– Рахмет. Бұл енді әу баста Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба болатын. «Композитор» – достық туралы фильм. Екі елдің дарынды ұлдарының от пен оқ кешкен сын сәттегі адамгершілік қасиеті мен тағылымды істерін, ұлы достығын келешек ұрпаққа көрсеткіміз келді. Мен әуелде аталған фильмнің суретшісі болып бекітілгенмін. Ал картинаның режиссерлігі қытайлық Шерзат Якубқа тапсырылды. Бірақ өздеріңіз білетіндей, түсірілім жұмыстары екі елде қатар өткендіктен, кейін шығармашылық құрам міндеттері қайта қаралып, Қазақстандағы түсірілімге жауапкершілік маған жүктелді. Осылайша «Композитор» фильміне әрі режиссер, әрі суретші болып келіп қалдық.
– Жалпы, көркем фильм түсірудің өз қызығы, өз қиындығы бар. Десе де, өмірде болған тұлға жайында фильм түсіру, оның өзінде композитор Бақытжан Байқадамовтың көзін көрген замандастарының әлі де ортамызда жүргендігін ескерсек, сценариске де, режиссерге де, актерлерге де үлкен жауапкершіліктің жүктелгені сөзсіз. Бұл тұрғыда қандай да бір қиындықтарға кезіктіңіздер ме?
– Әлбетте, ондай қиындық, қорқыныштың болғаны рас. Қандай жұмысты қолға алсаң да толқу сезімінің болуы заңдылық қой. Бұл фильмде де дәл солай болды. Түсірілімге кіріспес бұрын ең алдымен қос композитордың өмірбаянын жан-жақты оқып, зерделеуден бөлек, өнер иелерінің көзін көрген адамдармен кездесуге, естеліктерін тыңдауға барынша көңіл бөлдік. Бізге аталған кинотуындыны түсіруге Бақытжан Байқадамов ағамыздың туған перзенті Балапан Бақытжанқызы мен фильмде сөз болатын қарындасы Данаштың қызы Қаламқас апаларымыздың үлкен көмегі тиді. Ізденісімізді ең әуелі сол кісілермен әңгімеден бастадық. Үйіне арнайы барып, фотосуреттерін алып, бірталай құнды деректерге қанықтық.
Иә, өзіңіз айтып отырғандай, тұлға жайлы көркем дүние шығарудың және бір қиыншылығы бар. Ол – сын-ескертпелер. Мәселен, фильмдегі басты кейіпкер Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың қарындасы Данаштың қоштасатын тұсына қатысты «Композитор мен анамның арасында сүйіспеншілік сезімі болған емес» деп Қаламқас апамыз өзінің ескертуін жасады. Бірақ біз ол эпизодта тіпті де махаббатты емес, сұрапыл соғыстың қиын-қыстау кезеңінде бір шаңырақ астында бірге тұрып, бір-біріне бауыр басып, туысқанға айналған жандардың адами аяулы сезімдерін көрсеткіміз келген еді. Әрине, жұмыс процесі, оның үстіне шығармашылық дүние болғандықтан ондай пікір қайшылықтарының болып тұруы заңдылық, тіпті қалыпты дүние дер едім. Ең бастысы – фильм бар. Басты жеңіс – сол.
– Басты рөлге актерлік құрам қалай таңдалды?
– Кастинг жұмыстарымен толығымен Қытай жағы айналысты. Біздің тарап Бақытжан Байқадамов пен қарындасының рөлін ойнауға лайықты деген актерлерді жинадық. Түскен фильмдерін көрсеттік. Ішінен іріктеп, саралай келе, режиссер басты рөлге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов (Бақытжан Байқадамов) пен Аружан Жазылбекованы (Данаш) таңдап алды. Сянь Синхай бейнесін қытайлық танымал актер Ху Цзюнь сомдады.
– Қазақ пен қытай кино түсіру шеберханасында айтарлықтай айырмашылықтар бар ма екен?
– Әр елдің өз жұмыс істеу жүйесі, тәртібі бар ғой. Мәселен, дәстүрлі қытай өнерінің өзіндік ерекшелігі бар. Ол әсіресе актерлік ойында да, актерлермен жұмыс істеуде де анық көрінеді. Қытай фильмдері эмоцияны өте ашық көрсетуге ұмтылады. Жек көрсе – жек көргені, ұнатса – ұнатқаны ашық, әсіре эмоциямен берілуі керек. Режиссердің біздің актерлерге қойған ең бірінші талабы осы болды. Сол жағы біраз қиындау болған секілді. Тіпті, аздап өрескел де көрінді. Бірақ бара-бара ортақ келісім, түсіністікке келіп, актерлер өз рөлдерін сәтті алып шықты деп ойлаймын.
Одан кейін тағы бір айта кетерлік жайт – қытай кинематографистері өте жедел екен. Біздегідей жайбарақаттық жоқ. Олардың кино алаңындағы жұмыс уақыты да өте ұзақ, тіпті 14-16 сағатқа дейін созылады. Осы жағы біздің мамандарға біраз қиын болды. Мәселен, түсірілімнің алғашқы күні мынадай бір ыңғайсыз жағдай орын алды. Қытайлар жұмысқа таңғы сағат 5.00-де жиналып алыпты. Ал біздің жақ 30 минутқа кешігіп келді. Соны көрген қытайлық түсірілім тобы: «Бұлай жалғаса берсе, жұмысты белгіленген уақытта аяқтай алмай қаламыз» деп алаңдаушылық білдірді. Осыдан кейін біз де жиналдық (күлді). Фильмнің тең режиссері ретінде өзімнің тағы бір кезіккен қиыншылығым – ол көпшілік сахна мәселесі. Қытайлар массовкаға 2000-3000 адамға дейін сұрайды екен. Ал бізде ондай масштаб жоқ. Ең көп дегенде 200-300 адамды әзер жинаймыз. Соны көріп: «Адамдарыңыз қайда? Неге келмейді?» деп режиссер де, продюсер де біраз ренжігендей болды. Кейінірек жағдайға қанығып, күліп жатыр.
– Тіл мәселесі қалай шешілді? Бұл жағынан қиындық болған жоқ па?
– Жоба қолға алынған сәтте-ақ біздің ең үлкен қаупіміз осы болды. «Бір-бірімізбен түсінісу үшін қасымызда қанша аудармашы жүру керек?» деп қорықтық. Бірақ нақты жұмыс процесіне келген кезде барлығы оңай шешілді. Шерзат Якуб қытайлық режиссер болғанымен, ұлты ұйғыр ғой. Қазақ тілін жақсы біледі екен. Оның үстіне, Қытайда қазақтар туралы 3 фильм түсірген тәжірибесі бар. Мұның өзі үлкен көмек болды. Одан кейін менің ұсынысыммен операторлыққа да Қытайдан атажұртқа оралған бауырларымыз тартылды. Нәтижесінде бір-бірімізбен тез тіл табысып, өнімді жұмыс істедік деп ойлаймын.– Фильм қанша уақытта түсірілді?
– 2017 жылы басталған түсірілім жұмыстары жыл мезгілдерінің ерекшелігіне байланысты үзіліп жүрді. Оның біраз бөлігі Қазақстанда түсірілсе, жартысы Қытайда өтті. Фильмнің бастан-аяқ түсірілімі 1 жылға созылды. Ал музыка, компьютерлік өңдеу, графикасы бар, яғни жалпы фильм монтажына 1 жарым жылдай уақыт кетті. Өйткені монтаж жұмыстары толықтай Қытай студиясында орындалды. Біз қатыспадық. Қытай киногерлері компьютерлік өңдеуге қатты көңіл бөледі екен. Адамдарды көбейту, табиғатты қосу, көшелерге заман атмосферасын беру, қаланы өзгерту мәселелері тікелей техниканың көмегі арқылы жүзеге асты. Жалпы фильмнің сапасы жаман болмаған сияқты. Кинотуындының премьерасы мамыр айында Бейжің қаласында өтіп, 17 мамырдан бастап прокатқа шықты. Ал қазақстандық жалпыхалықтық прокат маусым айына жоспарланып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.