Алматы облысында табиғи өрттің алдын алу, оларды жою бағытында заманауи цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Соның бірі – интеллектуалды бейнемониторинг жүйесі. Жүйе жоғары тиімділігін көрсетіп, орман өрттерінің қаупін 14 есе қысқартуға мүмкіндік туғызып отыр.
Цифрлық мониторинг жүйесі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 11 маусымдағы тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде облыстың бес орман шаруашылығында – Бақанас, Қаскелең, Күрті, Шелек, Қарадала аумақтарында 18 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған.
Жүйеге қосылған заманауи бейнекамералар тәулік бойы өрт қаупі жоғары аймақтарды бақылап, түтін мен от тұтану ошақтарын ерте кезеңде анықтайды. Ақпарат нақты уақыт режімінде жедел қызметтерге жеткізіліп, қауіптің алдын алуға, өрттің таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Алматы облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қабылданған шаралар айтарлықтай нәтиже берген. 2022 жылы орман өрттері шарпыған аумақ 784 гектардан асса, өткен жылы бұл көрсеткіш 53 гектарға дейін қысқарған. Бұл – шамамен 14 есе аз. Мамандардың айтуынша, бейнемониторинг жүйесі ерте анықтау мен жедел әрекет ету тиімділігін одан әрі арттырады.
Өрттің алдын алу шаралары орманды қалпына келтіру жұмыстарымен де тығыз байланысты. 2021–2025 жылдарға арналған 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі ұлттық жоба аясында Алматы облысында 43,7 млн ағаш отырғызылып, 19,8 мың га аумақ қамтылды. Орман отырғызу, тұқым себу жұмыстары 100%-ға орындалды. Алдағы жылдары бұл жұмыс жалғасын табады. Өңірде қосымша 8,9 млн ағаш отырғызылып, 4 мың га жер көгалдандырылады.
Жаңа технологияларды енгізу мен ауқымды орманды қалпына келтіру жұмыстары табиғи өрттердің алдын алып қана қоймай, жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға септігін тиігізеді.
Алматы облысы