• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Мамыр, 2019

Алматы көрнекті ғалым Елдос Омаровты еске алды

1710 рет
көрсетілді

Руханиятымыздың қара шаңырағы Ұлттық кітапханада «Өркениеттің түпқазығы – жазу» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция көрнекті ғалым, терминолог, орфограф, педагог, қоғам қайраткері Елдес Омаровтың өмірі мен қызметіне арналды.

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ҚР Ұлттық кітапханасы және ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының бірлесуімен ұйымдастырылған шараға елімізге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысып, Елдос Омаровтың еліміз дамуындағы сан-салалы қызметі хақындағы зерттеулер тұрғысында сүбелі ойларын ортаға салып, ғалымның ерен еңбектерін дәріптеп, насихаттаудағы ғылыми бағыттағы жұмыстардың барысына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Энциклопедиялық деректерге бір шолу жасап өтер болсақ, Елдос Омаров есімі аталғанда «Алаш» атауын қозғамай кету әсте мүмкін емес.

Елдос Омаров Алашорда үкіметін құруға белсене араласқан қоғам қайраткері. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облыстық азаматтық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1920-22 жылдары Орынборда халық ағарту комиссариатында нұсқаушы, кеңестік партия мектебінің оқытушысы болды. Қостанай уезі қазақтарының төтенше съезінде «Жер мәселесі» тақырыбында баяндама жасап, Қостанай уездік Алашорда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті халықты Алаш автономиясын қолдауға шақырды. Торғай облыстық земствосы төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін артқарды. 1922-26 жылдары Қазақ халық ағарту комиссариатының академиялық орталығында қызметкер, Қырғыз (қазақ) халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы бола жүріп, саяси-әлеуметтік, оқу-ағарту және тіл білімі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазды. Қазақ тілінде физика, геометрия оқулықтарын жазып, математикалық терминдерді қалыптастыруға зор үлес қосты.

1926 жылдан бастап саяси қуғынға ұшыраған ғалым Ташкент асып, пединститутта, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс тілдері факультетінде дәріс оқыды. Осы жылдары қазақ мектебі геометрия оқулығының 2-кітабын жазып, Цингирдің физика оқулығын қазақшаға аударды. 1929 жылдың соңында тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Кейіннен бұл үкім 10 жылға Архангельскіге жер аударылуға ауыстырылып, 1933 жылы ақталып шықты. Алайда алаштық рух ғалымды елдің азаттығы жолындағы мұрат-мүддесіне қызмет етуге жігерлендіре түсті.

1934-35 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина институтында қазақ тілінен сабақ берді, қазақ тілі оқулығын жазды. 1935-37 жылдары ҚазМУ-да қазақ тілі кафедрасының доценті болып қызметін атқарып, қазақ мектептеріне арналған орыс тілі грамматикасын және геометрия оқулығын жазды. 1937 жылы қайта тұтқындалып, атылды.

Осындай қиын-қыстау кезеңде халық ағарту ісімен айналысып, оқулық жазу ісіне белсене қатысқан ғалымның қызмет жолындағы әрбір игі ісі бүгінгі отандық ғылымның тереңнен зерттейтін тақырыптары санатында екендігі осы шара барысындағы айтылған ұсыныстар мен ойлар барысынан аңғарылды. 

Шараны ҚР Ұлттық кітапxанасы директорының орынбасары Ажар Юсупова ашып беріп, сөз кезегін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институның директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбекке ұсынды.  Елдес Омаровтың өмір жолына тоқталып өткен  Ерден Задаұлы ғалымның ерен еңбегі туралы жалпы қауымға мағлұмат беріп өтті.

Шара барысында  Орынбор өңірлік «Халықтар достығы үйі» қоғамдық ұйымының президенті Сәуле Таикешева, жазушы Қойшыбаев Бейбіт, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Ісмақова, ҚР Орталық мемлекеттік арxивінің директоры Арнұр Жасабекұлы мен т.б қоғам қайраткерлері, ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара аясында Елдес Омаровтың шығармашылығына арналған Ұлттық кітапxана қорындағы еңбектері бойынша «Өркениеттің түпқазығы – жазу» кітап көрмесі өтті.

 

АЛМАТЫ