• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Мамыр, 2019

Алматыда Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығы аталып өтті

1684 рет
көрсетілді

Абай атындағы опера және балет театрында ХХ ғасырдағы қазақ музыка өнерінің бірегей тұлғасы, әнші, композитор, актер, педагог, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығы аталып өтті. Көрнекті әншінің құрметіне және Абай атындағы опера және балет театрының 85-мерейтойлық маусымына орай «Опера арнау» атты антология-концерт ұйымдастырылып, классикалық өнердің орындаушылары Алматы тыңдарманына ғажап кеш тарту етті.

Қазақ даласына есімі ерте белгілі болған әнші Ғ.Құрманғалиев – Мұхит әндерін жеткізуші және бірден-бір орындаушысы ретінде өз сүрлеуін салып, сол жіңішке соқпақты даңғыл жолға айналдыра алған дәстүрлі өнердегі сойы бөлек саңлақ. Театр директоры Ая Қалиева арнайы ұйымдастырылған конференцияда: «Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ ән өнерінің ірі тұлғасы, тамаша домбырашы, жарқылдаған терме мен желдірменің қайталанбас орындаушысы. Батыс Қазақстанның вокалдық-аспаптық дәстүрлерінің бірден-бір сақтаушысы мен ізін жалғаушы» деді жезтаңдай әншінің шығармашылығы хақында.

ХХ ғасырдағы қазақ операсының көрнекті әртісі түрлі бейнелердің бірқатар галереясын жасаған. Оның ішінде «Қыз Жібектегі» Шеге, «Ер Тарғындағы» Сақан батыр мен жырау, «Жалбырдағы» Елемес, «Дударайдағы» молда мен Долды, «Біржан – Сарадағы» Естай,  «Абайдағы» Нарымбет, «Даисидағы» Тито, «Нарғыздағы» Латиф және тағы басқа рөлдері Ғарифолланың шарықтаған дауыс диапазонын көрсететін кең тынысты драмалық бейнелер. Ол 1966 жылға дейін Опера және балет театрының әншісі болды. Шетелдік сапарларға жиі шықты. Шетелдік тыңдармандар Ғарифолланың дауысының бірегейлігіне және қайталанбас орындаушылық мақамына тамсанып, оның дауысын үнтаспаға жазып алған екен. Бірде бірегей құбылысқа сүйсінген италиялықтар Ғарифолла Құрманғалиевтің көмейінің көшірме бейнесін жасауды ұйғарады. Бұл көшірме қазір Генуя мұражайында сақтаулы. Ол ұшы-қиырсыз даланың кеңдігімен ғана өлшенетін аңызға айналған дауысымен Ресей, Қытай, Пәкістан, Иран, Германия жұртын да бір тыңдағаннан баурап алған.

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Дина Дүтмағанбетова, Балапан Жұбаева, Болат Бөкенов, Талғат Күзембай, Болат Жомартов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұржан Бажекенов, Олег Татамиров, Дулат Тоқанов, Есенгелді Рза, Зарина Алтынбаева, Болат Қанағатов, Надия Наденова, Балуан Беркенов, Жадыра Аманова сияқты театрдың үш буындағы талантты әртістері ұлттық репертуардан жекелеген ариялар орындады. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан – Сара», «Абай, «Айсұлу», «Қамар сұлу», «Еңлік – Кебек», «Ақан сері – Ақтоқты», «Алпамыс», «Абылайхан» операларынан орындалған әндер шығарманың  ішкі иірімдерінің тереңдігін ғана танытып қоймай, әншілердің дауысын, кәсіби мүмкіндігін де көпшілік алдында айнадай жарқыратып көрсете алды. «Ғарифолла Құрманғалиев халықтың өз арасынан шыққан, дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдерінен сабақ алған, өзі де аса айырықша дауысының арқасында даңққа бөленген ғажайып әнші. Халық өнерін батыстың классикалық шығармаларымен де байланыстыра алған дарын иесі. Алғашқы қазақ операсынан бастап бүгінгі күні репертуарда жүріп жатқан ұлттық опералардың арасын жалғап жатқан көзге көрінбес тін бар. Бұл концерттің ерекшелігі сонда, концерттік бағдарламада театрдың 85-жылдық тарихында құрылған қазақстандық композиторлардың операларындағы ариялар мен көріністерді ұсындық. Көпшілікке танымал бірнеше арияларды іріктеп алдық. Сондай-ақ, Ғарифолла Құрманғалиевтің сирек кездесетін суреттері, бейнероликтері көрсетілді. Театрдың шығармашылық труппасы осы кешті біздің жетекші тұлғаларға - қазақ операсының дамуындағы барлық адамдарға арнайды», – деп атап өтті Абай атындағы ҚМАОБТ дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе. 

Іс-шара аясында Arte галереясында ән өнерінің әйгілі тұлғасының өмірінен сыр шертетін «Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ даласының аңыз әншісі» атты фото көрме ұйымдастырылып, тыңдарман танымын кеңейтетін мол мәлімет ұсынылды.