• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Мамыр, 2019

Күрес: Алматыда Болат Тұрлыхановтың кубогы өтеді

987 рет
көрсетілді

25-26 мамыр аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтеді.

Айтулы турнирдің тұсауы сонау 1994 жылы кесілген еді. Бастапқыда Семей қаласында ұйымдастырылып келген жарыстың уақыт озған сайын деңгейі артып, оған жер жаһандағы ең белді балуандар қатыса бастады. Кейіннен ол Алатау баурайында өте бастады. Бұл күндері Болат Тұрлыхановтың кубогы үшін турнир Бүкіләлемдік күрес әлемінің (UWW) күнтізбесіне енген Қазақстандағы ең ірі додаға айналды. Бәсекелер тек олимпиадалық салмақ дәрежелері (59, 67, 77, 87, 97 және 130 кило) бойынша өтіп, көптеген атақтары алысқа жайылған грек-рим күресі шеберлері биыл да Алматы боз кілемінде белдесуге ниет білдіріп отыр. Олардың қатарында Олимпия ойындарында атой салып, әлем және құрлық чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар да бар.

Сонымен қатар, табысты өнер көрсеткен спортшыларды қомақты көлемде сыйақы күтіп тұр. Мәселен, бас жүлдені олжалағандар 3 000 АҚШ долларын иеленсе, күміс және қола медальді иеленгендер 2 000 мен 1 000 долларды қалтаға басады.

Биылғы додаға  Ресей, Оңтүстік Корея, Иран, Өзбекстан Армения, Беларусь, Қырғызстан және тағы басқа елдерден келген әйгілі балуандар қатысады деп күтілуде. Ал құрметті қонақтар қатарында Жақсылық Үшкемпіров, Александр Карелин, Ким Ен Нам, Камандар Маджидов сынды марқасқалар болады.