Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:33
Елбасы өзінің жыл сайынғы жолдауларында денсаулық сақтау саласына байланысты нақты тапсырмалар береді. Соның нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге басты назар аударылуда. Соңғы үш жыл көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысында осы салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл ретте, облыс көлемінде кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті ұйымдастырып отырған облыстық кардиологиялық орталықтың тындырып жатқан жұмысы зор.
Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:33
Елбасы өзінің жыл сайынғы жолдауларында денсаулық сақтау саласына байланысты нақты тапсырмалар береді. Соның нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге басты назар аударылуда. Соңғы үш жыл көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысында осы салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл ретте, облыс көлемінде кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті ұйымдастырып отырған облыстық кардиологиялық орталықтың тындырып жатқан жұмысы зор. Кардиоорталық жедел жәрдем көрсететін мекеме болғандықтан, тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан, облыс бойынша кез келген жедел жәрдемге зәру ауыр науқастарды күндіз-түні осында алып келіп жатады. Кардиоорталықтың қызметкерлері керек болған жағдайда қалалар мен аудандардағы медициналық мекемелерге барып консультативтік көмек көрсетеді. Одан басқа орталықта консультативті-диагностикалық емхана бар, оған әрбір медициналық мекеменің жолдамасымен науқастар келіп, диагностикалық және емдік кеңестер ала алады.
Оңтүстік Қазақстан облысында халық тығыз орналасқан. Өңірде 2 миллион 600 мыңдай адам тұрады. Әрине, көпшілікті ортада түрлі аурудың белең алатыны белгілі. Дұрыс тамақтанбау, денсаулыққа көңіл бөлмеу, артық салмақ қосу, экологияның дұрыс сақталмауы секілді факторлар жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне соқтырады. Оның үстіне халқымыздың қанына сіңген жаман әдет – көпшілік жұрт ауруы әбден меңдеген тұста, жан алқымға таянғанда барып дәрігердің есігін қағады. Мұндай кезде жәрдем беру ең білікті деген маманның өзіне ауыр соғады. Нәтижесінде, жүрек және қан тамыры ауруларының салдарынан еңбек қабілетін жоғалтушылар саны өсіп, мемлекетімізге орасан зор әлеуметтік және экономикалық зиян келтіріп отыр.
Қазіргі уақытта кардиоорталық соңғы диагностикалық және емдік әдіс-тәсілдерді қолданып жатыр. Соңғы жылдары Орталық бірқатар диагностикалық анықтау және емдеу аппараттарымен жабдықталды. Бүгінгі күні жүрек-қан тамырлары ауруының кез-келген түріне диагноз қойып, жоғары дәрежеде емдік шараларын жасауға мүмкіндігі бар. Осы ретте әрқайсысы 200 миллион теңгеден астам тұратын ангиографиялық қондырғылар әкелінді. Олар тәулік бойына қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен жүректің тікелей тамырларын тексеріп, қай жері қысылып, бітеліп тұр, соларды анықтап, ашып, стент қою операциялары жасалынуда. Айта кету керек, жүрек ауруының көбісі дәрі-дәрмекпен емделмейді. Оған тек операция жасау арқылы ғана көмектесуге болады. Жалпы, кардиоорталықта 132 төсек-орын бар, оның 32-сі кардиохирургиялық бөлімшеге тиесілі. Кез келген күрделі операцияны жасайтын 2 ота жасау блогы бар.
Бүгінгі күнге дейін орталықта жүрекке байланысты 1155 ота жасалынды. Яғни, 1155 жүрек қайта соқты десек те болады. Мұнда Қазақстан, Ресей, Польша, Түркия, Литва, Германия және Израиль клиникаларында дайындықтан өткен мамандар жұмыс істейді. Біліктілік дәрежелері жоғары. Олар жүрекке жасайтын операциялардың барлық түрін меңгерген.
Былтырғы жылы Орталыққа 239 миллион теңгеге аритмияны емдейтін жаңа қондырғы сатып алынды. Соның көмегімен жүректің ішіндегі электрофизиологиялық өзгерістерді зерттеу, жүрек ырғағы бұзылған науқастарға электрокардиостимулятор қою, сонымен қатар күрделі аритмияларға радиожиілікті аблация операциялары жасалынуда. Бұл уақытқа дейін мұндай операциялар тек Астанада ғана жасалынатын. Биылдың өзінде жүрегінің ырғағы бұзылған 88 науқасқа операция жасалынды.
2011 жылы наурыз айында кардиоорталықта аймақтық деңгейде бірінші болып балалар кардиохирургиясы бөлімшесі ашылды. Республика бойынша дүниеге келетін сәбилердің 25 пайызы біздің облыста. Алайда, қазір 3000-ға жуық жүрек ақауымен туылған сәби есепте тұр. Оның 75 пайызы операцияны қажет етеді. Жалпы, бүгінгі күні кардиоорталықта 262 сәбиге операция жасалынды. Одан бөлек 17 баланың жүрек ақауына тамырішілік катетр арқылы Окклюдер Amplazer қалқаншасы қойылды. Нәтижелері өте жақсы. Сонымен қатар кардиоорталықта жүрек ишемиясы бар науқастарға эндоваскулярлық стенттеу операциялары жақсы дамыған. Бүгінгі күні 1200 науқастың жүрек тамырына стент қойылды.
Жалпы, біздің мақсат – кардиологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту. Ол үшін халықты Алматы мен Астанаға сабылтпай, барлық кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті халықаралық стандартқа сай деңгейде өзімізде көрсетуіміз керек. Бұл мақсатқа Үкімет тарапынан да, жергілікті биліктен де кардиоорталыққа үлкен қаржылық көмектер көрсетілуде. Қысқасы, облыстық кардиоорталықтың қазіргі жағдайы дүниежүзілік стандартқа сай деп айтуға болады.
Жоғарыда айтылған инновациялық технологиялық емдік шараларды енгізу нәтижесінде және кардиоорталықтың жетекшілігімен атқарылып жатқан облыстағы ұйымдастыру, аурудың алдын-алу іс-шараларының арқасында 2012 жылдың 7 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын өлім-жітім 44 пайызға, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім 53 пайызға төмендеді.
Әркімнің денсаулығы өз қолында. Ең бастысы, адамдар өзара түсіністікте әрекет етіп, әр істе сабыр сақтай білуі керек. Сонда ғана жүрекке салмақ түспейді.
Спандияр БЕКЖІГІТОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық
орталықтың бас дәрігері, медицина
ғылымдарының докторы, профессор.
Оңтүстік Қазақстан облысы.