• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 23 Мамыр, 2019

Өңірлер мықты болса, мемлекет те қуатты

1189 рет
көрсетілді

Ақтөбе – республикамыздың батысында жыл сайын жасарып, жаңғырып, өсіп, өркендеп келе жатқан өңір. Оның еліміздегі агломерациялық даму жолына түскен төрт аймақтың бірі екені де өзіндік ерекшелігін танытады. Соның ішінде облыс орталығы – Ақтөбе қаласы төртінші мегаполис атануға лайықты әрі осы бағытта бүгінде жан-жақты жұмыс жүргізіліп келеді. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы екі-үш жылдың ішінде облыста экономикалық өсім 5 пайыздан төмендеп көрген емес. Осы мөлшер мен қарқын биылғы жылдың бес айында да сақталып қалғаны, республикалық орташа көрсеткіштен жоғары екені – атап айтуға тұрарлық жайт.

Осының өзі-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақтөбе – ел экономикасын алға тарта алатын локомотивтердің бірі» деген салмақты да салиқалы пікірі тектен тек айтылмағанын көрсетеді. Сондай-ақ Елбасының облысқа келген сапарларының бірінде айтқан «Ажарың атқан таңдай ашыла берсін, арайлы Ақтөбе» деген жүрекжарды лебізі де әлі күнге дейін ақтөбеліктердің жа­дында жүр. Осындай эконо­ми­калық әлеуеті мықты, өнер­кәсібі қарыштап дамыған, әлеуметтік серпіні жоғары өңір­ге ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың жұмыс сапарымен келгені тамыры терең сабақтастық пен қамқорлықтың көрінісіндей әсер қалдырды.

Халықтан асқан дана жоқ. Қазақстан Президенті Қ.То­қаев­тың Ақтөбе облысына сапары­ның басты түйіні қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Аққағаз Досжанова атындағы Конгресс-холлда өңір жұртшылығымен өткізілген кездесуде жасалды әрі қорытындыланды.

– Сәрсенбінің сәтті күні құтты мекен Ақтөбеге жолым түсіп, өздеріңізбен кездесіп отыр­­­­ғаныма қуаныштымын. Мұ­­ғал­жар тауының бөктерінде ор­­на­­ласқан өңірдің тарихы мен шежіресі терең. Бұл топы­­рақ­та Әбіл­қайыр хан, Әйте­ке, Мөң­ке билер секілді тари­­хи тұл­­ғалардың кін­дігі кесіл­ген. Сон­дай-ақ Ақ­төбе халқы­мыз­дың мақтан тұтар батыр қызы – Әлия­­­ның кіші отаны. Та­рих­ты біл­мегеннің бо­ла­шағы бұ­лың­ғыр. Қалың тари­хы­мыздың бір­не­ше беттері осы өңір­ден тамыр тар­тады, – деді ел Президенті Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиынға қа­тысушыларды Ақтөбе қала­сы­н­ың алдағы 150 жылдық мерейтойымен құттықтап, бүгінде өңір­дің өндірістік, логистикалық және транзиттік әлеуеті зор еке­нін айтты.

– Аймақтың қарқынды дамуы үшін барлық мүмкіндік бар. Жер­гілікті кәсіпкерлердің белсен­ділігін атап өту керек. «Туған жер» бағдарламасы аясында 1400-ден астам жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлар өңірде әлеуметтік нысандар салуға белсенді атсалысуда, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Президенті халық­тың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етуі Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті еке­нін айтты.

– Азаматтарға қажетті жағ­дай жасау барлық деңгейдегі мем­лекеттік органдардың міндетіне айналуы тиіс. Мемлекеттің басты байлығы – оның халқы! Олардың тілектерін ескеріп, толғандырған мәселелерін шешу Үкіметтің негізгі қағидаты болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев жұртшылықпен кез­десуінде өңірдің бірқатар ше­шіл­меген мәселелерін де атап өтті.

– Облыстағы орташа жала­қы­ның көлемі – 141 мың теңге, ал рес­публика бойынша 168 мың теңге. Бұдан бөлек, бірқатар ау­дан тұрғындарының табыс көлемінде айтарлықтай айыр­ма­шылық бар. Лайықты жа­лақы – халықтың әл-ауқатына ық­пал ететін маңызды фактор. Сон­дықтан азаматтарымыздың та­бы­сын арттыру әрқашан ме­нің басты назарымда болады. Халқының табыс көлемі об­лыс әкімдіктерінің жұмыс көрсеткішіне айналуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Үкіметке және жергілікті атқарушы орган­дарға сапалы әрі қолжетімді тұр­ғын үй салуды, халықтың табы­сын арттыруды, іскерлік бел­сенділікті қолдап, орта тап қалыптастыруды, сондай-ақ өңірдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін 50 пайызға арттыру туралы Елбасының міндеттемесін еске салып, алдағы бес жылда бұл көрсеткіштің 30 пайызға жетуі тиіс екенін айтты.

– Облыс әкіміне «Биз­нестің жол картасы-2025» рес­­пуб­­ликалық бағдар­ла­ма­сының аясында жүйелі шаралар қа­былдауды тапсырамын. Биыл­­дан бастап оған бөлінетін қар­жы 30 миллиард теңгеге өсті. Кәсіпкерлер өз ісін дамыту үшін берілетін мик­ронесиелерді ке­дер­гісіз алуы тиіс. Біз оларға жан-жақты қол­дау көрсетіп, бола­шағы бар әр жобаға көңіл бөлуі­міз қажет, – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті өңірдегі цифрлан­ды­ру деңгейінің төмен, ауылдар­дағы интернет шектеулі екенін айтып, елді мекендерді дамыту жөнінде бірқатар міндет қойды.

– Агроөнеркәсіп секторы – өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының негізгі арқауы. Ақтөбе облысы – жерінің кө­ле­мі жағынан еліміздегі ірі өңір­лердің бірі. Әкімдік ауыл шаруа­шылығын дамыту үшін нақты жұ­мыс жос­парын әзірлеуі тиіс. Өңір азық-түлік қауіпсіздігін қам­­та­масыз ету ісінде маңызды рөл ат­қаруы керек, – деді Қ.То­қаев.

     Іс-шара соңында Қазақ­стан Президенті ақын Б.Қал­ма­­ған­бетовті, еңбек ардагері С.Құ­сайынованы, Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі әрі дирижері М.Құспановты, Ақ­төбе ферроқорытпа зауы­ты­ның автокөлікті пайдалану жөнін­дегі шебері В.Плугинді және Әлеу­меттік қызмет көр­се­ту орта­лы­ғының медбикесі Л.Мар­шени­наны алғыс хаттармен марапаттады.

Президенттің облыс жұрт­шы­лығымен кездесуі кезінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов, Қа­зақ­станның Еңбек Ері сал ауруларына шалдыққан мүгедек азаматтарды қолдау қорының төрайымы Құралай Бәйменова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Айнұр Бақтығалиева және Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшесі, Ақтөбе облыстық  мәслихатының депутаты Сергей Вишняк сөз сөйлеп, Президенттің ой-тұ­жырымдары көңілдерінен шық­қанын жеткізді.

Мемлекет басшысы жұрт­шы­лықпен кездесу алдында «Green Capital Kazakhstan» жылыжай кешеніне барған болатын. Қазақстан Президенті Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында жылына 3 мың тонна кө­көніс өсіретін «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-нің жылыжай кешенін аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіп­орынның шығаратын өнімдерімен танысты және жаңа жұмыс орын­дарын ашып, халықтың әл-ау­қатын арттыру үшін осындай ин­вестициялық жобаларды іске қо­судың маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Қ.То­қаев келесі кезекте Ақтөбе қала­сының индустриялық аймағының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына гранит пен ке­­рамикалық тақтайшалар шыға­ратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытының құры­лысы жөнінде мәлімет берілді. Аталған инвестициялық жобаның жалпы құны 9,2 миллиард теңге.

Қазақстан Президентіне Ин­дустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, өнеркәсіптің жаң­ғыртылуы, шағын және орта бизнестің дамуы туралы баяндалды. Сондай-ақ Қ.Тоқаевқа об­лыстағы ірі өндіріс нысандары, соның ішінде мұнай өндіретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акцио­нерлік қоғамының және жел электрі стансасының құры­лы­сы­мен айналысатын «ARM WIND» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­ті­гінің жұмысы жөнінде мәлімет берілді.

Қ.Тоқаев компания басшыла­рына арналған сөзінде еңбек­керлердің жалақысын жыл сайын өсіру және сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердегі Қазақстанның үле­сін арт­тыру қажеттігін айтты. Мем­­ле­кет басшысы шағын және орта биз­несті дамыту үшін ірі кәсіп­орын­дардың айналасында белдеу құ­рудың маңыздылығын атап өтті.

Соңында Қазақстан Прези­денті облыс басшылығына өңірге ин­вестиция тарту бойынша ке­шен­ді шара қабылдауды тап­сыр­ды.

Қазақстан Президенті Қ.То­қаев сондай-ақ Ақтөбедегі «Қаз­хром» ТҰК» акционерлік қоға­мы­­ның ферроқорытпа зауытында болды. Мемлекет басшысына Қазақстан металлургиясы көш­басшыларының бірі саналатын зауыттың технологиялық үдерісі мен өндірістік көрсеткіштері көрсетілді.

Президентке «ха­лық бақы­лауы» жобасы таныс­ты­рылды. Бас­тама аясында мүм­кін­дігі шек­теулі жандар өндіріс ор­­нын­да қауіпсіздік техни­касы­ның сақ­талуы мен еңбектің қор­ға­­луын қамтамасыз етуге атсалы­сады.

Мемлекет басшысы жобаның әлеуметтік маңызын атап өтіп, оның іске асырылу нәтижелерін жоғары бағалады, сондай-ақ бұл тәжірибені кеңінен қолдануды тапсырды.

– Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Өйткені өндірісте жарақат алып қалу қаупі жоғары болғандықтан, мұндай жұмыс өте пайдалы және қажет. Еңбеккерлерді әлеуметтік жағынан қызықтыратын жобаның маңызы зор. Баршаңызға ден­сау­лық, бақ-береке тілеймін, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Президенті Қ.То­қаев өңірге жұмыс сапары шең­берінде медицина қызмет­кер­лерінің фо­румына қатысты. Ақтөбе меди­ци­­налық орталы­ғында өткен іс-ша­ра барысында Қазақстан Пре­зи­дентіне меди­ци­налық клас­тер құру тәжірибесі және Ақ­төбе об­лысының үлгісі бо­йын­ша өңірлер­дегі денсаулық сақ­тау сала­сында кластерлік әдісті қолда­нудың перспективалары жөнінде мәлімет берілді.

Қ.Тоқаев «Халықтың ден­сау­лығын сақтау: сая­сат, ғылым, білім, алғашқы меди­ци­налық-санитарлық жәрдем тәжі­рибесі» атты халықаралық ғы­лыми-тә­жі­рибелік конференцияда сөй­леген сөзінде ұлт денсаулығы мем­ле­кетіміздің басты байлығы екенін айтты.

– Елбасының тапсырмасымен негізі қаланған Ақтөбе медицина орталығы отандық денсаулық сақ­тау саласының  әлеуетін артты­руға айрықша үлес қосып отыр. Бү­гінде тұрғындар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына бармай, шетелге шықпай, осы орталықта нейрохирургия, балалар кардиологиясы, трансплантология салалары бойынша сапалы ем қабылдай алады. Барлық облыс осындай деңгейге ұмтылуы қажет. Бұған әлеуетіміз жетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елімізде ме­дициналық-демографиялық ахуал­дың жақсарып келе жат­қа­нын атап өтіп, тәуелсіздік жылдар­ында Қазақстан халқының саны 2 миллион адамға өсіп, аза­мат­тардың өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұзарғанын айтты.

– Инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды. 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық жаңа заманауи емхана мен амбулаториялық мекемелер салынды. Біз Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгіздік. Бүгінде республикалық клиникалар бұрын тек шетелдерде ғана жүзеге асырылатын күрделі операцияларды жасайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ден­саулық сақтау инфра­құ­ры­лымын одан әрі жаңғырту, меди­циналық қызмет пен дәрі-дәрмек­тердің сапасын жақсарту және олардың халыққа қолжетімді болуын қам­тамасыз ету, отандық медицина ғылымын дамыту, сондай-ақ ден­саулық сақтау жүйесін цифрландыру жөніндегі шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

– Алғашқы жәрдем адамдарға барынша жақындатылуы тиіс. Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты же­ріне қарамастан бәріне бірдей қол­жетімді болуы керек. Сонымен қатар алдағы уақытта қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне және алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемге бөлінетін қаржыны осы салаға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемінің 60 пайызына дейін арттыру қажет. Нәтижесінде 2025 жылға дейін алдын алу шараларына ғана бөлінетін қаржы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев 2019-2021 жылдары жеті өңірдегі 10 медициналық нысанның құрылысына 120 мил­лиард теңгеге жуық қаржы бөлі­нетінін айтты. Президенттің сөзі­не қарағанда алдағы үш-бес жылда отандық медицинаны, соның ішін­де ауылдық жерлердегі ауру­ханаларды материалдық-техни­калық жабдықтармен және кө­лікпен қамтамасыз ету мәселе­лерін толық шешу көзделіп отыр.

– Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасына байланысты міндеттерді, дәрі­гер­лердің мәртебесі мен беделін көтермей жүзеге асыру мүмкін емес. Биылғы 1 маусымнан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлердің еңбекақысы жекелеген категориялар бойынша 30 пайызға артады. Маман даярлау сапасы бойынша медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерге талапты күшейту қажет. Мұнда теориялық база ғана емес, сондай-ақ тә­жі­рибелік дағдыға машықтану да маңызды. Сондықтан өңірлік емханалардың бір бөлігін меди­ци­налық жоғары оқу орындарына беру керек. Нұр-Сұлтан, Ал­маты және Шымкент сияқты ірі қалалар жоғары технологиялы ме­дициналық орталықтарға ай­налуы тиіс, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Соңында Мемлекет басшысы конференцияға қатысушыларға табыс және жемісті пікірталас тіледі.

Қазақстан Президенті Қ.То­қаев өңірге жұмыс сапарының соңында «Жекпе-жек» сарайына барды. Мемлекет басшысы гимнастикаға және басқа да жаттығуларға арналған залдарды аралап көрді. Бұл кешенде бокс, күрес, дзюдо және өзге де спорттың жекпе-жек түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыс­тар өткізуге мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ күресінен жастар арасында өтіп жатқан өңірлік командалық тур­нирге қатысушылардың бел­десулерін тамашалады.

Қазақстан Президенті танымал спортшылармен әңгімелесіп, оларға жетістіктері үшін риза­шы­лық білдірді. Мемлекеттің әр­дайым спортқа жан-жақты қол­дау көрсететінін жеткізді.

 

Ақтөбе облысы