Үкімет басшысы облыс орталығына келген бойда «Turkistan international airport» халықаралық әуежайы құрылысының орнына капсула салу рәсіміне қатысты. Жоба YDA Holding түрік компаниясымен бірлесіп іске асырылады, тартылатын инвестиция көлемі – 70 млн АҚШ долларынан астам.
YDA Holding басқарма төрағасы Арслан Хусейн әуежайдың халықаралық стандарттарға сай жобаланатынын және соңғы шыққан құрылыс технологияларын пайдалана отырып салынатынын айтты. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды. Нысанды 2020 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген.
Жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандар мен әкімшілік мақсаттағы ғимараттарды салу барысы қаралды, оның қатарында оқушылар сарайы, туристік бағыттағы колледж, спорт және музыка мектептері, спорт сарайы, халыққа қызмет көрсету орталығы, аттракциондары бар парк, музыкалық субұрқақ, амфитеатр, сондай-ақ облыстық әкімдік, медиа-орталық және конгресс холл бар.Қаланың тарихи-мәдени орталығында Қ.А.Ясауи музейін, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы, шығыс моншасын салу және визит-орталығының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары тексерілді.
Сонымен қатар Премьер-Министр саябақ пен «Нұр-Сұлтан» алаңының, Неке сарайының, «Rixos Turkestan» қонақүйінің құрылысы басталған алаңдарды аралап көрді.
Жаңадан салынып жатқан ғимараттарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында «Яссы» шағын стансасы салынды. Қазіргі таңда іргетасын қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. А.Маминге нысанды 2020 жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру көзделіп отырғаны баяндалды.Қаладағы жолдар сапасын жақсарту және көшелерін абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді.
Премьер-Министр А.Маминнің Түркістан облысына жұмыс сапары аясында жалпы сомасы 1,97 млрд долларды құрайтын 5 құжатқа, Түркістан облысының әкімдігі мен «Эко-культура» ресейлік компаниясы арасындағы 1,1 млрд долларға Келес ауданында аумағы 500 га болатын жылыжай кешенін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға; Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасында 524 млн долларға «Түркістан» индустриялық аймағында энергетикалық жабдық пен бұйымдар шығару бойынша Қазақстан – Қытай индустриялық паркін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға; Энергетика министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасындағы 225 млн доллар сомасына Кентау қаласында қуаты 200 мВт болатын «Қотырбұлақ» жел электр стансасы мен күн электр стансасын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға; Түркістан облысының әкімдігі мен «KazPV LTD» ЖШС арасындағы 100 млн доллардың қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын, қуаты 100 мВт болатын күн электр стансаларын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға; Түркістан облысының әкімдігі мен POLCOTTON LTD поляк компаниясы арасындағы 27 млн доллар Сайрам ауданында аумағы 21 га болатын жылыжай кешенін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Түркістан