• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Мамыр, 2019

Түркістанда маусым айында - 660, тамызда 336 пәтер пайдалануға беріледі

878 рет
көрсетілді

Бүгінде Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан салынуда. Оның 11 нысанында жұмыс қарқынды. Жылдың соңына дейін 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде, 660 пәтер маусым айында тапсырылады. Ал 336 пәтер «7-20-25» бағдарламасы аясында тамыз айында пайдалануға берілcе, желтоқсан айында 1355 пәтердің құрылысы аяқталады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде  облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Е.Ахметов өз баяндамасында осындай мәліметтерді келтірді. Қазіргі таңда көптеген нысандарда құрылыс жұмыстары екі ауысыммен жүргізілуде. Ал Түркістан қаласын дамыту бойынша баяндаған қала әкімі Әліпбек Өсербаев облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тиісті шаралар қолға алынып, жүйелі түрде жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді.

 - Жалпы, мемлекет мұқтажы үшін алынатын нысан саны 1035-тен бүгінгі таңда 1148-ге ұлғайды. Оның ішінде 716 тұрғын үй, 206 кәсіпкерлік және 226 ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер. Одан бағалау жұмыстары жүргізілгені 611-ден  702-ге артты. Соның ішінде өткен аптада 303 нысан босатылса, қазіргі таңда 348-ге жетті. Жалпы қала бойынша 39 көшеге және скверлермен аллеяларға 74 мың шаршы метр көпжылдық және бір жылдық гүлдер, 118,5 мың шаршы метр газон, 59 мың дана декоротивті қылқан жапырақты ағаш, 19,1 мың дана бұталы ағаш және көптеген вертикалды көгалдандыру элементтері жоспарланған. Жаңадан 12,3 шақырым канал - арықша салынды, 11,2 шақырым канал - арықшалар қалпына келтірілді. Сонымен қатар, осы канал - арықшалар бойынан 12,3 шақырым веложол және 7,5 шақырым аяқжол салынатын болады», – деді қала әкімі Ә. Өсербаев.

Баяндамадан соң облыс әкімі күзге дейін құрылыс жұмыстарын қарқындатып, қаладағы сүрілетін нысандардың иелерімен түсіндірме шараларын жылдамдатуды, веложол және аяқжол салу жұмыстарын тезірек бастауды тапсырды. Тұрғын үй кезегін бөлуді дұрыс қадағалауды жүктеді.

Түркістан облысы