• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2013

Арылу

454 рет
көрсетілді

Арылу

Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:23

Біздің тұқымның Тоқсейіт атты әпен­ділеу бір күйеуі болды. Аңсағай бойлы, ұйпа мұртты, көк көз сары кісі еді. Аңқылдап есілте әңгіме айтып отырып, арасында ойдан қосып өтірікті де сықпыртып жіберетін. Сондықтан жұрт Тоқаңның өзіне сенсең де, сөзіне сенбе дейтін. Өзіне сен дейтіні жұмысқа келгенде жапырып жіберетін де, сөзіне сенбе дейтіні, айтқандарының әудемге бармай-ақ шикілігі шығып жататын.

Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:23

Біздің тұқымның Тоқсейіт атты әпен­ділеу бір күйеуі болды. Аңсағай бойлы, ұйпа мұртты, көк көз сары кісі еді. Аңқылдап есілте әңгіме айтып отырып, арасында ойдан қосып өтірікті де сықпыртып жіберетін. Сондықтан жұрт Тоқаңның өзіне сенсең де, сөзіне сенбе дейтін. Өзіне сен дейтіні жұмысқа келгенде жапырып жіберетін де, сөзіне сенбе дейтіні, айтқандарының әудемге бармай-ақ шикілігі шығып жататын.

Ауылдастардың айтуына қарағанда, біздің ел баяғыда Баранкөл жақтағы Жекебаяқ жайлауында отырғанда желөкпе жас бозбала ол ауылдан жалғыз өзі қашып кетіп, он алтыншы жылғы Торғай көтерілісіне катысып, Кейкі батырдың қоластында айқасыпты. Одан алаштікі ме, әйтеуір бір милицияда қызмет істеп елге үш-төрт жылдан соң бір-ақ оралыпты. Және дудыратып шаш қойып, сап-сарала киініп келіпті.Сол жездеміз Ұлы Отан соғысы жылдары еңбек армиясы қатарында аз уақыт болып оралысымен: «Қойлыбайдан бата алдым, Тоқсейіт бақсы атандым», деп балгер боп шыға келді. Ауыл-ауылды аралап науқастарды үшкіріп, тамырын ұстап, ішірткі жазып беретін болды. Онысы, әрине, ақысыз да болмайды. Бала-шағасына аздап азық-түлік те алып кеп жүрді. Елге келсе-ақ Жұмабек етікші шауып берген қылқобызын сарнатып қызыл іңірде: «Жын атасы – Қойлыбай, тілегімді бер құдай!» деп зарлайды да отырады. Ауыл балалары кеш болса-ақ үймелеп соның жанына жиналамыз. Онша әсем болмағанымен, қоңыр дауысы қобызға қосылғанда тәп-тәуір шығады. Бақсылар піріне сыйынып біраз сарнап алған соң Тоқаңның басқа да бір зарлы әуендерге салып мұңға бататыны тағы да бар. Көбіне ол Кейкі батырдың ғазауатына басады.Атқа салдым ерімді,Бермедім жауға жерімді.Мұсылманнан жау шығып,Сындырдың Алла-ай белімді.

Атқа салдым терлікті,Дұшпанға қылдым ерлікті.Менен кейін халқым-ауКөрерсің талай қорлықты.

Атқа салдым ыстанды,Көтердің Алла дұшпанды.Сұрағанға сәлем айт,Кейкі батыр ұсталды.

Әбдіғапар, қайдасың,Өнердің көрдік пайдасын.Ғаспи-Рахман товарищ,Асырып кетті-ау айласын.

Қарындасым қанатым,Алмас қылыш болатын.Еркек те болып тумадың,Жаудан айырып алатын.Бір күні осы өлеңді естіп қалған Ша­лабек деген белсенді: «Тоқа, Кейкінің Ке­ңес өкіметіне қарсы болып басы ке­сілгенін білесің бе? Оның зарын жұртқа жаюды қоймасаң, сен халық жауы атанып Ақтай құсап итжеккенге айдалып кетесің», – деп қатты ескертеді. Содан бастап жездеміз Кейкінің әні тұрсын, өзін де ауызға алуды кілт доғарды. Бірақ ол зарлы жыр біздің жадымызда жатталып қап, Кейкі батыр пәк көңілдің бір түкпірінде тұрақтады да қалды.Кейін Қарағандыда оқып жүрген жылдары студент достармен бір басқосуда жаттанды әндерді жайдақтай бермей, ел аузындағы ескі жырларды да жаңғырта отырайық деген ұсыныс қылаң беріп, мен Кейкінің осы зарын аңырата жөнелген едім. Сонда бір курс жоғары оқитын әдебиетші досым Әубәкір Қылышбаев:– Апыр-ай, бұл өлеңді көкшетаулық сен қайдан білесің?! – деп таң-тамаша болғаны бар.– Оның қайран қалатын түгі жоқ. Бұрын біздің ауылдар Көкшенің шұбарынан шығып, жаз жайлауын Торғай өңіріне іргелес Баранкөл төңірегіндегі Жекебаяқ жазығында өткізіп, тіпті Терісаққанға де­йін келеді екен. Демек, он алтыншы жылғы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне біздің жақтың жігіт­терінен де қатысқан жаужүректер болған ғой. Ал Амангелді мен Кейкі түйенің екі өркеші тәрізді егіз ұғым емес пе? Кейкі айқасқа ғазауат айтып кіреді екен деуші еді қариялар. Шамасы, бұл өзі ұзақ өлең болуы керек. Оның түгел нұсқасын сен білетін шығарсың?! – деп досыма аңтарыла қарадым.– Ұят та болса айтайын, осы өлеңді мен білмеймін. Бала кезімде бейуақ мұңға батып аналарымыз осы әуенді оңаша сызылтып отырушы еді. Содан көңілімізде сарыны ғана қалған ғой. Бер­тін Кейкінің сөзі тұрсын, өзін ауызға алу қиямет-қайым қатерге айналған жоқ па. Ал шынтуайттап келсе, ол бізбен аталас. Бәріміз қыпшақтың Құлан тайпасынан тараймыз. Әкем Қылышбай оның оң қолы, Сардардың жүзбасы болған, әйтеуір әкемді Амангелдінің сарбазы демесек, Кейкінің қазір атын атауға да болмайды ғой, – деп Әубәкір ауыр күрсінген-ді.Дегенмен, кешегі қандыауыз қызыл саясаттың тұсында іштен тынып, ашық айтпағанмен, зиялы қауымның жаны ізгі жайсаң өкілдері елім деп еңіреп өткен ерлерін естен шығарған емес. Жан-жағына жалтақтай отырып-ақ өзара кездескенінде ертеңін ойлар кейінгі толқынның есінде жүрсін дегендей, олар жайында талай шежіре шертер еді. Әлі есімде, елуінші жылдардың орта шенінде Қарағандыдан Жазушылар одағының бөлімшесін ашпақ оймен келген Тахауи Ахтанов сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» меншікті тілшісі, ақын Алдажар Теміржановтың үйінде отырып біздің буынға беймәлім бірер тұлға жөнінде айтқаны бар.– Иманжүсіп Арқадағы сал-серілердің соңғы тұяғы ғой, шіркін! Батыр десең батыр, ақын десең ақын, саятшы десең саятшы – сегіз қырлы бір сырлының өзі! Алапат күшіне азаматтық ісі және сай.Майысып көлге біткен құрақтайын,Мен неғып бір орнымда тұрақтайын.Астамшыл аузы түкті кәпірлердіБақыртып бауыздаушы ем лақтайын, –деп одан басқа кім айта алсын. Алып­тық пен нәзіктік тел өбісіп жатқан жоқ па. Ұлығың да, мұжығың да оған бәрібір. Барлығын отаршыл деп білген ғой ол. Кәдімгі «сары орыстың – бәрі орыс» дейтін Кейкі батыр секілді, – деп бастап, сырбаз жазушы Амангелді сардардың сенімді серігі бала күнінен бірге өскен үзеңгілес досы Кейкі батырға ойысқан.– Кейкі Амангелді опат болмай тұрып өліп кеткенде атағы көпке ғана емес, көкке жететін қаһарман еді ғой, – деп ол тағы да бір ойдың шетін шығарды. – Сардардың құпия қазасын кейін жанында жөн-жоба нұсқап жолға салар не Әліби жоқ, ақыл қосып бағыт сілтер не Амангелді жоқ, желкенсіз қайықтай бағдарсыз қалған ол басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып сыңарынан айырылған көкжалдай алас ұрады. Асық досын алғаш абақтыға салып, ажалына ақтар себеп болған соң, ақ, қызыл деп қарамай, орыс атаулының бәрін дұшпан санап, ашу-ызасын солардан алам деп жүріп өзі орға түсті.Одан әрі Тахаң  мен  Алдажар ағалардың бірін-бірі қостап, бірінің сөзін бірі растап айтқандарынан менің ұққаным мынау болды.…Кеңес қызметіне тартылып өлке комиссары болған сардар қапияда қаза тапқан соң, оның орнын уақытша көптің ұйғарымымен Кейкі басады. Табиғи сұңғылалығы болмаса, сауаты шамалы батыр кызмет бабына бойлай алмай, басы дал боп жүргенде іштен ірітіп, жатыпатар жаулары: Кейкі де Әліби мен Амангелді сияқты шоқынып большевик орыстарға құл болды деп өсек таратады. Әзәзіл арандатушылық астарына үңіле алмаған батыр ашуға мініп штабтағы үш-төрт орыс азаматын бір түнде бауыздап тастап қырға тайып тұрады. Соңынан қызылдар сонау Қостанайдан қуғыншы шығарып Кейкіні ұстамақ боп Торғай даласын у-ду қылады. Бір жолы ол ізіне түскен қуғыншылармен қаша отырып атысып, көздегенін мерт етпей қоймайтын дағдысымен оншақты жазалаушыны жаусатып салады. Сол шайқастан Торғайдың Ұлытауға шығар бетінде «орыс обасы» атты үлкен қорым қалады. Оның оңайлықпен колға түспесін білген большевик белсенділер жансыздар арқылы қарекет жасауға көшеді. Ақыры солардың астыртын қимылы ар­қылы Жыланшық өзенінің бойында қырықтан асқанда құрған отауымен ет­жақын жетіүйлі ауылымен бірге босып қалың шидің арасында отырған жерінен батырды орнынан басады. Салт бас, сабау қамшылы болғанда құтылып кетпек екен. Ауыл аймағын жан-жақтан қойылған өрттің ортасында қалдырып кете алмай қайран сабаз қолға түседі.Әрине, ағалардың айтқаны да ел аузынан есіткен аңыз әңгімелер. Алайда ойдан қосып әсірелеп айтқанымен де аңыз арқауында шыңдық жатады емес пе. Әубәкірге осы есіткенімді айтқанымда, ол ақсары өңі бір бозарып, бір қызарып біраз ойланып отырды да:– Қайдам, ел арасында ондай сөз аз емес қой. «Кейкі жөнінде жұрттан естірткенше, тізе қосып талай майданды бір кешкен өзің айтпайсың ба бізге анық-қанығын айырып?! – деп өкпе айтқанымда әкем: аты өшсін аты өшкірдің..! Әй, өзіміз де маңдайының соры бес елі, құдай­дың қарғысына ұшыраған әулетпіз ғой. Әйтпесе, ол сардар опат болған кезде оққа ұшпас па еді, сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш деп дін аман отырмас па едік. Бізді сорлатқанда бұл мeрген сардар Амангелдінің, әмір Әбдіғапардың да артында қалды емес пе. Оны қолға түсіреміз деп ақтың да, қызылдың да жазалаушылары біздің тұқымды таптап өтіп ту-талақай еткен жоқ па. «Жүзге жетпе, жүзге жетсең күзге жетпе», деп қарғыс алған құлан елі жүз елу түндікке жете бергенде тағы да қынадай қырылып, жартыдан астамынан айырылып көсенің сақалындай селдіреп қалды-ау, селдіреп қалды. Соған себепші болған сорлының аруағын қозғап қайтесің, деп қатты кейіп, өзіме ұрсып тастады да көпке дейін, – төмен қарап мұңайып біраз үнсіз қалды.Қайтсін, ашынған адам ағасы тұрсын Алласын да қарғайды. Әйткенмен, әрбір сөзің аңдулы, әрбір ізің бағулы зымиян заманда ақиқатты білген ұл балалықпен басқа біреуге айтып қойып, жұртқа жайылып кетсе, пікірі жат әулет өткенін аңсап, өлгенін тірілтпек деп, соңдарына тағы да қанжуыр байламасына кім кепіл. Асарын асаған, жасарын жасаған өзін емес өрімдей боп өсіп, жемісін енді көрсеткелі тұрған перзентіне тие ме деп тайлығады. Кешегі бандының тұқымы деп баса-көктеп келіп, тігерге тұяқ, төсерге сырмақ қалдырмай тонап алған қызылкөз шолақ белсенділердің біразы ін аузындағы суырдың айғырындай айқайлап жүрген жоқ па. Солардың қыр­сығынан Құлан әулеті анау бір алапат ашаршылықта жұрттың бәрінен көп зардап шекті. Қайран әке, енді ғана ес жиып келе жатқанда жаңсақ басып аранын ашқан сондай нәубетке қайта ұрынып қалмайық деп қорқады да.Қамқор қарттың қазына сарайы алпысыншы жылдарға қарай 37-нің зұлматына тап болып жазықсыз жазаға ұшырап, аты­лып кеткен ардагерлер мен алаш арыс­тарының алды ақтала бастаған кезде ғана ашылады. Кейкінің өмірін өзек етіп кесек шығарма жазғалы Әубәкірдің түйдей құрдасы, тай-құлындай тебісіп бірге өсіп, бірге оқыған досы, жұлдызы енді жанып келе жатқан жас жазушы Ақан Нұрманов Алматыдан әдейі іздеп келгенде қария тілінің тиегі әбден ағытылады. Талантты қаламгердің Кейкіні руының атымен атайтын атақты «Құланның ажалы» романына көп деректі осы Қылышбай қарт береді.Кейін әрі ақын, әрі журналист Әубә­кірдің өзі де «Әке айтқан әңгімелер» деген атпен атышулы атасы туралы бір­неше әдемі эссе-очерктер жазды. Оның «Кешегі қызыл империя банды Кейкі деп сол құлағымызға қанша қақсаса да, оң құлағымызға Құлан Кейкі батыр деп халқы қастерлеп ұдайы сыбырлап келген Құламерген ғой бұл», деуінде де телегей мағына, терең сыр жатыр. Сонау тілінен қан сорғалап, ізінен жаза жамыраған сұрқия саясаттан қаймықпай ақиқаттың алдаспаны Ғабит ағамыз Кей­кіні Кете батыр деп алып «Амангелді» драмасында дара бейнесін алғаш сомдаса, әдебиетіміздің маңдайына сыймай кеткен майталман қаламгер Ақан Нұрманов түнек түндігін ашқандай «Құланның ажалы» романын қалдырды. Бертін тынысымыз сәл кеңіген кезеңде торғайлық талантты журналистер Ахметжан Байжанов пен Мақсұтбек Сүлейменов батырдың есімін шаң басқан сөрелерден аршып алып, тәп-тәуір хикаяттар жазды. Ал шалымды да дарынды ақын Серік Тұрғынбеков дарабоз батырға дастан арнады. Өз басым солардың бәрінен де студенттік жарым құрсақ шақта жарты күлше нанды бөліп жеген досым Әубәкір Қылышбайұлының жазбаларындағы деректердің дәйегі айқын, дәлдігі мол деп танып, толғауыма соларды арқау етіп отырмын.Халқы қалап қас мерген атап кеткен Кейкі Көкембайұлы 1871 жылы бұрынғы Қайдауыл болысы казіргі Амангелді ауданына қарасты Байтұма қопасы деген жерде дөңгелек шаруасы бар аңшы отбасында дүниеге келген. Әкесіне еріп қаршадайынан аң аулап, несібесін түзден тапқан. Туа біткен табиғи қасиеті шығар, көздегенін құр жібермейтін, сілтегенін сілейтіп түсіретін қол мерген болыпты. Сонан жұрт оны жастайынан-ақ Мерген атап кеткен. Бір өңірде туып, бір өзеннің бойында өсіп бала күнінен біте қайнасып, бірге ойнаған Амангелдімен әу бастан-ақ жанаяспас дос болған. Екеуінің де ержүрек батыр, ерен мерген деген атағы елге ерте жайылған. Ат жалын тартып мінгесін-ақ елін жауға алдырмайтын, жерін дауға салдырмайтын шын мәніндегі халық қамқорына айналады. Он алтыншы жылы ел тағдыры таразыға тартылып, патша жарлығына қарсы бас көтергенде де екеуі атқа қатар қонып, күрес тізгінін қолға алады.Әдетте бас көтерген халыққа бағыт-бағдар беріп, басшылық жасайтын, жөн-жоба көрсетіп, дұрыс жол нұсқайтын билік орталығы болу керек екені белгілі. Сол себепті Торғай қазақтары халық қа­лауымен Нияз Әбдіғапарды хан сайлап, Бегімбеттен шыққан Амангелдіні бас сардар етіп, Құлан Кейкіні оның орынбасары, яғни оң қолы ғып таға­йындайды. Халықтың қайнаған ортасынан жарып шыққан осынау үш жайсаң азаматтың басшылығымен ереуіл атқа ер салған көтерісшілер біраз шаруа тындырады. Ең алдымен орыс отаршылдарының зәресін ұшырып, жергілікті ұлықтарының билігін әлсіретеді, олардың сойылын соғып, қамшы үйірген би-болыстарды ауыздықтап, бай-шонжарлардың әуселесін басады. Жазалаушы жасақтарға тайсалмай қарсы тұрып, сәтті шабуылдар ұйымдастырып, қатты тойтарыс береді. Сөйтіп, ел еңсесін көтеріп, қырдағы әле­уетті күшке айналады. Ақыры бұл қоз­ғалыс патшаны тақтан тайдырар дабылға ұқсап, Қазан төңкерісіне ұласады.Барлығы да осы төңкерістен басталады. Кеңес өкіметі қара халыққа қанша жақ болғанымен, ол қалаған хандық билікке жалпы қарсы еді. Соны алдымен сезген сардар мен әмірдің арасына сызат түсіп, әрекет кіреді. Әбдіғапар ханның жарлығын Амангелді жиі бұзатын болады. Бірде әмір Сарыторғай бойындағы бір ауылда ағымдағы мәселелерді ақылдасып отырғанда, әлдекімдердің арандатуымен үстіне шағын жасағымен ат ойнатып сардар келеді де, ханды дереу аттанып кетуге мәжбүр етеді. Бұл оқиға бұрын да інісіне өкпелі боп жүрген ағасы, атақты ұста Бектепбергенді бауырын кайтып көр­местей ашындырып: «Әміршіңе қарсы шыққан әскербасы – сені қарғыс атсын», деп мүлдем келіспеске кетеді. Қанды көйлек досының кенет нілдей бұзылуына шыдамаған Кейкі бірде өткір көзі от шашып, таңқы танауы делдиіп, қарасұр өңі күреңітіп: «Ханыңа қарсы іс қылып, туған ағаң ұстамен қастасатындай сені не қара басты. Өзгеге қор қылмай, сені одан да өзім-ақ атып тастайын», деп ақырып қаруына қол салады. Қаумалаған жұрт қос арысын атыстырып қойсын ба, араға түсіп, арашалап қалады. Қызуқанды мерген шамырқанғанмен, сардар өзін сабырлы ұстайды. Ақыры екеуі оңаша қалып, ұзақ сөйлесіп, ұғынысып тарайды.Әліби Жангелдин төтенше комиссар болғанымен Торғайға үнемі келе бермеген ғой. Анда-санда келіп бағыт-бағдар бергенімен, тұрақты саяси басшылық болмағандықтан батырлардың да кір­біңдесуі жиілеп кеткен. Бір келгенінде Әліби Кейкіден гөрі көзі ашық әрі сауаты да әжептәуір Амангелдіні Торғайға алып кетіп, өз орнына комиссар етіп отырғызып, бар билікті соның қолына береді. Күні кеше қалың бұқара болып өзі сайлаған ханнан қайран кетеді. Большевиктерге қызмет етіп, орыспен одақ болған досына не айтарын, қандай қарым-қатынаста боларын білмей, дел-сал күйге түскен мерген ақырында сертпен ақбозынан түсіп, атақонысы Тасты өзенінің бойындағы елін жинап, Сейітқұлдың салтымен егін­шілікке шақырып, бейбіт еңбекке жұмылдырады. Бар ғұмырын ат үстінде өткізген арқа-басы бір босап, мамыражай тірлік кешкен бір шағы еді бұл. Солай ол билік-жарлықтан мойны босап, ел ісінен бойын аулақ салып, алаңсыз бір жаз, бір қысты өткізеді. Қасіреттің де, кесапаттың да көкесі көктемде шаң берді. Сол жылы көктемнің өзі кеш шығып, су қатты тасып жұртты үрейлендірген еді. Бірақ Торғай қаласынан суыт жеткен суық хабар су тасқынынан бетер үрей туғызды.«Ақтар сардарды абақтыға қамап тас­тады. Мерген Торғайға тез жетсін», деген жедел хабарды алысымен Кейкі бастаған он бес адам атқа қонып, қалаға барса, дуан іші өлі тыныштық. Батырдың үйіне келіп түссе, жары Бану дауыс салып, жоқтау айтып қарсы алады. Қаладағы бар әскер, алаш азаматтары, Әбдіғапар да өзен таси бастағанын сылтауратып арғы бетке шығып кеткен сыңайлы. Арасында Амангелді жоқ дейді. Баяғы батыр бауырымен татуласып, ханмен де, алаш азаматтарымен де мәмілеге келіпті деген қауесет те бекер болып шығады. «Бұрын өйтейік деп ақылдасқан болып, маза бермейтін осындағы дегдарлар үш-төрт күннен бері мені көзге ілмей, қарасын да көрсетпей кетті. Соған қарағанда, Амангелдіні осылар атып тастаса керек. Әуелі батырды сәл жуасытып алу үшін қамадық деп еді, ақыр соңы міне, мені қаңғыртып жұртына қалдырып кетті. Енді менде елге қарар бет жоқ, көз көрмеске қаңғып барамын», депті қателігін кеш ұққан Бектепберген ұста елдестеріне.Мұны естіген мерген ашуға булығып қатты шамырқанады. «Бауырын өз қо­лымен байлап берген ұстаға да, сардарын ажалға қиған ханға да өлім келсін!» деп атқа қонады. Бектепбергенді Арал жаққа қуып барып атады да, Әбдіғапар ауылына бет түзейді. Алайда оның алдын қызылдар орап кеткен еді, хан ордасына қызыл іңірде бес-алты солдат cay ете қап, әмірді дуанға апарамыз деп ауыл сыртына алып шығып, атып тастапты.Сол күндердің бірінде ақ па, қызыл ма әйтеуір үш топ солдат Тасты өзенінің Ащылысай бойын жайлап отырған Кей­кі ауылына жалаңдап жетіп келеді. Қантөгіс боп кетпесе игі еді деп қорыққан ақ­сақалдар сәл жырақ қоныстанған Кейкіге кісі жібереді. Асыға атқа қонып жау алдына жападан-жалғыз шыққан мерген бірден сегізін атып түсіреді. Көзді ашып-жұмғанша қатары сиреп қалған солдаттар сасқалақтап қаша жөнеледі. Батырдың соңынан ауыл адамдары одан әрі қантөгіске жібермей, оны әрең ұстап қалады.«Сардарды туған ағасына қарсы қойып, халықтың қалаулы әміріне айдап салып ақырында бірлігімізді іркіттей ірітті. Сөйтіп, бірінің көзін біріне жойғызды. Сосын жападан жалғыз сорайып бәрінің соңында қалған мергенге шүйілді», – дер еді Қылышбай қарт. Ал мерген саясатқа жоқ кісі еді. Ақ, қызыл деп айырмай: «Са­ры орыстың – бәрі орыс – басқыншы. Олар әуелі жерімізбен бірге еркімізді алды. Одан тіліміз бен дінімізге қол салды. Мені қайсысының оғы тапса да мейлі, әйтеуір сардарға ұқсатып абақтыға қамалып азапталмай, қан майданда ажал құшсам болғаны», дейтін жарықтық. Сол тілегі қабыл болды да.Аңдыған жау алмай қоя ма. Үш жыл бойы түп ізіне түсіп аңдып, жан-жаққа жан­сыздар жіберіп, тыңшылар қойып, ақыры 1925 жылы сәуірде Жыланшық өзені бойындағы Жалаулы деген жерде оны қызыл жендеттер қолға түсірді. Кенесары хан секілді Кейкі батыр да:Атқа салдым құйысқан,Су боп ақты қызыл қан.Аңдамай түстім алдауғаНе болар екен шыбын жан, – деп бас­тап, өлімге өлеңмен бас тіккен сияқты. Сонда да өліспей беріспегені анық. Әуелі оның қылышпен екі қолын шауып, сосын басын кесіп алған. Айы-күні жетіп отырған жары Ақжанның ішін жарып, баласын найзаға шаншып, айуандықпен өлтіріп, ауылға өрт қойған. Кейкі Көкембайұлы ағы бар, қызылы бар, отаршылдардың қай-қайсысы үшін де осал жау болмаған-ау. Ауыз аштырмай, бұра бас­тырмай, халықты темір құрсауда ұстаған қанқұйлы қызыл саясаттың батыр есімін ататпай, халық жауы деп сызып тастауға тырысқаны да тегін болмаған тәрізді. Тек тәуелсіздіктің ақжарылқап арайлы таңы ғана оның қасиетті есімін, қастерлі ісін жарық дүниеге алып шығып, халқымен кайта қауыштырды.Халықтың сондағы қуанышы батырға туған өлкесінде қойылған ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген ардагердің аталас ұрпағы Әубәкір Қылышбайұлының сөзінен-ақ айқын сезіледі. «Соңғы бес-алты жылдың көлемінде адам айтса нанғысыз тарихи оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Ол алдымен тәуелсіздік алғанымыз, алаңсыз еркін өмір сүре бастағанымыз. Бұны біз қиялдап та көрген жоқ едік-ау. Осы тәуелсіздік, осы бостандық үшін сан ғасыр бойы шайқасып, қырылмап па еді халық. Арғы тарихқа бармай-ақ, осыдан сексен жыл ғана бұрын өткен ұлт-азаттық көтерілісі құрбандарының бейнесі әлі күнге көз алдымыздан өшкен жоқ. Ұрандаған дауыстарының жаңғырығы күн бүгін де құлағымызда тұрғандай. Азаттық үшін алысқан сол қаһармандардың бірі, бірі болғанда да бірегейі Кейкі батыр Көкембайұлы бүгін қайта тіріліп, Әліби, Амангелдісімен қайыра қатар түзеді. Ара­­да сексен жыл өткенде жабылған жаладан зорға арылып, ортамызға батыр мүсін болып оралып тұр, жұртым! Ақыры бандының елі, бандының туысы деген қорлық жаладан құтылдық-ау бір, бауырлар», деген көкірегі қан жылап, көзінен жас парлап айтқан оның сөзі кімді де болсын тебірентпей қоймаған. Шынында да, мұндай атты күн туар деп кім ойлаған. Алайда азаттық жолында алысып, жанын қиған қаһармандарды елі ұмытпайды екен ғой.Сарбас АҚТАЕВ, жазушы.АЛМАТЫ.