Сенбі, 23 наурыз 2013 0:25
Ресейден тарихи Отанына оралған қарындасымыз спорт саласында биік белесті бағындыруды көздейді
Әр кімнің кіндік қаны тамған топырағы ыстық қой, шіркін. Туған жер адамды тартып-ақ тұрады. Біздің кейіпкеріміз Гүлнафис Айтмұхамбетова Ресейдің Астрахань облысында өмірге келген, сол өңірде қанаты қатайған. Рас, Астраханьда қазақтар аз емес. Бірақ, елдің аты – Ресей.
Сенбі, 23 наурыз 2013 0:25
Ресейден тарихи Отанына оралған қарындасымыз спорт саласында биік белесті бағындыруды көздейді
Әр кімнің кіндік қаны тамған топырағы ыстық қой, шіркін. Туған жер адамды тартып-ақ тұрады. Біздің кейіпкеріміз Гүлнафис Айтмұхамбетова Ресейдің Астрахань облысында өмірге келген, сол өңірде қанаты қатайған. Рас, Астраханьда қазақтар аз емес. Бірақ, елдің аты – Ресей.
Гүлнафис осы елде үлкен спортқа бет бұрды. Тіпті, биік белестерге жетелеген бастапқы жетістіктеріне қол жеткізіп, Ресейдің үш дүркін чемпионы атанды. Бірақ, ұлтың қазақ болғанмен, додадан топ жарғандар Ресейдің мәртебесін биіктетеді. Ресейдің абыройын асырады. Сол елдің көтерілген Туына қарап, Әнұранына қосылып тұрады. Ал, бұл бойында қазақы намысы бар, жүрегі қазақ деп соғатын Гүлнафистің ойын сан-саққа жүгіртетін. Оңаша қалған сәттерінде «Спорттағы жеңісімді Қазақстаныма арнасам, қалың қазақтың намысы үшін жарысқа шықсам», деп күн-түн толғанатын болды. Жүрек түкпіріндегі сол толғанысы арманға ұласты.
Әрине, спорттың қай түрінен де биік белеске көтерілу әсте оңай емес. Соның ішінде таэквондошылардың жеңіске жетуі тіптен қиын. Өйткені, ТМД елдерінде бұл спорт бұрын кең етек жаймаған. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Мұстафа Өзтүріктің келуімен дами бастады. Ресейде де таэквондоның өркен жаюы сол жылдардан бастау алады. Он екі жасында таэквондоға мықтап бет бұрған қазақтың қайсар қызының Ресейдегі жетістігі де, абыройы да аспандап бара жатты. Тіпті, қарсыластары Гүлнафис қатысатын елішілік, халықаралық додаларға қаймығып келетін болды. Үлкен елде оны қолдайтын тілеулестермен бірге, реті келсе омақастыра құлатуды көздеген аяқтан шалушылар да табылып жатты. Өйткені, Гүлнафистің соққылары жойқын еді. Тактикасы да бөлек. Әйтпесе, Ресейдің үш дүркін чемпионы бола алар ма еді? Оның чемпиондық биікке бастаған спорттық тактикасына, ең бастысы, қайсарлығына қызығатындар көбейді. Қызғаныш та болмай қалмады. Тілеулестерінің қызығушылығын, бақталастарының қызғанышын оятқан Гүлнафис бір күнде Қазақ елінің намысын қорғауға бекініп шыға келді. Сөйтіп, 2008 жылдың жазында Қазақстанға оралды.– Бала күнімізден ата-анамыз бізді қазақы намысқа тәрбиеледі. Сен қазақсың, ұлттық намысыңды ешкімге таптатпа, деп отыратынын жадымызға түйдік, – дейді Гүлнафис Айтмұхамбетова өткен күндеріне шолу жасап. – Әкем мен қатысатын жарыстың бәрінен қалмайтын. Жаттықтырушының қолдауы бөлек қой, ал әкеңнің намысыңды қайраған, жігеріңді жаныған сөздері тіптен ерекше әсер етеді. Әсіресе, есейген кезде мен қазақпын, енді тек қазақ халқының намысын қорғауым қажет, деген ойға бекіндім. Ұлттық намысым менің елге оралуыма түрткі болды.Гүлнафистің тарихи Отанына оралуы қазақ таэквондошылары арасында үлкен серпіліс тудырды. «Атырауға Ресейден таэквондошы қазақ қызы келіпті» дегенді естіп, біз де елең ете түскенбіз. Одан бері де біраз жыл өте шықты. Осы жылдарда тарихи Отанына оралған қазақ қызының спорттағы жетістігін сырттай бақылап келеміз. Арасында спорттың осы түрінен аға жаттықтырушы Нұрхат Дүйсенбаевтан сыр тартып қоямыз. Сондай кездесудің бірінде Нұрхат бауырымыздың «Гүлнафис Айтмұхамбетова оңай шағылатын осал жаңғақ емес, қазақтың мерейін тасытатын нағыз қайсар қыз. Болашақта қазақ елінің намысын қорғайтын санаулы таэквондошының біреуі атанады» дегені ұмытылмай жүргенде, жас та болса, осы спортты дамытсам деп, ыстық-суығына төзіп жүрген жетекші жаттықтырушы қателеспегеніне көз жетті.Дұрысында, таэквондошы қарындасымыз Гүлнафис Айтмұхамбетова Қазақстанға оралған соң әлемдік додаларда биіктен көріне бастады. Бабы да, бағы да бар екенін дәлелдеді. 2009 жылы Әлем чемпионатына қатысып, қарсыластарын жойқын соққының астына алды. Сөйтіп, жеңістің биік тұғырында Гүлнафис тұрды. Сол сәтте Қазақстанның Әнұраны шырқалып, Қазақ елінің көкбайрағы биікке көтеріліп бара жатты. Гүлнафистің жанарына мөлдіреп жас тұнды. Елдің абыройын асқақтатқан қазақтың қайсар қызының қуанышының жасы. Қуанғаннан жүрегі аттай тулап тұрды. Сондай жүрек толқытқан қуанышты сәтті Лондондағы Олимпиада ойындарына қатысуға берілетін жолдамаға ие болғанда тағы да сезінді. Бұл жолғы қуаныш тіптен бөлек еді.– Әр сайыстың өзіндік орны ерекше, – деп еске алады сол бір қуанышты сәтін Гүлнафис, – бірақ Олимпиаданың жөні тіптен бөлек. Оған қатысу екінің біріне бұйыра бермейді. Елімнің бағы бар екен, Олимпиадаға қатысу жолдамасы маған бұйырды. Елімнің дейтін себебім, Ресейде жүргенде жеңісімді Қазақстанға арнасам деуші едім, енді еліме оралғаннан кейін өзімнің спорттағы жетістігімнің бәрін елімнің жеңісі дейтін болдым. Өйткені, әр қазақтың абыройы –Қазақстанның абыройы, жетістігі –Қазақстанның жетістігі. Елден бөлініп, жеке абыройға бөлену, жеке жетістікке жету мүмкін емес. Сол себептен, тұтас бір елдің намысын қорғау үшін додаға түскен екенмін, жеңісімді де елімнің жеңісі деу орынды болмай ма?!Спорттық сайыстардың бәрінде жеңіске жету қажет десек, үстірт пікір қалыптастырар едік. Спортшылар жақсы біледі, бір сайыста спортшының жұлдызы жанар, енді бірде сәтсіздік алдын орап тұрады. Азия ойындарының қола жүлдегері атанғанда, Гүлнафистің жігері мұқалған жоқ. Керісінше, сол сайыстан соң қайраттана, қайсарлана түсті, шеберлігін ұштай түсті. Лондон Олимпиадасында топ жаруды мақсат тұтты. Сол мақсатқа жету үшін халықаралық додалардан қалмады. Өзін Олимпиадаға дайындаған жоғары санатты жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші Асқар Тоқтабаевтың кеңесіне молынан қанықты. Өйткені, өзін ұдайы жігерлендіретін, қайсарлығына тәнті болатын білгір жаттықтырушы Гүлнафистен жақсы нәтиже күтетін еді. Бірақ, неге екені белгісіз, Гүлнафис Лондон Олимпиадасына жаттықтырушысыз аттанды. Бұл әрине, Гүлнафистің жігерін құм қылмаса да, елдің намысы сынға түскен бәсекеге жаттықтырушысыз шығудың қиындығын сезіндірді.– Қазақтың Олимпиада ойындарында абыройын қорғап, көкбайрағымызды биікте желбіретуді мақсат тұтып едім. Әнұранымыз шырқалса деуші едім. Бұл жолы мақсатыма жете алмадым. Бірақ, ерте ме, кеш пе, Қазақ елінің Олимпиада ойындарындағы мерейін тасыту жолындағы арманыма қол жеткіземін, – дейді жанарында жасын ойнаған қайсар қарындасымыз Гүлнафис. – Менің жалғыз арманым – Қазақстанға Олимпиаданың бір медалін әкелу!Елінің, ұлтының намысын ойлаған, қанында қазақы қайсарлығы басым қарындасымыздың ұлтжандылығына қалай риза болмайсың?!Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,«Егемен Қазақстан».Атырау.
Суретте: тарихи Отанына оралған қазақтың қайсар қызы Гүлнафис Айтмұхамбетова.Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.