• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2013

Дүбірге толы дүние

320 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние

Жұма, 11 қаңтар 2013 7:36

Президент таңдауын конгресс қолдай ма?

АҚШ президенті Барак Обама ел үкіметіндегі аса маңыз­ды қызметтерге кандидаттарды атады: қорғаныс минис­­тріне – бұрынғы сенатор Чак Хейгелді, Орталық барлау басқармасына өз көмекшісі Джон Бреннанды ұсынды.

 

Жұма, 11 қаңтар 2013 7:36

Президент таңдауын конгресс қолдай ма?

АҚШ президенті Барак Обама ел үкіметіндегі аса маңыз­ды қызметтерге кандидаттарды атады: қорғаныс минис­­тріне – бұрынғы сенатор Чак Хейгелді, Орталық барлау басқармасына өз көмекшісі Джон Бреннанды ұсынды.

Президент ұсынған соң, ол қалай да өтеді деу демокра­тия­лық елде тым ұшқарылау пікір. Рас, президент те кездейсоқ бі­реуді ұсына салмайды, өз таң­да­уын ел бағалаған танымал тұлға­лардың арасынан іздейді. Сөйтсе де конгресте президенттің өзіне де, ұсынылған кандидаттарға да қарсыластар табылады. Тіпті, олардың іскерлік қабілетінің өзі біреулерге ұнамауы мүмкін.Шынында да, бұл кандидаттар бұрыннан елге танымал қай­раткерлер. Хейгелдің бұрын сенатор болғанының өзі біраз жайды аңғартады. Бреннанның прези­дент­­тің лаңкестікке қарсы күрес жө­ніндегі кеңесшісі болғаны – үлкен сенім арқалатар қызмет. Бұл адамдарды шешуші қызмет­ке ұсына отырып, президент Обама оларға жақсы сипаттамалар да берді.Бұған дейін көп жағдайда супердержаваның қорғаныс ми­нистрі азаматтық тұлғалар болып келсе, Хейгел, беки қалған күнде, әскери операцияларға қатысқан, тіпті жарақат та алған, Вьет­нам­дағы соғыстың ардагерлері қата­рынан шыққан министр болып ерекшеленбек. Бұл біраз конгресмендерге ұнауы мүмкін. Соңғы уақытта Хейгел Джорджтаун уни­верситетінде жұмыс істей жүріп, президенттің барлау мәсе­лелері жөніндегі кеңесшілер то­бының құрамында, оның тең төрағасы да болған.Бірақ Хейгелдің конгресте бі­раз сұрақ тудыратын да жайлары бар. Бұған дейін ол конгресте «еврей лоббиі» бар, парламент соның ықпалында деген пікірді айтып жіберген. Соны конгресмендер нақтырақ түсіндір деуі мүмкін. Ұстап көрсететіндей уәж жоқ нәрсені түсіндіру қиын. Ал мықтылар мұндай жағдайдан да шыға алады. Бұл да Хейгелдің алдында тұрған сын. Тағы бір жай – Хейгелдің Таяу Шығыс жөнінде бұған дейін өз пікірі болып келді: белгілі «Хамас» қоз­ғалысы және Иранмен диплома­тиялық қатынасты реттеу қажет­тігін айтқан. Бұл АҚШ-тың қа­зір­гі саясатына томпақтау. Мұны, әрине, Обама да біледі. Сірә, онымен министрлікке кандидат түсініскен болар, ал конгреспен түсінісе ала ма? Бұл да проблема.Хейгелге байланысты біраз мәселе туындайды. Оны Обама да күні бұрын ескергені анық. Хейгел – республикашыл. Оған біраз сын айтылғанымен, өз партиялас­тарын республика­шылар­дың бі­разы қолдайтыны анық. Ал демократтар өз көсемдерінің ұсы­­ны­сын қолдауға тиіс қой. Сірә, Оба­маның есебі оң нәти­жесін берер.Ал Джон Бреннанды бекіту біршама жеңіл өтсе керек. Сонау 2001 жылғы лаңкестік әрекеттен кейін ол – үнемі сол лаңкес­тер­мен күресте көзге түсіп жүрген қайраткер. Күні кеше Усама бен Ладеннің көзін жою операциясын басқарушылардың бірі болған адамның Орталық барлау бас­қар­масына жетекшілікке баруы да қисынды. Біреулер оны президент Буштың кезіндегі біраз кө­леңкелі іске араластырғысы келе­ді. Бірақ ол қазіргі президенттің таңдауына кедергі келтіре қой­мас.Жұрттың АҚШ-тағы ми­нис­тр­лік деңгейіндегі тағайын­дау­лар­ды сөз етуінде мән бар. Шын­дығында аталған кандидаттар, сондай-ақ, мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынылып отырған сенатор Джон Керри президент Обама әкімшілігіндегі негізгі тұтқалар болмақ. Сөйтіп, олар президенттің екінші мерзімдегі қызметі бағытының сұлбасын да айқындайды.

Саяси ойыннан да бедел жинауға болады екен

Қазір халықаралық телеарналар белгілі француз актері Жерар Депардьенің өз елінің басшылығына өкпелеп, Ресей Федерациясы азаматтығын алғанын жарысып көрсетіп жатыр. Осыған байланысты пікірлер әртүрлі: біреулер бұл оқиға Ресейдің беделін көтереді десе, екіншілері жай ойын санайды.

Әрине, әлемдік белгілі адам­дардың іс-әрекеттері, пікірлері айтарлықтай маңызды. Оған ха­лық құлақ асады. Жерар Депар­дье­нің ресми түрде мәлімдеме жасап, өз елінің үкіметін сына­ғаны Францияның абыройын төк­ті деуге болар. Ал Ресейге ке­ліп, осы елдің басшысы қолынан РФ төлқұжатын алуы, талайларды жүрекжарды қуанышқа бөле­ді. Заң бойынша Ресей азамат­ты­ғын алу үшін бес жыл күту керек, орыс тілін білу міндет. Ал Депардье екі күнде төлқұжат алды, орыс тілінен мақұрым. Бірақ ол – Депардье.Қарапайым қисын: жақсы елден жақсы адам кетпейді, жаман елге жақсы адам жайдан жай бармайды. Атақты актер өркениетті дейтін Батыстың белді елі – Францияны тастап кетіп, Ресейдей елге келіп отыр. Бұған дейін ұлылар­дың Ресейге қашып кел­гені сирек, одан қашып кеткен­де­рі аз емес еді. Қорытынды жасай бер!Қазір ресейліктер қуаныш құ­шағында. Әсіресе, оны алғашқы­лар қатарында қабылдаған Мордовияда үлкен мереке. Қақаған суыққа қарамай, шағын респуб­лика Ресейдің жаңа азаматын қарсы алуға шықты. Аса құрметті адамға көрсетілер құрметтің бә­рін жасады. Мордовия губернаторы Владимир Волков құшағын айқара ашып, «Ресей Федерация­сының жаңа азаматын қарсы ал­­ғанына қуанышын» білдіріп, бір­ден өз астаналары – Саранск қаласында тіркеуге алатындарын мәлімдеді. Онан соң респуб­ли­каның ең көрікті жерінен үй салып алуды ұсынды. Ол аздай, мордвиндер жаңа отандасына өз республикасының мәдениет ми­нистрі болуға өтініш білдірді. Басқасына нақты жауап қатпаса да, Депардье министр болудан бас тартты. Расында оны қайт­пек, тіпті бас тартпағанда, өзі білмейтін елде министр болып жарыта қоюы екіталай.Депардьенің Ресей азаматт­ы­ғын алу жөніндегі реалити-шоу әлі де біразға дейін созылуы мүм­кін. Ресейліктер оны өз елі­нің беделін өсіретін оқиға еке­ні­не күмәнсіз сенеді. Әсіресе, Де­пардьенің «Ресей – ұлы демократия елі», «Сіздердің президент­теріңіз ұлы, өте ақылды және өте жомарт» деген сөздері жандарын жадыратады.Атақты актер өз еліне неге өкпеледі? Онда байларға са­лық­ты көбейтпекші болған. Ал Депардье – табысы қомақты адам. Одан да салықты көп алуы мүм­кін. Соған ашуланды. Бірақ, өкі­нішке қарай, Францияда байларға салықты көбейту туралы заң қа­былданбай қалыпты. Сондай-ақ, өткен жылдың қарашасында мас күйінде мопед айдап, тәртіп бұз­ғаны үшін айып тағылып, Ре­сей­дің жаңа азаматы үстінен іс қоз­ғалып жатыр. Қырсығына алса, ол екі жылға сотталуы мүмкін.Ресейлік бір әріптесіміз: «Жерар Депардьенің Ресейдің азамат­тығын алуы біреулерді шаттандырса, екіншілерін күлкіге батырды, ал тағы біреулердің ызасын келтірді», деп жазды. Со­лар­дың қайсысының ұзаққа созыларын дөп басып айту қиын.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар