрсетеді.
Форумның Әзербайжанның ақыны Имададдин Насимидің 650 жылдығына тура келуі бізді қуантады. Әзербайжанның классикалық поэзиясындағы, қоғамдағы, тарихымыздағы Имададдин Насимидің ерекше орнын ескере отыра, биыл елімізде «Насими жылы» деп бекітілді. Бұл тұрғыда жалпы мәдени байлықты өз талантымен байытқан сөз ұстасы Имададдин Насимидің мерейтойы форум шеңберінде аталып өтетініне қуаныштымын» делінген Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің құттықтау хатында.
Сондай-ақ И.Әлиев аталған жиын халықтарымыз арасындағы байланысты одан әрі тереңдете түсеріне сенім білдіріп, тарихи мұралардың зерттелуіне зор үлес қосып жүрген Халықаралық Түркі академиясына алғыс айтқан.
Осыдан кейін сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі бұл жиын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арналғанын атап өтті. Іс-шараның маңыздылығы туралы әңгімелеп, Ұлы даланың әлемдік өркениетке зор үлес қосқанына тоқталды.
«Ежелгі Мысыр, Қытай, Иран, Үндістан, Рим секілді іргелі елдермен терең қарым-қатынас орнатып, өзіндік әліпби жасап, іргелі өркениет құрған Ұлы дала тұрғындары Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған алтын арқау болған. Сондықтан бүгінде ғалымдар көшпелілерді «жаулаушы ғана емес, өркениет жасаушы және елдерді бір-біріне жалғаушы» ретінде бағалайды», деген Д.Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО-да іргелі жиын өткізуді дәстүрге айналдырғанын айтты. Сондай-ақ қолдау көрсетіп отырған ЮНЕСКО-ға ерекше алғысын білдірді.
«Келер жылы Тоныкөк ескерткішінің орнатылуына 1300 жыл, ойшыл ғалым әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, түркі әлеміне белгілі ақын Юнус Эмренің қайтыс болғанына 700 жыл, Абайдың туғанына 175 жыл толуын атап өтуді жоспарлап отырмыз», деді Д.Қыдырәлі.
Форумда ЮНЕСКО Бас директорының Халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары Фирмин Эдуардо Матоко сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ іс-шараның әлем тарихында Түркі мәдениетінің қолтаңбасын анықтауға ықпал ететініне сенім білдірді.
Айта кетерлігі, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен ЮНЕСКО-ның Халықаралық қатынастар және Африка департаменті Бас директорының орынбасары Фирмин Эдуардо Матоко форумнан кейін арнайы кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Бұдан бөлек, жиында ғалымдар Түркі мәдениетінің әлемдік өркениеттегі алатын орнын талқылады. Үндістандық ғалым, Индира Ганди атындағы Ұлттық мәдениет орталығының профессоры Мансура Хайдар өз баяндамасында Түркілердің Үндістандағы білім мен ғылым саласына қосқан үлесін тарқатып айтып берді.
«Үндістан тарихында түркілер Дели сұлтандығы мен Ұлы Моғолдар дәуірінде билік құрды. Олар Үндістанда білім мен ғылым саласында жаңа әдіс-тәсілдер енгізді. Мәселен, балаларға білім беру ісінде түркілер медреселер жүйесін құрды. Білім саласына қажетті діни, ғылыми және технология саласындағы шығармаларды сыртқы елдерден алып, дамытып отырған. Түркілер математика, музыка, астрономия және механиканы дамытуға көп көңіл бөлген», деді М.Хайдар. Париж университетінің профессоры Ванда Дресслер жылқының қолға үйретілуінің маңызына тоқталды.
«Көшпелі өмірдің басталуына, біріншіден, біздің дәуірімізге дейін алты мыңыншы жылдары Қазақстан аумағында жылқының қолға үйретілуі ықпал етті. Екіншіден, Қазақстанның солтүстік-шығысында Андронов мәдениетінде алғашқы металлургияның дамуы мен дөңгелектің жасалуы көп жағдай жасаған. Бүкіл адамзат деңгейіндегі осы екі жаңашыл өзгеріс көшпелі әскери жүйенің дамуына себеп болды. Көшпелі өмір салтының ең басым тұсы – оның тез икемге келіп, сыртқы ортаға бейімделе алуында. Осының арқасында көшпенділер алып, ұлы империялар құра білді. Осы орайда аталған мәселелерді ұғынып, бағдарламалық мақала ретінде ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғыс білдіремін», деді В.Дресслер.
Форумға жиналғандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Еуразия кеңістігіндегі тарихи үрдістерді жүйелеу мен оған жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауда өте құнды екенін айтты. ЮНЕСКО өкілдері мақаладағы жылқының қолға үйретілуі, Ұлы даладағы ежелгі металлургия және аң стилі сияқты құнды дүниелердің әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше орны бар екенін атап өтті.
Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілдіФорумда Алтын Орда мемлекетінің тарихтағы орны мен Талас құрылтайының саяси мәні жан-жақты талқыланды. Алқалы басқосуда әлемге танымал түркологтар Алтын Орда мен Талас құрылтайының 750 жылдығына орай ойларын ортаға салып, ғылыми қауымның назарына тың деректер мен жаңа тұжырымдарды ұсынды.
Мәселен, белгілі түркітанушы, АҚШ ғалымы Юлай Шамилоғлы «Алтын Орда және оның әлемдік өркениетке жасаған ықпалы», Татарстан Ғылым академиясы А.Х.Халиков атындағы археология институты директоры Айрат Ситдиков «Алтын Орда археологиясы: зерттеудің жаңа сатысында», Өзбекстан Республикасы Ә.Науаи атындағы университеттің профессоры Ғайболла Бабаяров «Қаған» және «Хатун» титулдары жазылған ескі түрік монеталары», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының профессоры Айболат Кушкумбаев «Алтын Орда түркі халықтарының тарихында», Британиялық ғалым Арслан Койчиев «Моғолстан және оның қырғыз, қазақ халқы тарихындағы орны» тақырыптарында баяндамалар жасап, ауқымды ғылыми мәліметтері мен жаңа көзқарастарын зиялы қауымның талқысына ұсынды. Ал Мичиган университетінің (АҚШ) профессоры Тимур Кожаоғлы, голландиялық ғалым Мехмет Түтінжі, Қырғыз Республикасы, Жоғарғы Кеңес депутаттары Қаныбек Иманәлиев пен Садық Шернияз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңыздылығы туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ биылғы жиында түркітілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасына 950, ақын Имадеддин Насимидің туғанына 650 жыл толуы секілді айтулы тарихи даталарға байланысты талқылаулар мен пікір алмасулар өтті.
Айта кетерлігі, жиынға АҚШ, Франция, Голландия, Латвия, Мажарстан, Ресей, Қытай, Үндістан, Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдерден келген 100-ге жуық ғалым мен халықаралық ұйымдардың, ЮНЕСКО-ның өкілдері қатысты. Форум жұмысы «Ұлы дала: кеңістік пен уақыт көкжиектері», «Түркі өркениеті және оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі тарихын қайта бағамдау: жаңа әдістер мен жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын үш сессиядан құралған.
Іргелі жиын түркітілдес елдердің тарихында айрықша орны бар атаулы даталармен тұспа-тұс келіп отыр. Атап айтар болсақ, биыл Алтын Орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайына 750 жыл, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуына 950 жыл, ақын Имадеддин Насимидің туғанына 650 жыл толады.
Жиын соңында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бірқатар ғалымдарға арнайы марапаттар ұсынды. Атап айтқанда, Үндістанның Индира Ганди атындағы Ұлттық мәдени орталығының (IGNCA) қызметкері, профессор Мансура Хайдар, Париж университетінің профессоры, тарихшы Ванда Дресслер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, академик Болат Көмеков, Түркия Республикасының ЮНЕСКО істері бойынша Ұлтық комиссиясының өкілі, профессор Оджал Огуз Халықаралық Түркі академиясы «Алтын медалінің» лауреаты атанды.