Жаңа бас бапкердің есімі қалың жанкүйерге етене таныс. Тоқсаныншы жылдардың басында КСРО халықтары Спартакиадасында күміс медальді иеленген қандасымыз тәуелсіздік алғаннан кейін де отандық күрес өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Атап айтсақ, ол 1995 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1999 жылы әлем чемпионы, 1998 жылы Азия ойындарының жеңімпазы, 1995 және 2000 жылдары Азия чемпионы атанды. Басқа да толып жатқан атақтары тағы бар.
Байсейітовтің даңқы жер жарған ресейлік Мнацкан Искандерян және атағы алысқа тараған кубалық Филиберто Агилера Аскуямен айқасы Дүниежүзілік күрес қауымдастығының алтын қорына енді. Өз дәуірінің теңдессіздері атанған айтулы қос балуанды кезінде қазақтың қайсар ұлы әдемі ұтқан еді.
Үлкен спорттан қол үзгеннен соң да Бақтияр Байсейітов боз кілемнен алыстаған жоқ. Ол республикамыздың бас командасы сапында жаттықтырушылық қызмет атқарды. Міне, енді Қазақстанның ұлттық құрамасының тізгінін ұстады.