Іс-шара қарсаңында қала тұрғындары мен жастары үшін белгілі сарапшылар мен жаттықтырушылардың шеберлік сабақтары мен тренингтері өтті. Воркшоптарда «Дизайн-ойлау», «Университеттен кейінгі кәсіпкерлік – 10 қателік», «Кәсіпкерлік негіздері: нөлден бірге дейін» және т.б. тренд тақырыптары баяндалды.
Форумға, сонымен қатар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» басқармасының төрағасы Светлана Есбосынова, кәсіпкерлік және тартылған университеттердің аккредитациялық кеңесінің негізін қалаушы және төрағасы, University Industry Innovation Network негізін қалаушы Dr. Thorsten Kliewe, IGlobal Университетінің Президенті Dr David Sohn, халықаралық және ұлттық сарапшылар, ЖОО оқытушылары және тағы басқалар қатысты.
Форумды ашқан Вице-Премьер, бүгін де Қазақстанда Үшінші жаңғырту жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның мақсаты - шикізаттық тәуелділіктен инновациялық экономикаға көшу. Осыған байланысты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Барлық күш-жігер елді болашақ серпіліске дайындауға және мықты Қазақстанды құруға бағытталған», — деп атап өтті.
«Цифрлық дәуірге жаһандық көшу жағдайында әлемдік кәсіпкерлік білім беру басты трендке - бағдарламаларды дараландыру мен мамандандыруды имплементациялауға, оқу процесіне инновациялар мен Төртінші өнеркәсіптік революцияның технологияларын кеңінен енгізуге сәйкес өзгеретін болады», — деді Г. Әбдіқалықова.
Елімізде кәсіпкерлік үшін қажетті жағдайлар жасалған, бизнес-инкубаторлар дамып келеді және ЖОО-да сапалы стартаптардың өсуі үшін мүмкіндіктер бар. Мысалы, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік академиялық бизнес-инкубаторларды қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда. Бүгін де осындай 20 құрылым (университеттік, коммерциялық алаңдар және т.б.) жұмыс істейді.
Форумда инновациялық экономика үшін кәсіпкерлік білімді жетілдіру, мемлекет, білім, бизнес және азаматтық қоғам серіктестігін, білім беру мекемелерінде басқару командаларын дамыту және т. б. мәселелер жан-жақты талқыланды.