• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Мамыр, 2019

«Ралли Қазақстан-2019»: екінші күні де Әл-Аттия алдыңғы орында келеді

847 рет
көрсетілді

FIA Халықаралық Автомобиль Федерациясының «Ралли Қазақстан 2019» ралли-рейдтер бойынша Әлем Кубогы кезеңінің екінші жарыс күні катарлық автошабандоз Нассер Салех Әл-Аттияның жеңісімен аяқталды. Мәре сызығын екінші болып голландиялық Бернхард Тен Бринке кесті, үздік үштікті Якуб Пшигонски түйіндесе, төртінші орынға француз Стефан Петерансельдің экипажы жайғасты. Екінші учаскенің қашықтығы 414 километрді құрады, бұл кезең «Ралли Қазақстан 2019» жарысының ең қашық раунды болып табылады.

«Ралли Қазақстан 2019» жарысы екінші күнінің маршруты Сенек елді мекенінен шығысқа қарай шөл арқылы айналма учаскені қамтыды. Арнайы учаске құмды алқап арқылы өтті, ралли қатысушылары осы кезеңнің барлық қиындықтарына төтеп бере алды.

Экипаждар таңертең Кендірлі аймағындағы бастапқы позицияға аттанды, онда екінші жарыс күнінің мәресі де орналасты. Жарыстың фавориті Нассер Салех Әл-Аттия (Nasser Al Attiyah Team) бірден көш бастап, мәреге дейін алдыңғы орынды сақтап қалды. Ал, екінші орын үшін Нидерландыдан келген Бернхард Тен Бринке (Overdrive Racing) және Польшадан келген Якуб Пшигонски (Orlen X-raid Team) арасында қызу күрес орын алды.

Кешегі кезеңде «Дакар» раллиінің қазіргі жеңімпазы Нассер Әл-Аттия бастапқы күннің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсетті. Бірақ қорытынды есепте бірінші орын Сауд Арабиясынан келген Язид Әл-Раджиге (Overdrive Racing) бұйырды, себебі Нассер бейтараптандыру аймағының бірінде жылдамдықты арттырғаны үшін екі минуттық пенализация алды, осылайша ол екінші орынға көтерілді. Ал, бірінші күннің үздігі Әл-Раджи бүгін тек бесінші нәтижені ғана көрсетті.

Нәтижесінде жарыстың екінші күнінде ең қашық арнайы учаскені өзінің Toyota Hilux автокөлігімен ең жылдам болып катарлық Нассер Салех Әл-Аттия (Nasser Al Attiya Team) штурманы фрацуз Матьё Бомельдің көмегімен бағындырды. Экипаж қашықтықты 3 сағат 42 минут және 14 секундта өтті.

- Екінші арнайы учаскеден тез болса да, барынша ұқыпты жүріп өттік. Алда бізді тағы төрт күн жарыс күтіп тұр. Біз жеңіс үшін соңына дейін күресуді көздеп отырмыз. Құмда әлі келеңсіз жағдайға ұшырай қоймадық, автомобильдің моторы барлық қиындыққа төтеп беруде. Біздің бүгінгі нәтижеге көңіліміз толады, деді Nasser Al Attiyah Team командасының штурманы Матье Бомель.

Голландиялық шабандоз Бернхард Тен Бринке тәжірибелі штурман бельгиялық Том Колсулмен дистанцияны сәтті өтті. Оның экипажы Нассерден небәрі 2 минутқа артта қалды, енді екінші кезеңнен кейін ол жалпы есепте төртінші орынға көтерілді.

- Бүгін біз өте күрделі маршруттан өттік, бізге құмды және тасты учаскелерді еңсеруге тура келді. Біздің экипажымыз үшін екінші күні бәрі ойдағыдай болды. Дегенмен, бізге жарыс кезінде жарылған дөңгелекті ауыстыруға тура келді, бірақ жоғалған уақытқа қарамастан, біз екінші болып мәреге жетті. Нағыз шайқас енді басталады, деді Бернард Тен Бринке.

Үшінші мәре сызығын ралли-рейд бойынша Әлем Кубогының қазіргі чемпионы Якуб Пшигонски кесті. Екінші орын үшін күресте ол  Тен Бринкеге тек 21 секундқа жол берді. Осыған қарамастан, поляк пилоты жалпы есепте екінші орынға көтеріліп, Нассер Әл-Аттиядан 4 минут және 32 секундқа артта тұр.

- Қазақстандық кезеңнің атмосферасы әсерлі. Жарыс деңгейі тас жолда да, одан тыс жерде де өте анағұрлым өскен. Бүгінгі күн - осының жарқын мысалы. Тамаша ауа райы болды, ыстық емес. Біз Бернхард тен Бринкамен қызу бәсекелестік. Маңғыстау пейзаждарын тамашалап, бүгінгі сайыстан ләззат алдық. Біз қазір Насерден алыс емеспіз, деді жарыстан кейін Якуб Пшигонски.

Француз автошабандозы Стефан Петерансель (X-raid MINI JCW Team) өзінің жұбайы әрі штурманы Андреа Петерансельмен өзінің Mini John Cooper Works Rally көлігінде ретінде төртінші болып мәреге жетті және Нассерден 4 минут және 16 секундқа артта қалды. Екінші кезеңнен кейін ол қорытынды кестеде бесінші орында келеді.

- Бүгін біздің кешегіге қарағанда жағдайымыз оңтайланды. Қиын және жылдам учаскелерді басып өттік. Менің штурманым навигацияны ойдағыдай орындады. Біз алға жылжудамыз, бұл, әрине, қуантады, деді Стефан Петерансель.

Қазақстандық дуэт Андрей Чередников пен Игнат Фальков сегізінші нәтижені көрсетті. Біздің команда қашықтықты 4 сағат 36 минут және 12 секундта бағындырып, жалпы есепте 9-шы орынды сақтап қалды.

T2 жол талғамайтын көліктер санатында «Aktau Motorsport» командасының капитаны, «Жібек жолы 2017» ралли-марафонының жеңімпазы Кирилл Черненков жарыстың екінші күнінде 5 сағат 29 минут және 7 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Осы санаттағы бірінші күннің жеңімпазы катарлық автошабандоз Моххамед Аль-Миир (Mohhamed Nasser Almeer) қазақстандық командадан мәре сызығын 16 минутқа кешігіп кесті.

Т3 санатында Бразилиядан келген автожарысшы Рейналдо Варелаға (MONSTER Energy Сan-Am) тең келер ешкім болмады, ол 4 сағат 59 минут және 33 секунд нәтижесімен мәреге жетті.

Ал, жүк көліктері сериясында ресейлік «Камаз-мастер» командасының шабандозы Дмитрий Сотников тағы да жеңіс тұғырынан көрінді, оның экипажы екінші күннің қашықтығын 4 сағат 17 минут және 52 секундта еңсерді.

29 мамырда раллишілерді үшінші жарыс күні күтеді, олар 327 шақырым арнайы учаскені жүріп өтеді. Бағыт  Кендірлінің шығысына қарай бет алады. Құм жоталары мен тасты жолдар арқылы жарыс қатысушылары дөңесті аймақ Үстірттің бойындағы жылдам трассаны басып өтеді.

Маңғыстау облысы