Алдымен осы ұғымды, яғни қазақ даласында соғыс өрті болды ма, болған жоқ па, осыны анықтап алайық. Қазақ жерін фашистердің аяғы баспағаны, олардың қолдарына от-алау ұстап, үй-үйді өртемегені рас. Соған қарап, қазақ жерінде соғыс өрті болған жоқ деуге бола ма? Шынында, қазақ жеріне соғыстың өрті келмесе де, шарпуы тиді. «Соғыс кезінде фашистерге атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалған» деп, «Қазақстан жеңіске мынандай-мынандай көмек көрсетті, тылда қалған әйелдер мен балалар ауыл шаруашылығында немесе өндірісте орасан жетістікке жетті» деп айтқанда ауыз толтырамыз. Соның бәрі оңайлықпен болып па еді? Соғыс кезінде тылда еңбек еткен әйелдер мен балалардың қаншасы қиындықтан о дүниелік болып, қаншасы жазылмас ауру тапқанының есебі де жоқ. Демек, Қазақстанда соғыс өрті болмаса да, соғыс өртінің шарпуы талай мың жанды жазалаған.
Мен соғыс кезінде, малды ауылда туып өскенмін. Соғыс кесапаты жайлы өз көзіммен көрген бірер оқиғаны айтсам, соғыс Қазақстанға қандай қасірет әкелгені түсінікті болады. Ерлері соғысқа кеткен кіл әйелдер қыстыгүні таң сәріде тұрып, мал жайлауға шығатын еді де, қас қарая бір-ақ кіретін. Біз аштан бұралып, әрі от жағылмаған салқын үйде бүрісіп, төсекте жататынбыз. Анамыз қараңғы түскенде келіп, ыстық бірдеңе дайындаған соң, сәл-пәл жылынып, жүрек жалғаған соң қайта ұйқыға кететінбіз. Сонда үлкендер біреулердің екі-үш жасар сәбилерінің кешке мал жайлап келгенде өліп қалғанын әңгімелеп отыратыны есімде.
Соғыс біткеннен кейін он жыл шамасы өткен соң, аудан орталығындағы жалғыз орта мектептің тұл жетімдер мен аналары алыс мал жайылымындағы жартылай жетімдер жататын пансионына іліккенмін. Сондағы сегізінші сыныпта жасы жиырмадан асқан соқталдай қыз-жігіттер оқығанын айтпағанда, жүйкесі тозғаннан талма ауруына ұшыраған немесе өкпе, сүйек ауруына шалдыққан, қол-аяқтары созылмайтын аурушаң оқушылардың талайын көз алдымыздан өткізгенбіз. Кейбіреулерінің түн ішінде ауруы ұстап, зәреміз кеткен кездер де көп болды. Осылар соғыстың өрті емей, соғыстың зардабы емей немене?!
Сондықтан жоғарыда көрсетілген мақалада өте өзекті мәселе көтеріп отырған газетке де, оның қызметкері Гүлбаршын Айтжанбайқызына да алғысым шексіз. Өткен жылы мамырда Парламент спикері, қазіргі Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Атырауға келіп, облыс активімен кездесуінде мен осы мәселені көтерген болатынмын. Қайталап айтамын, соғыс кезіндегі балаларға ерекше мәртебе керек. Бірақ оны басқа елден көшіріп, соғыс балалары деп емес, майдангер балалары деп атау қажет. Себебін түсіндірейін. Мақала авторының айтуынша, Ресейде соғыс балалары деп, 1928-1945 жылдар арасында туғандарды атайды екен. Қазақстанда тыл ардагері деген категория бар. Оған 1938 жылы туғандарға дейінгілер жатады. Ішінара 1939 жылы туғандардың да осы тізімге іліккендері бар. Демек, 1928-1938 жылдар аралығында туғандарға қосымша атақ берудің қажеті жоқ. Сондықтан 1938 жылы туғандардан, яғни әкелері соғысқа кеткенде үш жасқа толмағандардан бастап, «Соғыс балалары» емес, «Майдангер балалары» деген атақ беру қажет. Алдымен, бұл тізімге әкелері майдан даласында қаза болғандар мен жараланып елге қайтпай қалған боздақтардың балалары ілінсе дейміз. Себебі олар – майдан даласында ерлікпен қаза тапқан әкелерін көрмей өскен шерменделер. Майданда жүріп қан төкпесе де, тылда жүріп жас төккендер. Соғыстың қасіретін жөргегінде жұтып, жеңіс қуанышын есі кірмей түсінгендер. Әкесі барларға қызыға қарап, соғысқа лағнет айтқандар. «Ұлар жылап, су ішіп, ұлан жылап, күн кешкендер».
Бүгінде майдангер балаларының алды сексенге толып, арты да сол жасқа жақындаған. Олардың саны да көп емес. Демек, оларға көрсетілетін азды-көпті әлеуметтік көмек мемлекетке ойсыраған шығын әкелмейді де. Ал «Майдангер балалары» деген атақ, соғыс қорлығын көргендерге тек материалдық қана емес, тартқан азабының өтеуі ретінде де, бір рет болса да, кеудесін керіп, адам ғұрлы сезінуіне пайдалы шара болар еді. Менің осы ұсынысымды ел президенттігіне кандидаттарға берер аманатым деп түсініңіздер.Абат КЕНЖЕҒАЛИ,
зейнеткер
АТЫРАУ