Сауап демекші, садақа беру де үлкен сауап. Садақаны сауыңда бер. Садақа бәлені көтереді, қауіп-қатердің алдын алады. Бұл жөнінде жиі естиміз. Бірақ та мән бере бермейміз. Керісінше, бір қиындыққа тап болғанда, тығырыққа тірелгенде ғана садақа береміз. Абзалы алдын ала берген.
Садақаны кімге беру керек? Әдетте, садақаны беру үшін жұма күнін күтеміз. Сосын мешіт жағалап, кемтар, қайыршы іздейміз. Әлбетте, жұма ізгі амалдар мен құлшылықтың еселенетін күні. Бірақ садақаны міндетті түрде қайыршы-тіленшіге беру шарт емес. Айналамыздағы кез келген адамға, әрине бірінші кезекте мұқтаж жандарға берген дұрыс. Ең бастысы ниет. Нәпсіңізді жеңіп көңіліңіз қалаған қаржыны бергеніңіз. «Мұсылманның бір құрманың не бір түйір жүзім көлеміндей болса да қайыр қылғаны сауап» деген бар хадистерде. Садақаны міндетті түрде қаржылай беру шарт емес. Қол қайыр, сөз жәрдем, жылы сөз, тіпті күлімсірей қарап, кісінің көңілін өсіріп, шуаққа бөлеудің өзі – садақа. Бастысы – ниет, Алланың разылығы. Садақаңызды бергенде (мейлі жәшікке, мейлі қолға) іштей дұға етіңіз: «Аллам, сенің разылығың үшін садақа жасауды нәсіп ете гөр».
Садақа жария және жасырын болады. Абзалы, құпия садақа. Себебі садақа Алла мен пенденің арасындағы сыр дейді ислам тәпсіршілері. Жасырын болған садақаның сауабы мол болмақ. Себебі рия мен мақтан Алла тағаланың ең бір сүймейтін мұғжизаларынан дүр.Өзіңе қатты ұнайтын мүлкіңді, киіміңді, қымбат телефоныңды, астыңдағы атыңды бір мұсылман қалап сұрады делік, сіз соны қиып беруіңіз керек. Қиындау сынақ, әлбетте... Бірақ берген сауап.
Өмірден өткен жақын адамдарымыздың атынан садақа беруге болады. «Қамшының сабындай қысқа ғұмырында мол садақа беріп үлгерді ме, жоқ па? Әкем, анам үшін қыршын кеткен бауырым үшін» деп арнап берсеңіз ол марқұмға да, сізге де сауапты ізгі амалдардан болмақ.
Ал мешіт, медресе салу, жол, көпір құрылысына үлес қосу, құдық, су көзі, бау егу сан ғасырлық үздіксіз сауапқа кенелтетін садақаның түрінен саналады. Алла тағала кәміл мұсылман қатарынан етіп, қай-қайсысымызды да «алушы қолдан емес, беруші қолдан ете гөр» деп тілейік, себебі біздің рухымыз бергеннен ләззат алатын, сауаптан азықтанатын болмыс екені аян.Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист