Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі келтірген деректер бойынша, елімізде қазіргі таңда 12 арнайы экономикалық аймақ пен 23 индустриялық аймақ бар. Министр Роман Скляр барлық арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымының құрылысына кеткен бюджет шығындары 314,3 млрд теңгені құрайтынын, бұл ретте тартылған инвестиция көлемі 910 млрд теңге екенін айтты.
− Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында барлығы 183 жоба іске қосылды. Олардың ішінде шетелдің қатысумен 46 жоба іске асып, 15,5 мың жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түрінде шамамен 150 млрд теңге қайтарылды, – деді Р.Скляр.
Оның айтуынша, индустриялық аймақтарда инвестиция көлемі шамамен 183 млрд теңгені құрайтын 168 өндіріс іске қосылды. Сондай-ақ 8,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Биыл шамамен 1200 жаңа жұмыс орнына арналған құны 160 млрд теңгеден асатын 36 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. 2021 жылға қарай АЭА аумақтарында 2 трлн теңгеден асатын сомаға 147 жоба іске асырылатын болады. Индустриялық аймақтардың аумағында 2021 жылға қарай 520 млрд теңге сомаға 173 жоба қолға алынбақ. Олардың ішінде ағымдағы жылы жалпы сомасы 163 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылатын болады.
Энергетика вице-министрі Ә.Мағауов өз кезегінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА дамыту туралы баяндады. Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақты іске қосқан сәттен бастап 10,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді, 2 600 жұмыс орны құрылды.
Үкімет отырысында белгілі болғандай, іске асырылып жатқан негізгі жобалар – полипропилен мен полиэтилен өндірісі. Оның жалпы құны 9 млрд АҚШ долларын құрайды. Осы екі жобаның ІЖӨ-дегі үлесі 1,5 пайыз. Арнайы экономикалық аймақта бұдан өзге жеке инвесторлардың полиэтилентерефталат, метанол және циклогексан өндірісі жобаларын іске асыруы күтілуде.
Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысындағы «Самұрық-Қазына» қорының жұмысы туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Ә.Пірметов баяндады. Оның айтуынша, 2016 жылы қазан айында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымының барлық 68 нысаны пайдалануға берілді, 2015 жылы шілдеде «Қорғас» АЭА Құрғақ порты пайдаланыла бастады. 2015 жылдың 29 шілдесінен бастап 2019 жылдың 1 мамыры аралығында құрлық портында ЖФЭ (жиырма футтық эквивалентті) 317,4 мың контейнер өңделді.
Премьер-Министр А.Мамин негізгі баяндамаларды тыңдағаннан кейін дайын инфрақұрылымы мен түрлі жеңілдіктері бар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар – жеке инвестициялар тартуға арналған тиімді алаң екенін айтты.
– Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды басқаруда Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Алматы және Павлодар облыстары әкімдіктерінің оң тәжірибесі бар. Мәселен, «Оңтүстікте» 1 бюджеттік теңгеге 15,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Өз кезегінде, «Оңтүстік» ИА аумағы толықтай игерілген. 38,6 млрд теңгеге 55 жоба іске қосылған. «Павлодар» АЭА-да 1 бюджеттік теңгеге 12 теңгеден астам инвестиция тартылды. «Астана – жаңа қала» АЭА-да бүкіл жұмыс істеген өндірістің көлемі 1,4 трлн теңгеден астам болып отыр. 2018 жылы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 9,3 млрд теңгеден астам жеке инвестициялар игерілді, – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, бұл бағытта жүйелі негізде жаңа жобалар мен инвестицияларды тарту жұмыстарын жүргізіп, жұмыс орындарын құру қажет. Ол үшін өңірлерге АЭА мен ИА-ға табысты халықаралық тәжірибелері бар кәсіптік басқарушы компанияларды тарту қажет қадам. Премьер-Министр аймақтарды басқару мен жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында сәтті және перспективалық аймақтарды басымдықпен қаржыландыру бойынша критерийлерді әзірлеуді тапсырды.
– Өз кезегінде, өңірлердің әкімдіктері АЭА-ға жобаларды қосу кезінде жоғары қосылған құны мен экспортқа бағдарланған өндірістерге баса назар аудару қажет. Жеке инвестициялар ағымын одан әрі қамтамасыз ету үшін жұмысты «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыру керек, – деді А.Мамин. Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр үшжылдық мерзімге жекелеген АЭА және ИА дамыту стратегияларын әзірлеуді тапсырды.
Жазғы демалысқа жоспар көп
Үкімет үйінде талқыланған екінші мәселе – жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру жұмыстары. Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова биыл мектептердің жанында 11 мың лагерь жұмыс істейтінін айтты.
– Лагерьлердегі демалыспен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларының 80 пайызын, айрықша білім қажеттілігіне мұқтаж балалардың 82 пайызын және түрлі салада жетістікке жеткен, девиантты тәрбиедегі балалардың 90 пайызын қамту көзделуде, – деді министр.
Бұдан бөлек, оқушылардың 61 пайызы түрлі олимпиадалық резерв жазғы мектептері мен тіл мектептеріне, активистер мен көшбасшылардың мектептеріне қабылданатын болады. К.Шәмшидинова жазғы демалысты ұйымдастыруға қосымша демеушілер ресурсы да тартылатынын айтты.
– Былтыр экономиканың түрлі салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер осы шараға атсалысып, 504 млн теңгеге 4 324 баланың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Биыл да бұл шара жалғасын табады, – деді Білім және ғылым министрі. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі тарапынан туристік және санаторий-курорттық ұйымдарды жандандыру, қазақстандық жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептер ашу, балалардың «Менің Отаным – Қазақстан» атты мәдени, тарихи, археологиялық ескерткіштерді зерттеуге бағытталған тақырыптық жорықтарға көптеп қатысуын қамтамасыз ету, қала сыртындағы лагерьлер желісін дамыту ұсынылды.Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– Джон Хопкинс университетінде жылына 10 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы жазғы демалыстарын өткізеді. Жүздеген тақырыптарды зерделеп, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Осы лагерьден өткен жастардың ішінен 37 Нобель лауреаты шыққан. Соңғы жылдары еліміздегі Назарбаев Университеті, ҚБТУ, AlmaU да жазғы мектептер ұйымдастырып жүр. Биыл республикадағы басқа да жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу балаларды демалыспен қамтумен қатар, олардың біліктілік деңгейін жоғарылатар еді, – деді министр.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жазғы демалыс кезеңін балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, каникул кезінде жыл сайын тәрбиелік, патриоттық және эстетикалық сипаттағы әртүрлі іс-шаралар кешені өткізіледі. Республиканың барлық кітапханаларында «әдеби ертеңгіліктер» өткізу, музейлер мен музей-қорықтарда белгілі қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, өлкетанушылар, археологтардың қатысуымен тегін тарихи-өлкетанулық және танымдық экскурсиялар, түрлі пленэрлер өткізу, қалалар мен облыс орталықтарында «BookCrossing» акциясын өткізу, барлық ауылдық округтерде «жылжымалы кітапханаларды» ұйымдастыру жоспарланған.
Балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спорттың дамуы туралы баяндай келіп, А.Мұхамедиұлы дене шынықтырумен және спортпен мектеп жасындағы 1,8 млн бала, соның ішінде ауылдық жерлерден 816 мыңнан астам бала қамтылғанын жеткізді. Сонымен қатар келер жылдан бастап барлық өңірлерде тегін «Балалар туристік пойызын» іске қосу жоспарланып отыр екен. Басымдық әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға т.б. беріледі.
Талқыланған тақырыпты қорытындылау барысында А.Мамин өңірлерде жаз мезгілінде балалардың демалысы мен бос уақытын тиісті деңгейде ұйымдастыру шараларын дереу қабылдауды тапсырды.
– Балалар каникул кезінде музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге, спорт нысандарына тегін кіруі керек. Тақырыптық кездесулер, іс-шаралар, сапарлар ұйымдастыру қажет, – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ Премьер-Министр жазғы демалыс шараларын ұйымдастыру аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау органдарына, өңірлердің әкімдіктеріне тиісті қызметтердің жұмысын жұмылдыруды тапсырды.