Сенбі, 19 қаңтар 2013 7:33
Семей педагогика институты тәрбие бөлімінің маманы Лиза Арнольдовна Готман бұрынғы Абыралы ауданының Қайнар ауылында 1975 жылы дүниеге келген. Ұлты – неміс. Бірақ, қазақшаға судай. Өзінің айтуынша, жастайынан қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебінде білім алуы оның осы тілге деген құрметін бала күнінен бойына сіңіруге әсер еткен көрінеді.
Сенбі, 19 қаңтар 2013 7:33
Семей педагогика институты тәрбие бөлімінің маманы Лиза Арнольдовна Готман бұрынғы Абыралы ауданының Қайнар ауылында 1975 жылы дүниеге келген. Ұлты – неміс. Бірақ, қазақшаға судай. Өзінің айтуынша, жастайынан қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебінде білім алуы оның осы тілге деген құрметін бала күнінен бойына сіңіруге әсер еткен көрінеді.
Қазақтықтың қаймағы бұзылмаған Абыралы өңірі – Төлеужан сынды талай ақындар мен ән атасы Әміре, бұлбұл көмей Бибігүлді дүниеге әкелген киелі жер. Осындай құт дарыған мекенде дүниеге келіп, қазақ деген кеңқолтық ұлттың қасында өмір сүрген жанның қазақ тілінде сөйлемеуі мүмкін де емес тәрізді. 1992 жылы Қайнар ауылындағы С.Бегалин атындағы орта мектепті Алтын белгімен бітірген Л.Готман жоғары білім алу мақсатымен Семейдің сол кездегі сүт және ет өнеркәсібі технологиясының институтына оқуға түседі.
1997 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас маман өзі тәмамдаған оқу орнында машықтанушы-оқытушы болып жұмыс істейді. Сол кездегі нарықтың қатал заңына орай қаладағы жоғары оқу орындары Семей мемлекеттік университетіне біріктіріледі. Көп уақыт өтпей педагогикалық институт өз алдына бөлініп шығады. Міне, сол кезде Л. Готман да мұғалімдер институтына аға оқытушы болып келеді.
– Мектеп қабырғасында жүрген кезімде қоғамдық жұмыстарға қатысып, мектеп өміріне тікелей араласатынмын. Көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болдым. Осы жәйттер институт қабырғасында жүргенде де өз пайдасын тигізді. Жастар арасында жарқырай көзге түсіп, жастайымнан құмар болған өнерге деген жақындық мені қоғамдық шаралардан тыс қалдырмайтын, – деген Лиза Арнольдовна қазақ тілін білгендігінің де көп пайдасы тигенін қуана әрі мақтанышпен жеткізді.
– Мемлекеттік тілді насихаттауда және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне байланысты өткізілетін конкурс-жарыстарға қатысатынмын. Және үнемі жеңімпаз атанып жүрдім. Жүлдеге алған сыйлықтарым жетерлік. Мәселе сыйлық алуда емес, өзімнің ана тілім деп есептейтін қазақ тілін насихаттауға өзге ұлт өкілі бола тұра, үлес қосқанымды мәртебе санайтынмын.
2007 жылдан педагогика институтының тарих-филология факультеті деканының орынбасары қызметін 2011 жылға дейін атқарған Л. Готман бүгінде аталған оқу орнының тәрбие бөлімінің бастығы болып істейді. Болашақ ұстаздарды тәрбиелеу ісінде ұсақ-түйек болмайды деп есептейтін Лиза Арнольдовна Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылған мемлекеттік тілді дамыту туралы пікірін толық қолдайтындығын, өзі де бұл мәселеге үлес қоса беретіндігін жеткізді.
– Германиядағы жиен туыстарым тарихи отаныма шақырған. Бірақ, мен үшін кіндік қаным тамған қазақ жерінен артық жер, ана тілім деп есептейтін қазақ тілінен артық тіл жоқ деп есептеймін. 130 ұлттың басын қосып, татулық пен достықтың үлгісі, тұрақтылықтың тұтқасы болып отырған ата- мекенім – Қазақстанды басқадай ешқандай жерге айырбастамаймын. Көп ұлтты демекші, біздің отбасымыздың өзінде бірнеше ұлттың өкілі бар. Жезделерімнің арасында орыс пен қазақ, татар да бар. Бірақ, басымыз қосылғанда бәріміз бір үйдің баласындай, бөліну дегенді білмейміз. Тілегіміз де, жүрегіміз де бір, – деген Лиза Арнольдовна өз бойындағы отансүйгіштік қасиеті мен мемлекеттік тілге деген құрметін жас ұрпақ бойына сіңіру жолында жемісті еңбек ете бермек.
Нариман ЖАНҒАСКИН.
СЕМЕЙ.