• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Мамыр, 2019

Бал татыған балауса үн

1188 рет
көрсетілді

«Астана» концерт залында «Айналайын» бала­лар хорының құрыл­ғанына 20 жыл толуына орай «Абыройы асқақ, «Айна­лайын!» шығар­машылық кеші өтті.

Астана қаласы Білім басқар­масы мен №2 Өнер мектебі ұйым­дастыруымен өткен мәдени іс-шара сонымен қатар Жастар жылы мен Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылды. Бұл жобаның ең басты ерекшелігі – көп балалы және аз қамтылған отбасыларға балалар өнерін тегін тамашалауға мүмкіндік туғызды.

Бүгінде елорда бренді саналатын «Айналайын» балалар хоры Илья Авербухтың «Мұз айдын­дағы шоу», VII қысқы Азиада ойын­дарының ашылу салтанаты сияқты мемлекеттік ауқымды мәдени іс-шаралардың өтуіне атсалысқан беделді де бірегей өнер тобы болып табылады.

Тарихы Қостанай қаласынан бастау алатын «Айналайын» балалар хорының мақсатына келсек, олар негізінен қазақ тіліндегі балаларға арналған авторлық әндерді орындайды. Оған «Үздік мұғалім-2006» байқауының бас жүлдегері, Ы.Алтынсарин атындағы, «Мәдениет саласының үздігі» және «Адал тұлға» медаль­дерінің иегері, №2 Өнер мектебінің директоры Гүлмира Жангелдіқызы жетекшілік етеді.

Кеш Президенттің эстра­далық-симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен өтті. Айна­ла­йын­дықтар жанды дауыста ән салды. Көрермендерге ұжым туралы 10 минуттық деректі фильм көрсетіліп, 20 жыл бұрынғы кезеңге шолу жасалды. Ресейлік «Голос. Дети» тележобасының жеңімпазы Ержан Максим қонақ ретінде қатысты. Сонымен қатар мерейтоймен арнайы құттықтап келген хордың 2001 және 2015 жылғы түлектері ән салды. Концертте жаңа авторлық әндер орындалды, танымал әншілер өнер көрсетті.

Былтыр Испанияның Льорет-де-Мар қаласында ұйымдас­тырылған халықаралық «Fiestalonia – Me­di­terranean Legends» байқауында жеті мемлекеттен келген жеткін­шектер арасында озық өнер көр­сетіп, бірінші орынды иеленді. Ал биыл Елбасы қатысуымен өткен Жастар жылын жариялау салтанатында олар эстрада жұлдыз­дары­мен бірге «Елім менің» (Н.Назарбаев, Б.Тілеуханов) әнін шыр­қады. Бүгінде «Айналайын» балал­ар хорына арнайы жазылған әндер Қазақ радиосының «Алтын қорына» еніп, орындалып жүр.

 

Қаршыға КҮЛЕН