• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2019

Түркістан: ауыл кәсіпкерлеріне төмен пайызбен 6,8 млрд теңге беріледі

1134 рет
көрсетілді

Түркістан облысында ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен қаржыландыру жұмысы нәтижелі жүргізіліп келеді. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан филиалы тарапынан 6,8 млрд теңге заем беру жоспарланған. Оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында – 3,3 млрд теңге қарастырылған. Нәтижелі жұмыспен қамту қаражатын қайта инвестициялау арқылы 725,3 млн теңге, қордың жеке қаражатынан – 2,7 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.

 «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауылдық жобаларды қаржыландыру мақсатында 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 601 млн теңге сомасына 41 несие берілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан филиалы директорының міндетін атқарушысы Талғат Жанисенов өткен жылы аталған бағдарлама бойынша облыста 3 млрд теңгеге 700-ден астам несие берілгенін атап өтті. 

Қор ауылдық жобаларды түрлі бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, түйе, құс, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Кәсіпкер» жобасы - ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған. 

Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несиелер жылдық 6% сыйақы ставкасы бойынша беріледі. Қазіргі уақытта қордың Түркістан филиалында аталмыш бағдарлама аясында өтінімдерді қабылдау басталған.

Түркістан облысы