• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Мамыр, 2019

Түркістан өңірін дамытатын 480 жоба жүзеге асырылады

1006 рет
көрсетілді

Түркістан облысында отбасылық шаруа қожалықтары көбеймек. Бұл орайда «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында атқарылатын жұмыстар жеделдетіліп, облыс аумағын дамыту, тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 480 жоба іске асырыла бастайды.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында тапсырманы орындамаған аудан басшыларына тиісті шара қолданылатындығы ескертілді. Селекторлық жиында 2019 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалуы бойынша баяндаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев жалпы өңірлік өнім көлемі 2018 жылдың алдын ала қорытындысымен 1 трлн 650,5 млрд теңге сомасында қалыптасқанын атап өтті. «2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 6,2 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнімді жан басына шаққанда 833,8 мың теңгеден келеді. Алдыңғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда өсім бар. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 153,9 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артты», деді А.Абдуллаев.

Сондай-ақ жиын барысында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев бүгінде облыс орталығында мемлекет мұқтаждығы үшін 303 нысан босатылғанын мәлім етті. Облыс әкімі сүрілетін нысандардың иелерімен түсіндірме жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Бұдан өзге, өңір басшысы облыс орталығын көгалдандыру, ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын қолға алу керектігін айтты.