Өйткені еліміздің әр түкпірінен жазғы демалысқа барып келген балалар тұрмақ, жауапты ұстаздардың жыларман күйде оралғанын көріп жүрміз. Бөлмелердегі материалдық жағдайдың жұтаңдығы, тамақ сапасының және әр алуандығының мардымсыздығы, демалыс шараларының қызықты болмауы алыстан ат арытып барғандардың көңілін су сепкендей басады. Өткен жылы бастауышты бітіре сала алдыңғы кезекте лагерьге аттанған оқушының «Мұндай лагерьге барғанша, ауылда, үйде болғаным жақсы еді», дегені көп ойларға жетелейді.
Балалардың жазғы демалысын, лагерьлерді ұйымдастыруда жаңашылдық қажет-ақ. Әйтпесе бөлінген қыруар қаржы саны бар сапасы жоқ демалыс орындары мен лагерьлерге жұмсалып, балаларымыз жылтырақ есептер мен «бәрі жақсы» деген оң белгінің құрбаны болып кететін жайт кездеспей тұрмайды. Лагерьлердің санымен бірге демалыстың сапасы да артуы тиіс.
Маңғыстауда жазғы демалыс мәселесі өз көкжиегін кеңейтіп келеді деуге болады. Лагерьлер саны артып, балаларды көңілді демалыспен қамтуға құлшыныс бар.
Әлбетте, демалысты ұйымдастырудың жолдары көп. Бұл іске елімізде жүзеге асырылып жатқан туристік әлеуетті арттырудың әсер-ықпалы тиюде.Балаларды еліміздің және шетелдердің демалыс лагерьлерінде, туристік орындарында демалту, ел мен жер таныту мақсатында қыдырту мемлекет тарапынан, сондай-ақ ірі компаниялар, ұжымдар қолдауымен ұйымдастырылса, екіншіден, отбасылық демалыс түрінде ата-ана өз есебінен жүзеге асырып келеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев маңғыстаулық балалар жазғы демалыспен толық қамтылатынын айтады.
Қазіргі таңда облыс мектептерінде 1-10 сынып аралығында 133 317 бала білім алуда. Үрдіс бойынша жазғы сауықтыру жұмыстары «лагерьлерде демалыс» және «балалардың бос уақытын тиімді пайдалану» сынды екі бағытта жүзеге асырылады. Толық қамтылады деп сенімді сөйлеуге қала сыртындағы 4 лагерь, 89 мектеп жанындағы және қосымша ұйымдарда өтетін лагерьлер, жалпы өңірдегі 319 сауықтыру орталығы негіз бола алады. Балалар мектеп жанындағы лагерьлерде танымдық, шығармашылық, спорттық шараларға қатысып, таңертеңнен кешке дейін демалады. Сонымен қатар қосымша 102 кәсіптік, 124 туризм, спорт, палаталық бағыттағы лагерьлері өз жұмысын бастайды деп жоспарланған. Балаларды жазғы демалыспен толық қамту үшін аудандық, қалалық бюджеттен 429 млн теңге қаражат бөлінді. Мектеп жанындағы, қала сыртындағы лагерьлерден бөлек, балалар үшін күніне 2-3 сағаттық сауықтыру шаралары да ойластырылған. Туристік, спорттық, танымдық шаралары аясында балалар екі-үш күндік саяхаттарға шығатын болады.
– Аймақта аз қамтылған отбасынан шыққан 11700 бала бар. Барлығы тегін демалыспен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 40 бала «Аджип Каспиан» мекемесінің демеушілігімен тамыз айында Италия еліне жолдама алады. Сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін де Алматы, Астана қалаларында демалыс жоспарланған, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев.
Маңғыстау облысы