Сенбі, 23 ақпан 2013 8:12
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», дейді қазақ тәмсілі. Әсіресе, әлем жұртшылығын үркіткен аты жаман аурудың асқынып алса бой бермейтіні белгілі. Сондықтан оның алдын алу шаралары жолға қойылып келеді.
Ақтауға осы мақсатта мамандар жиылды. Олар облыстық денсаулық сақтау басқармасымен және саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе «Онкологиялық аурулардың алдын алу» тақырыбында онкүндік өткізді. Еліміздің саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығынан,
Сенбі, 23 ақпан 2013 8:12
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», дейді қазақ тәмсілі. Әсіресе, әлем жұртшылығын үркіткен аты жаман аурудың асқынып алса бой бермейтіні белгілі. Сондықтан оның алдын алу шаралары жолға қойылып келеді.
Ақтауға осы мақсатта мамандар жиылды. Олар облыстық денсаулық сақтау басқармасымен және саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе «Онкологиялық аурулардың алдын алу» тақырыбында онкүндік өткізді. Еліміздің саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығынан, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан келген мамандардың мақсаты – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау, сондай-ақ, онкологиялық аурулар мәселесіне қоғамның назарын аударту, қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау жөнінде кеңес беру, тұрғындарға скринингтік тексерудің маңыздылығын түсіндіру.
Аждаһа ауру республика бойынша жылына 30 мыңға тарта адамды тұзағына түсіріп, бір жыл ішінде 17 мыңнан астам жанның өмірін жалмап үлгереді. Деректерге сүйенсек, Маңғыстау облысы ауру көрсеткіші бойынша республикада 2-орында. Соңғы кездері жаңадан 626 сырқат анықталған. Алдымен сүт бездерінің, кейінгі орындарда асқазан мен өкпенің қатерлі ісіктері көш бастап тұр. «Ерте бастан анықтаса алдын алуға болады», дейді мамандар. Сондықтан, онкүндік аясында Ақтау қаласындағы №1 және №2 емханаларда, сондай-ақ облыстық онкологиялық диспансерде «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып, жергілікті онколог дәрігерлер тұрғындарды тегін қабылдап, ақыл-кеңес берді, скринингтік тексерулер өткізілді. Үш күн ішінде 600-ге жуық адам қаралған.– Қатерлі ісік аурулары облысымызда соңғы кездері артып келеді. Онымен көбіне 40 пен 60 жас аралығындағы азаматтар сырқаттанады. Онкүндік аясында өткен «Ашық есік» күндеріндегі тексерісте екі азаматтан оның белгілері анықталды. Қазір олардың бойындағы аурудың қатерлі немесе қатерсіздігін айыру мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде, – дейді облыстық онкологиялық диспансердің ұйымдастыру бөлімінің бастығы Амантұрды Рахметов.Онкүндік облыстағы дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру мақсатындағы семинармен қорытындыланып, нәтижесінде 70-ке тарта маманға арнайы куәлік табыс етілді. Аурудың алдын алу, мамандардың толыққанды жұмыс жүргізуі үшін жайлы орта қажет екені белгілі. Осы орайда Маңғыстау облысында 100 орындық жаңа онкологиялық диспансер ғимараты биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».Маңғыстау облысы.