• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Мамыр, 2019

Халықтың төлем қабілетінің деңгейі көтерілмей, несиеге тәуелділік төмендемейді

1154 рет
көрсетілді

Сарапшылар «Қазақстандағы экономикалық жағынан белсенді топтың 96 пайызы банк несиесіне тәуелді» деген деректі жиі айтып жүр. Бұған Бірінші кредиттік бюроның банктер алдында не­сиесі бар қазақстандық заңды тұлғалар туралы жаңартылған мәліметі себеп болып отыр.
2019 жылдың бірінші тоқса­нындағы мәлімет бойынша не­сиенің жалпы көлемі 6,12 трлн теңгеге, несие қажет болып банкке жүгін­ген қазақстандықтар­дың саны 12,02 мың адамға көбей­ген. Халық­аралық валюта қоры­ның таратқан мәлім­де­ме­сінде: «Қазақ­­стан банктері қай­тарылуы неғайбыл несиелер саны­ның өсуін тоқтату үшін нәтижелі іс-қимыл жасауы керек. Өйт­кені осынау бұрынғы кеңес республика­сында ұлттық экономиканың шапшаң өсуі­нің қауқары активтер сапасын арттыруға жетпейтін тәрізді» деп көрсетілгенін хабарлады «Блумберг» агенттігі. 

Штаб-пәтері Вашингтонда орн­а­лас­қан Халықаралық валюта қоры­ның сайтында Қазақ­стан­ға қатысты жариялан­ған рес­ми мәлімдемеде былай делін­ген: «Жұмыс істемей тұрған несиелер көлемін азайту үшін Қазақ­­стан банктерінің елдің рес­ми билік орындарымен бірге кеңі­рек ауқымдағы шараларды баты­­лырақ іс жүзіне асырғаны маңыз­ды болмақ».

Демек халықтың қайтарыл­маған несиесі мен мемлекеттің имиджін бір-бірінен бөліп қа­рауға болмайды. Қазақстанның Ұлттық банкінің алғашқы тө­рағасы Ғалым Байназаров: «Егер банктер қарызын қайтара алмайтындай жағдайда қалса, оның орнын мемлекет жабады» дейдi. Яғни, мемлекет банктер үшiн тәуекелге бел байлайды.

Банк академиясының ректоры Бейсен­бек Зиябек: «Егер қазақ­стан­дық банк өзiнiң сырттан алған несие­сiн қайтара алмайтын болса, сол несиенi бе­рiп отырған шетелдiк банктер Лон­дон немесе Париж кредитор­лар клубына жүгiнедi. Ал олар өз кезе­гiнде мемлекетке қысым жа­сайды» дейдi. Ол сонымен қатар бiздiң банктер мемлекеттiң имиджiн алға тартып қарыз ала­тынын, оны кейiн Грузия се­кiлдi мемлекеттерге салып кел­­генін тілге тиек етіп өтті. «Банк­­тердiң басына күн туатын бол­­са, оның жауапкершiлiгi мем­лекеттiң, яғни қарапайым салық төлеушiлердiң мойнында қалады», дейді Бейсенбек Зиябек. 

Басында несиесі жоқ отбасы­ның сирек кездесетіні де рас. Несие тұрмыстың ажырамас бөлігі болып барады. Бізде банкпен байланысы жоқ адамның аз екенін экономистердің өзі ашық айта бастады. Қарыз тө­леп күн өткізіп жүрген қазақ­стан­дықтардың саны қанша екенін нақ­ты айту мүмкін емес. Тіпті бұл сауалдың жауабын бірінші несие бюросының сайтынан да таба алмадық. 

Банктер проблемалы қарыз­дардың көрсеткішін кө­теріп алғанын тағы да байқамай қал­ды. Экономист Жангелді Шым­шықовтың ойынша, мұндай жағдайда отандық банктерге клиент үшін бәсекелесуге ту­ра келеді. 

– 2008 жылғы дағ­да­рыс­тан кейін есін жинай бас­та­ған­ ком­мерциялық банктер же­­ңіл­ жолды таңдады. Олар қай­­­тарымы тез бо­латын несие көз­дерін тұтыну сек­торынан тапты. Бүкіл әлемде материалдық құндылық бірінші планға шығып отыр. Банктер адамдардың осы әлсіздігін дөп басып, бағыттарын осылай қарай бұра қойды. Жастар бірінен-бірі қалғысы келмей, қымбат тех­никалық түрлерін алуға жанталасып, клиент үшін талас тудырды. Банктер де бірінен-бірі асып түскісі келіп, небір қым­бат тұтыну заттарын несиеге бере бастады. Осылай елімізде тұтынушылар мен импортқа деген сұраныс өсуде. Бұл өз ке­зегінде ертеңгі проблемалық ак­тив­терді көбейтпесе, азайтпайды, – дейді Ж.Шымшықов. 

Сарапшылар 6,12 трлн тең­геге үлестірілген тұтыну несие­ле­рі экономикалық дағдарыс жағ­­­дайында банк секторының то­қырауына себеп болуы мүм­кін еке­нін де айтып жатыр. Халық­ара­лық нарықтарда мұнай бағасы төмендесе, ол тұтынушылардың тө­лем қабілетіне әсер етпей қой­май­тыны белгілі. Тұрғындар тұ­тыну несиелерін жабуды ке­шік­тірсе, экономикалық ах­уал нашар­лай бастады деп дабыл қаға беруге болады. Ал ондай ке­шік­тіру­лер қа­зір­дің өзінде бой көрсете бастапты. 

Қазір бір адамның мойнында үш-төрт несиеден бар. Бұ­дан әрі қарай бөлшек несие көлемінің артуы мүмкін емес, себебі әр нәр­­­сенің шегі болады. Банктердің төлем қабілеті төмен азаматтарды да тартып, оларға тәуекелі жоғары не­сие­лерді ұсынуы несиелік тәуе­­келді көбейте түседі, – дейді Ж.Шымшықов. 

Сарапшылар, халықтың несиеге деген тәуелділігінің тым те­реңдеп кеткенін және ендігі жерде одан бас тартудың мүмкін еместігін айтып жатыр. Халықтың төлем қабілетінің деңгейі көтерілмей, несиеге тәуелділік деңгейі төмен­демейді. Мемлекетке ендігі жерде пайыздық мөлшерлемені бекіткен кезде халықтың тұрмысы мен төлем қабілетін ескеруден өзге жол жоқ. Қолданыстағы несиелік саясат қаржылық стрестен өздігі­мен шығуға қабілетсіз. Бұл – дәлелеуді қажет етпейтін ақиқат. – Болашақта банк жүйесі бірыңғай бағдарламалық дамуға көшіп, жемқорлықты ауыздықтайтын бақылау тетіктерін күшейту керек. Күрделі проблемаларды бол­дырмаудың жолы – осы, – дейді Ж.Шымшықов. 

Сарапшы сөз арасында 1998-2008 жылдардағы қаржылық дағ­дарысқа несиелік дүмпудің себеп болғанын еске салды. Ресми билік дағдарыс Қазақстанды жанамалап өтті деп жылы жа­бу­ға тырысса да халық сол дағ­да­рысты сезді. 

– 2008 жылдағы дағдарыстың себеп-салдары тиісті деңгейде зерттелмеді. Біз сол қателікті тағы да қайталап жатырмыз. Банк­тер­дің несиесінің деңгейі 60 па­йыздан асып кетті. 1998 жыл­дағы дағдарыстан сабақ алған батыс сарапшылары оның үлесі 10 пайызға жақындап қалса, дабыл көтереді. Ал біз үнсізбіз. Ұлт­­­­тық банк пен Үкіметтің ұс­та­нымы – тұтыну несиесіндегі па­йыз арқылы банктердің босап қал­ған қоржынын толтыру. Бірақ бұл мүмкін емес. Үкімет банк­тер банкротқа ұшыраса көмекке келмейтінін ашып айтты. Енді банк­тердің күйреуі мемлекетке қиын тиеді, – дейді Ж.Шымшықов. 

Экономистің пайымдауынша, несие пайызының деңгейін пайыздық мөлшерлемені төмен­дету арқылы халықтың төлем қабі­летімен деңгейлестіре ала­мыз. Мәселен, АҚШ-та пайыз­дық мөлшерлеме 0,25 пайыз. Өзбекстандағы пайыздық мөл­шер­лемеде біздегіден төмен. Бұл фактор өзбек бизнесінің күре тамырына қан жүгіртіп жатыр. Ал біздің елдегі қазіргі 9 пайыздық мөлшерлеме жағдайымызды жақсарта алмайды. Бізге оны 4-6 пайызға дейін төмендету керек. Осы тәсіл арқылы ғана халық­тың несиені қайтару мүм­кіндігін жақсарта аламыз. Ұлт­тық алтын валюта қорындағы қар­жы пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Ол үшін Ұлттық банк пен Үкімет қаржы саясатын қайта құру керек. 

АЛМАТЫ