• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2013

«Жеңіс» ордені

512 рет
көрсетілді

«Жеңіс» ордені

Жұма, 15 наурыз 2013 1:37

Бұл награда туралы не білеміз?

Биыл КСРО-дағы ең жоғары әскери марапат – «Жеңіс» орденінің тағайындалғанына 70 жыл толып отыр. Онымен бір күнде қатардағы жауынгерлер мен ең кіші офицерлерге жеке ерлігі үшін берілетін «Даңқ» орденінің үш дәрежесі де белгіленген. Үш дәрежесін толық алғандардың саны 2674 адам. Олар Кеңес Одағының Батыры атағына теңестірілгендер. Сонымен қатар, 1944 жылы әскери-теңіз флотының қызметшілері мен қолбасшыларына арналған Ушаков және Нахимов ордендері ең соңғы әскери марапат ретінде тағайындалған-тын. Бұлар да мыңдаған адамдарға берілген, ал «Жеңіс» орденін 16 адам ғана алған. Сондықтан да біз осы орденнің тарихына тоқтала кеткенді жөн көрдік.

 

Жұма, 15 наурыз 2013 1:37

Бұл награда туралы не білеміз?

Биыл КСРО-дағы ең жоғары әскери марапат – «Жеңіс» орденінің тағайындалғанына 70 жыл толып отыр. Онымен бір күнде қатардағы жауынгерлер мен ең кіші офицерлерге жеке ерлігі үшін берілетін «Даңқ» орденінің үш дәрежесі де белгіленген. Үш дәрежесін толық алғандардың саны 2674 адам. Олар Кеңес Одағының Батыры атағына теңестірілгендер. Сонымен қатар, 1944 жылы әскери-теңіз флотының қызметшілері мен қолбасшыларына арналған Ушаков және Нахимов ордендері ең соңғы әскери марапат ретінде тағайындалған-тын. Бұлар да мыңдаған адамдарға берілген, ал «Жеңіс» орденін 16 адам ғана алған. Сондықтан да біз осы орденнің тарихына тоқтала кеткенді жөн көрдік.

«Жеңіс» ордені КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1943 жылғы Жарлығымен Курск иінінде Германия әскерлерінің «Орталық» тобы талқандалғаннан кейін аса ірі әскери операцияларды жеңіспен аяқтаған жоғары әскери қолбасшыларға ғана берілетін марапат ретінде бекітілген. Бұл орден КСРО-дағы ең жоғары, көлемі ең үлкен награда ғана емес, әлемдегі ең қымбат орден болып табылады. Лағыл тастан (рубин) жасалған жұлдыздың жан-жағы гауһарлармен (бриллиант) көмкерілген. Ортасына Кремльдің суреті салынып, оның жоғарғы жағына «СССР», ал төменгі жағына «Победа» деген сөздер жазылған. Осының бәрі ақ алтынды (платина) өзекке орнатылған. Әуелде оның 30 данасын жасау туралы шешім қабылданып, 5400 гауһар және лағыл тастар, 9 килограмм ақ алтын бөлінген. Бір ордендегі гауһар тастың салмағы 16 карат болуы керектігі де нақтыланған. Бірақ, іс жүзінде 20 орден ғана жасалып, оның 19-ы адамдарға тапсырылған. Марапаттың нобайын «Отан соғысы» орденінің авторы, суретші А.Кузнецов әзірлеген. Қазір осы орденнің нарықтық бағасы 17 млн. доллардың шамасында көрінеді. Бір қызығы, қажетті көлемдегі лағыл тастар табылмай, олардың орнына жасанды тастар қойылыпты. Бұл ұзақ уақыт бойы мемлекеттік құпия ретінде, тірі жанға сездірілмеген. Ол тек КСРО құлаған соң ғана белгілі болып отыр.

Орденнің нобайын Сталиннің өзі бекіткен екен. Жұлдыздың ішіне алдымен Ленин мен Сталиннің бастары салыныпты, Сталин оны алдырып тастап, орнына Кремльдің Спасск мұнарасын орнатқызған. Ал мұнараның басындағы жұлдызша сапасы ең жоғары алтыннан құйылған.

Айрықша маңызды әскери операцияларды жеңіспен іске асыруды марапаттауға тиісті орден де айрықша болу керектігін Сталин тез болжаған. Сондықтан оны жасау жөніндегі құпия жұмыстарды да тікелей өзі қадағалап отырған. Жеке күзетінің бастығы генерал А.Власик өзінің естелігінде Сталиннің қолбасшы генералдарды шақырып алып, орденнің нобайымен қалай таныстырғанын жазады. Бәрінің де іштерінен тамсанып, орденнің жобасына қатты таңырқағандарын көрген «көсем» өзінің дұрыс шешім қабылдағаны туралы қорытындыға келгенін жазады ол. «Насладившись произведенным эффектом сделал свой окончательный вывод: с орденом он угадал. Что называется, попал в точку…», делінген естелікте.

Алғашқы марапаттау 1944 жылдың 10 сәуірінде болған. Нөмірі бірінші орденді маршал Г.Жуков, екіншісін маршал А.Васильевский таққан. И.Сталиннің өзі тек үшіншісін алыпты. Осы үшеуі «Жеңіс» орденін 1945 жылы екінші реттен алған. Бұлардан басқа маршалдар К.Рокоссовский, И.Конев, Р.Малиновский, Л.Говоров, К.Мерецков, С.Тимошенко, Ф.Толбу­хин және армия генералы А.Антонов бір-бір реттен марапатталған.

Жалпы, халық арасында Сталиннің қа­рапайымдылығы, ешқашан өзін­ өзі алға шығарып, орынсыз жарнамала­май­тындығы туралы әңгіме көп. Артық қа­дамдар шын мәнінде өзінің есіміне жақсы атақ емес, кір келтіретінін сұңғыла адам біліп отырған. 1945 жылдың 26 мау­сы­мында, Қызыл алаңда Жеңіс шеруі өт­кеннен кейін екінші күні ол кеудесіне Кеңес Одағының Батыры атағы мен екінші «Жеңіс» орденін қадатты. 27 маусымда, яғни келесі күні Жоғарғы Кеңеске «Кеңес Одағының генералиссимусы» атағын бекіттіріп, оны өзі алады.

Ал жасанды марапат абырой әпермейтінін ойлауға өресі жетпеген Л.Брежнев кеудесіне жылтырақтардың бәрін таққанымен, одан атағы өскен жоқ, керісінше, мазақ болды. Айта кететін жайт, ол 1978 жылы, соғыс біткен соң 33 жылдан кейін Мемлекеттік сақтауда (Гохран) жатқан 20-шы «Жеңіс» орденін де төсіне қадаған болатын. Бірақ өзі өлгеннен кейін, 10 жыл өткен соң Ресей Федерациясының басшылығы бұрынғы жарлықты өзгертіп, орденді үкіметтік сақтауға қайтарып алды.

«Жеңіс» ордені бес шетелдік қолбасшылар мен мемлекет басшыларына да берілген. Олардың ішінде АҚШ-тың армия генералы Д.Эйзенхауер, Ұлыбританияның фельдмаршалы Б.Монтгомери сияқты КСРО-ның одақ­тас елдерінің қолбасшылары бар. Со­нымен қатар, Румыния королі І Ми­хай, қарсылық соғысын белсенді жүр­гізген Югославия маршалы И. Броз Тито, Польша әскерінің бас қолбасшысы М.Роля-Жимерски алған. Бір қызығы, «Жеңіс» орденін алған кеңес адамдарының отбасы иесі қайтыс болған соң қымбат марапатты «Алмас қорына» қайтаруға заңмен міндеттелген. Ал бұл талап шетелдіктерге таратылмайды.

Кейін аралары қатты суып, Сталин: «Вот шевельну мизинцем, и Тито не будет» дегенге дейін барған Иосиф Броз Тито соғыстың Балқан театрында Италия күштерінен басқа немістердің үш үлкен корпусына төтеп берді. Жалғыз неміс-фашистеріне ғана емес, ол хорват фашистері (усташи) мен серб монархистеріне (четник) қарсы да жеңісті жорықтар жасады.

ІІ дүниежүзілік соғыс қызу жүріп жатқан уақыттардың өзінде одақтастар көптеген мәселелер бойынша бір-бірімен ортақ мәмілеге келмей, үнемі қырғи-қабақ болып жүрген. Соның ішінде Польша мәселесі де бар. Сталин Польшаның Англияға жасырынған қуғындағы өкіметімен 1943 жылы соңғының тұтқындағы поляк офицерлерін жаппай ату фактісін мойындауды талап етуіне байланысты барлық дипломатиялық қатынастарын үзген. Сондай-ақ, ол Польша жерінде Британияның қолдауымен партизандық соғыстар жүргізген генерал Бур-Ко­ма­ровскиді де місе тұтқан жоқ. Ал 1942 жылы КСРО-да құрылып, толық жа­сақ­талуы одақтастардың міндетіне берілуге байланысты Иран арқылы Таяу Шығысқа шығарылған генерал Андерстің үлкен әскеріне де ол сенім­сіздік білдірді. Сондықтан, Польшаның бо­лашақ өкіметі сүйенетін әскери құ­рама осы болады деп ол екінші рет КСРО аумағында 1943 жылы поляк және беларус халықтарының ұлттық ба­тыры Тадеуш Костюшко атындағы дивизияны жасақтатты. Оның негізін «поляк патриоттарының одағына» мүше адамдар құрағанымен, офицерлік құрамда кеңестік командирлер көп болатын. Рязань қаласының түбіндегі әскери лагерьде КСРО өкіметінің қаулысымен жасақталған бұл дивизияны кейбіреулер Қазақстанда жасақталған деп қателікке ұрынып жүр. Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда жасақталған құрама жоғарыда аталған Андерстің әскері болатын.

Бар-жоғы 15 мыңдық адамды құраған дивизия артынан, поляк жеріне жеткен соң, 300 мыңдық (КСРО-ның есебі бойынша) Польша әскеріне айналып, Берлинді алу операциясына дейін қатысты. Міне, осы әскердің бас қолбасшысы М.Роля-Жимерскиге Сталин «Жеңіс» орденін бергізді. Бұл істі одақтастардың қырбайлығын қасақана көзге ілмей, коммунист Жимерскидің беделін өсіру үшін жасалған саяси қадам деп санаушылар көп.

«Жеңіс» орденін үшінші болып (Тито мен Жимерскиден бұрын) төсіне қадаған адам Румыния Королі І Михай. Бұл марапаттаудың сырын түсінбейтіндер қазір де бар. Өйткені, коммунист емес, КСРО-мен 1944 жылдың ортасына дейін соғысып келген монархтың төсіне осынау қымбат орденді алды-артын жіті болжап отыратын Сталиннің 1945 жылдың 6 шілдесінде қадауы түсінбеушілік тудыратыны рас. «Германияның жеңілетіндігі әлі толық белгілі болмаған шақта Румынияның гитлерлік Германиядан қол үзу саясатын іске асырған ерлігі үшін» деп жазылған Жоғарғы Кеңестің Жарлығында. Бірақ 23 жасар Михай Гитлерден қол үзіп, Румынияның кондуктаторы (фюрері) Антонескуді тұтқындап, өз армиясының күшін Германияға қарсы бұрған 1944 жылдың 23 тамызында ІІ Дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталатыны белгілі болған еді. Бұл кезде Қызыл Армия Польшаны жаудан босатқан, Еуропада екінші майдан ашылған, Германияға қарсы оның кешегі одақтасы Италия да соғыс жариялаған, Франция тазартылған, Словакияда көтерілістер болып жатқан. Осының үстіне жеңісті жорықтарға әбден төселген 101 армиясы бар Сталинге саны көп болғанымен, сапасы жоғары деңгейде емес, оның үстіне кеше ғана өздерінің одақтасы ретінде дос құшақтарын айқастырып жүрген немістерді бүгін атуға моральдық дайындықтары бола қоймаған Румыния әскерінің қажеттілігі де шамалы еді. Бірақ, қалай десек те, 1944 жылдың тамызынан 1945 жылдың мамырына дейін Германияға қарсы жарты миллиондық румын әскері соғыс жүргізді. Бұл 30-ға жуық дивизия болатын. Осы уақыт аралығында румын әскерінің 170 мыңдайы қаза болған. Бұл соғыстың соңғы уақытында КСРО, АҚШ және Ұлыбритания әскерлерінен кейінгі төртінші орында болған антигитлерлік күш еді. Бірақ, соған қарамай, КСРО-ның одақтастары Румынияға фашизмге қарсы «бірлесе соғысқан ел» мәртебесін беруден бас тартқан. Ал осы кезде Гитлерге қарсы 290 мыңдық армия жасақтаған Францияға, одан да аз әскер шығарған Италияға осындай мәртебе берілген. Осының бәріне қарсылық ретінде Сталин одақтастарына қитыға отырып, Михайдың еңбегін Д.Эйзенхауэр және Б.Монтгомериге теңестіріп, оған КСРО-ның ең жоғары орденін бергізді. Міне, Михайдың орденінің осындай сыры бар. 1921 жылы туған І Михай әлі күнге тірі. Елін коммунистер билеген жылдары ол тақтан бас тартуға мәжбүр болып, Швейцарияға эмиграцияға кеткен, әлі күнге сонда тұрады. «Жеңіс» орденін сол жылдары ол әйгілі миллиардер Рокфеллердің отбасына 1 миллион долларға сатып жіберген деген де сыбыс бар.

Міне, КСРО-ның ең жоғары әскери марапатының тарихы осындай.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».